- Негізгі бет
- Театр
- Еліміздегі 60 театрды...
Еліміздегі 60 театрды жылына 5 миллион 400 мың адам көреді
М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында Қазақстан Театр қайраткерлері одағының IX съезі өтіп жатыр, деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қазақстан Театр қайраткерлерінің IX съезіне Қазақстанның барлық өңірінен 152 делегат сайланып, бүгінгі съезге 135-і қатысты. Съез өмірден озған театр өнерінің тарландарын еске алумен басталды. Аталған жиында қазақ театр өнерінің түйткілді мәселелері ортаға қойылып, өңірлердегі театрлардың бүгінгі қал-күйі, репертуары, маман мәселесі, актерлердің жалақы мәселесі сөз болды.
Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік Сыйлықтың лауреаты Тұңғышбай Жаманқұлов кезекті сөзінде: "Құрамында 2100-ден астам мүшесі бар Қазақстан Театр қайраткерлері одағының өзінің екпінді әрі сындарлы жұмысы арқылы қоғамнан өз орынын тауып келеді. Бүгінгі таңда мемлекеттің есебінен қаржыландырылатын 52 театр бар, оның 9-ына ғана Мәдениет және спорт минстрлігі иелік етеді. Қалған театрлардың барлығы да өзді-өзінен жергілікті әкімшіліктердің аса ықылассыз қарауында күн кешуде. Бұлай бөліну республиканың біртұтас театралды картасын қалыптастыруға, мәдени-рухани өміріміздің кеңістігін бір тұтас етуге үлкен зардабын тигізуде. Сондықтан, облыстардағы театрлардың барлығын да министрліктің құзырына көшірген дұрыс",- деді.
"Бүгінгі таңда республикада 52 мемлекеттік, 10-ға жуық шоу стиліндегі театр жұмыс істейді. Олардың 80%-ы облыстық болып саналады. Егер нақты мәліметтерге жүгінер болсақ 60 театр күнде кешке халық алдына шығып өнер көрсетсе, әр кеш сайын 300 адам театрға келеді, 12 айдың 60 күнін алып тастасақ, бір ғана театр ұжымы жылына 90 мың адамға рухани азық сыйлайды екен. Онда, 60 театр жылына 5 миллион 400 мың көрермен жинайды деген сөз. Бұл – барлық қазақстандықтың үштен біріне тең келеді",- дейді Т.Жаманқұлов тағы бір сөзінде.
Маңғыстау облыстық музыкалық-драма театрының өкілі өздеріне барлық жағдайдың жасалғанын, әр актерде, тіпті техникалық базада жұмыс атқаратын қызметкерге де үй берілгенін айта келіп, өз театрларына сыншының керек екенін, театр сыншысының жоқтығынан өз жұмыстарының артық-кемін біле алмай отырғанан айтса, С.Мұқанов атындағы СҚО қазақ сазды-драма театрының актері Мұхаммед Әли өз облыстарында мәдениет адамдарына, әсіресе театр қызметкерлеріне жергілікті әкімшіліктің мүлде жағдай жасамайтынын жеткізді.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Театр Қайраткерлері Одағы – қоғамдық-шығармашылық ұйым. Театр қайраткерлерінің одағының негізгі міндеті кәсіби театрлар мен әуесқой және халық театрлары ұжымдарының жан-жақты өсіп-өркендеуіне шығармашылық әрі материалдық жағынан көмек көрсету болып табылады. Әдетте одақ театртану, театр сыны, актер, режиссер шеберлігі, драматургия, театр ісін ұйымдастыру, жастар театры мен студиялары, т.б. сахналық өнерге қатысты бөлімдерді біріктіреді.
Аталған ұйым бұрынғы Қазақ театр қоғамының (1962) негізінде 1986 жылы қазіргі Қазақстан театр қайраткерлері одағы болып құрылған.
Бес жылда бір рет өткізілетін Қазақстан Театр қайраткерлері одағының съезі 2009 жылы қазан айында өткен. VIII съезде одақ төрағасы болып Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік Сыйлықтың лауреаты Тұңғышбай Жаманқұлов тағайындалған.
Автор: Мейіржан Әуелханұлы
Сурет: М.Әуелханұлы
M. Auelkhan