"Ең әдемі келіншек" - бағы жанған қойылым

"Ең  әдемі келіншек" - бағы жанған қойылым

Сұлтанәлі Балғабаев пьесаларында қазіргі заманғы отбасылық-тұрмыстық, өзекті мәселелер драмалық, трагедиялық, комедиялық сипаттар тұтастығымен бейнеленеді. «Ең әдемі келіншек» лирика-психологиялық әуенді пьесасындағы кейіпкерлер тағдыры қайшылықты тіршілік келбетін, әралуан адамдар тағдырын романтикалық және реалистік болмысымен көз алдымызға әкеледі. Пьесаның басты кейіпкері – Гүлбаршын. Осыдан он жыл бұрын, Алматыдағы жоғары оқу орнын бітіргендер сол айтулы күнді атап өту үшін жиналып, тойлап жатқан қауышулар сәттеріндегі сезім өрнектері, тағдырлар тоғысуы сахналық қойылым жағдайына орайластырыла берілген. Басты кейіпкер Гүлбаршын мен жанама кейіпкерлердің (Абдолла, Алтай, Жиенбай, Мадина, Зухра) монологтары мен диалогтары арқылы әйелдер мен еркектер арасындағы шынайы махаббат пен тағдыр ықпалындағы қарапайым жұбайылық ғұмырға көнетін тұрмыстық психология қайшылығы көрсетілген. Студенттік жылдарының алғашқы курсында он алты жастағы Гүлбаршын бірге оқитын Алтайға ғашық болады. Алтайға деген алғашқы махаббат сезімін ұмытпаған Гүлбаршынды аласапыран көңіл-күйдегі хал-ахуалымен көреміз. Өзі сүйген адамы Алтайға қосыла алмағандықтан, күйініп жүрсе де, өлердегі сөзін айтып, соңынан қалмай қойған Жиенбайға тұрмысқа шыққан. Бірақ жылдар өте оның қызғаншақтығынан араларында кикілжің пайда болып, араққа салынған жары  ақыры сотталып кетеді.

Пьеса сюжетінің шешімінде адамдардың алып-ұшқан асау сезім құрсауына қанша түссе де, бәрібір тұрмыс заңдылығына бағынатындығы дәлелденеді. Пьесадағы Гүлбаршынның жақын құрбылары Мәдина мен Зухраның оңашада айтылатын сырлары оқырманға терең ой салады. Құрбылармен бірге күлесің, бірге мұңаясың.

«Ең әдемі келіншектің» өмірге келу тарихы қандай? Сахналық қойылымның ғұмырлы болуы неге байланысты? Бұл туралы шығарма авторы Сұлтанәлі Балғабаев былай дейді: "Ең әдемі келіншекті» осыдан он сегіз жыл бұрын жаздым. Бұл пьесаны жазуға түрткі болған – Лидия Каденнің тағдыры, шығармашылық жолы. Мен Ғ.Мүсірепов атындағы академиялық жастар мен балалар театрында 1985 жылдан бастап істедім, сонда театр әртістерінің бәрін әбден зерттедім. Сонда әртістердің ішінде кәсіби актриса ретінде, талантты әртіс ретінде ең бағы ашылмаған – Лидия Каден деп ойладым. Неге? Өйткені Лидия табиғатынан лирикалық пландағы актриса. Өте сезімтал адам. Оның жан-дүниесі, әншілік өнері, сыр-сымбаты... Бәрі-бәрі лирикаға, драмаға лайық. Бір әттеген-айы, «Тамаша» арқылы Лидия халық санасында, көркемөнердің қабылдауында тек комедиялық пландағы актриса болып қалыптасты. Содан мен «Лидияның басқа ампуладағы артист екенін қалай көрсетсем екен?...» деп көп ойландым. Ақыры Лидияға арнап пьеса жазуды ұйғардым. Нәтижесінде «Ең әдемі келіншек» өмірге келді. Шығарма марқұм Райымбек Сейітметовтың көңілінен шыққан болса керек, 1985 жылы осы театрда қойды".

Бүгінде театр сахнасында Гүлбаршын ролін - Әсел Мәмбетова, Абдолланы  - Сағат Жылгелдиев, Жиенбайды – Жақсыбек Құрманбеков, Алтайды – Сүндет Бекталов, Мәдинаны – Тынышкүл Сұлтанбердиева, Зухраны – Клара Бекжанова ойнап жүр. 

           

«Ең әдемі келіншек» - бағы жанған шығарма. Оның театр сахнасынан түспей, әдемі қалпында жыл сайын өз көрерменімен қауышуы – шығармашылық ұжымның көрнекті еңбегінің нәтижесі.

Әсел Мәмбетова өз сұхбатында: «Ең әдемі келіншек» - осы театрдың бағын ашқан қойылым деуге болады. Өйткені бір спектакльдің он жеті жыл бойы үзіліссіз жүруі – театр тарихында көп бола бермейтін құбылыс. Көрермендер легі ешқашан үзілген емес. Бұл қойылым өте өзекті мәселелерді көтереді, сондықтан да ол ғұмырлы. Әйел тағдырын сөз етіп, әйел затының жоқтығын жоқтап, мұңын мұңдайтын, көкейтесті мәселелерін ортаға салып, ойландыратын, толғандыратын қойылым. Мен алпысқа дейін Гүлбаршынан ажырағым келмейді..», - дейді.

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Суреттер: teatr-musrepov.kz