18 наурыз М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрында сағат 16:00-де "Театр көктемі - 2017" фестивалінің қорытындысы, 17:00-де Хадиша Бөкееваны еске алу кеші өтетінін хабарлаймыз.
Наурыз айының 13 жұлдызында басталған дәстүрлі "Театр көктемі - 2017" фестивалі биыл Қазақстан және КСРО халық артисі, КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор Хадиша Бөкееваның 100 жылдығына арналған болатын.
Естеріңізге сала кетейік, байқауға 5 спектакль қатысты. Олардың екеуінің, атап айтқанда М.Омарованың «Ақтастағы Ахико» (реж. А.Маемиров) драмасы мен Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» (реж. Қ.Адылов) трагедиясының тұсауы 90-маусымда кесілсе, Рэй Кунидің «Мани-Мани» (реж. Е.Нұртазин) комедиясы мен Қ.Мұраттың «Бақыт кілті» (реж. Е.Обаев) драмасының премьерасы 91-маусымда болды. М.Омарованың (реж. А.Кәкішова) түрлі тарихи жағдайда Қазақстанға жер аударылған ұлттардың тағдырын арқау еткен «Көмбе нанның дәмі» драмасының премьерасы "Театр көктемі - 2017" фестивалінің аясында 17 наурыз күні, яғни, бүгін өтеді.