Пианиношылар құрамына халықаралық байқаулардың жеңімпаздары Александра Егорова және Ая Болатовадан құралған «Lotus Bleu» фортепианолық дуэті «Астана Опера» театрының Камералық залы сахнасында «Еселенген шабыт» концертімен өнер көрсетеді.
«Lotus Bleu» дуэтінің орындауында ХІХ-ХХ ғасырлардағы шетелдік композиторлардың, сонымен қатар, америкалық жас композитор, пианист, бейнеопродюсер мен жазушы Грег Андерсонның шығармалары ұсынылатын болады. Орындаушылардың айтуынша концерт аясында бұрын орындалмаған шығармалар премьераларына ерекше көңіл аударылады, бұл жас ұжымның «таңғалдыру және жаңалық ашу» тұжырымдамасы мен ұстанымдарына сәйкес келеді. Тамаша неміс композиторы, органшы Макс Регердің төрт қолды, 94 ор. фортепианоға арналған алты пьесасы Қазақстанда алғаш рет орындалатын болады. Оған қоса қазақстандықтар үшін Грег Андерсонның өңдеуіндегі екі рояльға арналған «Кармен-фантазиясы» және тағы басқалары тың жаңалық болмақ.
Аспапшылар таяуда ғана Италиядан жеңіспен оралды. «Lotus Bleu» дуэті халықаралық пианиношылар байқауында (Искья) жүлделі екінші орынды иеленді.
«Lotus Bleu» дуэті жайлы халықаралық дәрежеде енді ғана айтылғанымен, оның солистері әлдеқашан танылған. Осындай шағын шығармашылық ұжым құру идеясының авторы Александра Егорова – түрлі дәрежедегі халықаралық байқаулардың жеңімпазы ретінде көптеген марапаттардың иегері.
– Әр пианиношы өзінің ішкі дүниесінде – солист, ал солистердің бір-бірімен үйлесуі өте қиын. Еуропада пианистер тек жеке карьерамен айналысатын және дуэттерде ғана ойнайтын пианиношылар болып нақты бөлінеді. Дуэт пайда болған сайын, музыканттар да ортақ ойларымен бөлісіп, бір-бірін түсіне бастайды және бірлесіп жақсы ойнайды. Сол себепті, шетелде фортепианолық дуэттер сәтті құрылса, онда жеке орындаушылыққа бөлінбестен сол құраммен бірлескен мәнсәбын құрады. Фортепианолық дуэт құру идеясы мен үшін айтарлықтай жаңалық. Үлкен әлеммен бірге дамып келе жатқан және консервативті пікірді ғана ұстанбайтын музыкант ретінде маған дәл өзімдей пианист-солистпен бір дуэтте ойнай алатындығымды тексеріп көру қызықты болды. Ая екеуіміз бұрыннан таныспыз, магистратурада бірге оқыдық, фортепиано дуэтін құру туралы ойымды айтқанымда ол мені бірден қолдай кетті, – дейді Александра Егорова.
– Алғашында біз екі рояльда ойнадық, мұнда ойнауға машықтану сәті өте маңызды. Әркім өз роялына отырып, аспапты толық меңгерудің артықшылығы мол. Кейінірек біз ары қарай дамуды ойлап, төрт қолмен ойнап көруге бекіндік. Жағдай өзгерді, өте көп түрлі ерекшеліктер пайда болды. Қалай ойнау керектігін, аяқпен қалай ойнауды бір адам басқарып отырғанда, барлығы жеңіл сияқты, ал, екі адамның ойнауы арқылы бір әуен шығару керек болғанда барлығы әлдеқайда қиындау. Техникалық қырынан ғана емес, біздегі саусақтардың жұмысы, бағытымыз және шығармашылық ойымыз да ортақ, тіпті екеуіміздің жүрегіміз де бір, – деді Ая Болатова.