Дж. Россинидің күрделі шығармаларының бірі – «Салтанатты мессаның» тұсаукесері 19 наурыз күні «Астана Опера» театрының Үлкен залында өтеді. Концерт Қазақстандағы Италия мәдениетінің жылы аясында өткізіледі. Дирижері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов.
Мануэль Пьераттелли (Италия) тенор партиясын орындау үшін шақырылған. Ол алдыңғы қатарлы итальяндық театрлардың үздікқойылымдарында бірнеше рет өнер көрсеткен. Әнші Даниэле Каллегарим, Фабио Луизи, Риккардо Фрицца сияқты дирижерлармен, сонымен қатар Франко Дзеффирелли, Филиппо Кривелли, Роландо Панерай және Пьерлуиджи Пицци сияқты режиссерлармен әріптестікте жұмыс жасаған.
Россини мессаның өзіндік нұсқасын нағыз камералық құрамға арнап жазған: 12 әнші (композитордың ескертуі бойынша апостолдар санына сәйкес) – сегіз хор орындаушысы мен төрт вокалист. Солистер: сопрано – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Салтанат Ахметова, меццо-сопрано – Татьяна Вицинская, тенор – Мануэль Пьераттелли (Италия), баc – Бауыржан Әндержанов. «Астана Опера» хоры және симфониялық оркестрі.
Айта кетсек, Салтанат Ахметова жақында осы шығарманы Мәскеу мемлекеттік академиялық филармониясында жоғары деңгейде орындап шықты. Татьяна Вицинская «Шағын салтанатты мессаны» 2012 жылы итальялық Киоджа қаласында өткен «Musica in Laguna d'Arte» беделді опера фестивалінде шырқады, ал 2015 жылы осынау шығарманы дайындау барысында Италияда шеберлік сабағынан өтті. Бауыржан Әндержанов Россинидің жауһар туындысын орындауда тәжірибесі мол, себебі месса әнші репертуарында тұрақты орынға ие. Әнші 2014 жылы Сент-Этьен қаласының опера театрында мессаны орындап, француз тыңдармандары алдында үлкен табысқа бөленген. Бұл концертте дирижерлік еткен – Россини музыкасының білгірі, танымал дирижер Альберто Дзедда.
- «Шағын салтанатты месса» – ұлы композитордың ұлы шығармасы. Қиын фугалары бар күрделі туынды хор ұжымына өздерін жаңа қырынан көрсетуге мүмкіндік береді. «Шағын салтанатты мессаны» әртістердің шеберлігін тексеретін сынақ деуге болады, оның орындалуы хор мен симфониялық ұжымдардың өсіп-өркендеуіне әсер етеді. Мессада композитор музыканттарға керекті барлық дағдылар мен нұсқауларды көрсеткен. Біз қатты қобалжудамыз, өйткені бұл шығарма Астанада алғаш рет орындалатын болады»,- деп атап өтті «Астана Опера» театрының бас хормейстері Ержан Дәуітов.
III Наполеон айтқан әзіл: «Шағын салтанатты месса» шағын да емес, салтанатты да емес, мессаға да ұқсастығы аз (яғни, діни қызметке жарамайды). Шын мәнінде, «Шағын салтанатты месса» - кемеңгер композитордың оқиғаға толы өмірі мен шығармашылығының қорытындысы.
«Шағын салтанатты мессаның» атауы оның көлеміне емес, бастапқы шағын сүйемелдеуші құрамға байланысты: фортепиано мен орган, дәлірек айтсақ гармониум (дыбысы жағынан фисгормонияға жақын аспап). Мұндай сүйемелдеу автор тарапынан өте дұрыс таңдалған, өйткені оркестр Россини стиліне тән опера табиғатын айрықша көрсетер еді.