- Негізгі бет
- Театр
- Ең әсерлі қойылым...
Ең әсерлі қойылым
«Астана Опера» театры екінші «Жібек жолы» халықаралық фестивалі аясында атақты қонақтарды қарсы алуын жалғастырады. Бұл жолы биік өнер сүйер қауымды Джулио Боскеттимен (Италия) және Нәжмиддин Мавляновпен (Өзбекстан) Дж.Пуччинидің «Тоска» операсында кездесу күтіп тұр. 7 қараша күні болатын қойылымда басты рөлді ҚР еңбек сіңірген қайраткері Маргарита Дворецкая орындайды.
Қоюшы режиссері – Лука Ронкони. Дирижерлік тізгінде – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов.
Пуччини сюжеттің түйініне айналған, әнші Флория Тоска мен суретші Марио Каварадосси (Нәжмиддин Мавлянов) арасындағы қайғылы аяқталатын махаббат туралы аса мазмұнды шығарма жазды. Операдағы көрініс зұлмат дәуірде, 1800 жылдар тұсында: Наполеон әскері Италияны басып алып, мемлекет құрған кезеңде өрбиді… Қос ғашық озбырлық, азап, абақты мен өлім құрбанына айналады… Саяси күрестен алыс болған жандар, еріксіз оның тырнағына ілігеді…
Нәжмиддин Мавляновтің өнеріне табынатындар қаншама, әншінің атағы әлемге тараған. Каварадоссидің партиясын ол алғаш рет 2013 жылы Антверпен, Гент және Мәскеу қалаларында бірден шырқады.
– Кейіпкерімді өте жақсы түсінемін, біз, тіпті, бір-бірімізге ұқсаспыз, мен кезінде альфрейндік жұмыспен – қабырғаға гүл мен оюдан сурет салумен айналысқанмын. Менің бірінші алған білімім – ганч (гипс) кесуші. Суретші мамандығы жаныма жат емес.
Оның сахнадағы әріптесі Джулио Боскетти Еуропаның беделді театрлары мен концерттік залдарында өнер көрсетеді. Баритон «Астана Опера» төрінде алғаш рет шырқайды, осы орайда әнші сапары қызықты тәжірибе сыйлайтынынан үмітті.
– Астаналық тыңдарманға естен кетпес сәттер сыйлау үшін, «Тоскамен» жұмыс барысында әншілермен бір толқында болуға тырысамын. Зал көрерменге лық толатынына сенемін, неге десеңіз «Тоска» – эмоцияға толы, керемет әсер беретін қойылым.
Әнші Риголеттодан кейінгі ең сүйікті рөлі Скарпия екенін айтты.
– Бұл – өте күрделі кейіпкер, алайда, жалпы операдағы ең қызықты бейне екені шүбәсіз. Кезінде Пуччинидің өзі операны қалай атайтынына сенімсіз болған, себебі аталған бейненің – зұлым кемеңгердің маңызы зор еді. Әнші мұндай рөлдерді орындаған кезде, әрине, кейіпкердің мінезін сомдап жеткізу өте маңызды. Жазушы Генри Миллер айтқандай: «Өнер, өмірдің мәнін түсінуден басқа ешнәрсеге үйретпейді», мен де осы сөздерге шексіз сенемін.
Спектакль 18:00-де басталады.
@. @assel_assanova