Оқырмандарымызға театр күні қарсаңында «Еңлікгүл-2014» Театр өнерінің Кәсіби Сыйлығымен марапаттау рәсімі өтетіндігін хабарлаған болатынбыз. Қазақстан Театр қайраткерлері Одағының ұйымдастыруымен биыл бесінші рет өткізіліп отырған іс-шараға жылдағыдан көп халық жиналды.
Алғаш болып сөз бастаған ұйым төрағасы, Қазақстанның Халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов жиналған қауымға бас иіп сәлем беріп, актерлік өнердің ерекшелігі, театрдың маңыздылығы, атаулы күннің тарихы туралы бірер сөз айтып, жүрекжарды тілектерін арнады. Және аталған салтанаттың бас демеушісі «ҚазМұнайГаз» ҰК мен жарнамалық-ақпараттық қолдау көрсеткен Алматы қаласы әкімдігіне ризашылығын білдірді. Т. Жаманқұловтың айтуынша, Қазақстандағы 54 театрда 2182 актер өнер көрсетсе, жалпы қосымша қызметкерлерді санағанда театр саласында 5000 жұмысшы бар екен.
Мәдениет министрлігінің өкілі Тілеуғали Әшірбекұлы ҚР мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының құттықтау хатын оқыса, қала әкімдігінің қызметкері әкім Ахметжан Есімовтың гүл шоғы мен алғыс хатын табыстады.
Қазақстан Театр қайраткерлері Одағының төрағасы ұйымға елеулі үлес қосып жүрген Қазақстанның бірнеше қаласындағы белсенді актерлардың еңбегін ерекше атап өтіп, алғыс хаттармен марапаттады. Осындай құрметке ие болғандардың қатарында Д. Ақмолда, А. Сейсенбаева, З. Ким, И. Капустин, А. Понков, Р. Өміржанов, Ж. Құрметбеков, К. Темірбайұлы, Т. Байдарбеков, Ж. Әлімбеков, А. Уәлиев, Ф. Ханафин бар.
"Еңлікгүл" сыйлығының иегерлерін атамас бұрын, ынталандыру сыйлығы берілген өнер иелерін таныстыра кетейік:
Жыл драматургі – Аширов Ахметжан
Жылдың театртанушылық мақаласы – Айжан Ахмет
Жылдың театр менеджері – Юрий Иванұлы
Жылдың музыкалық көркемдеушісі – Георгий Петрұлы
Жылдың суретші гримері – Айжанова Бесенгүл
Театр оркестрінің жыл артисі – Беккер Татьяна
Сонымен, жыл бойы театр өнері жолында маңдай терін төккен, сахна саңлақтарына құрметті "Еңлікгүл" сыйлығы да осы кеште табысталды.
Былтырғы жылдың үздігі атанған қайраткерлер 2014 жылдың үздіктерін сахна төрінде жеребе арқылы таңдады. Сыйлық төмендегі аталымдар бойынша тағайындалған:
Жыл актері – Азамат Сатыбалды
Жыл актрисасы – Людмила Нездалынова
Жыл режиссері – Света Манушкеева
Тетар өнерін дамытуға қосқан үлесі үшін – Хабиба Елекбаева. Тоқсан тоғыз жастағы театр анасы ізбасарларына ыстық тілектер айтып, ақ батасын берді.
Жылдың опералық (оперетта), балеттік партиясы – Амантай Ибраев
Балаларға арналған спектакльдегі жылдың шығармашылық жұмысы – Юрий Гусарев
Жыл театр суретшісі – Бақыт Срайыров
Жеңімпаздарға 1 млн теңге көлемінде сыйақы беріліп, күміспен қапталып, алтынмен апталған "Еңлікгүл" сыйлығы табысталып, төсбелгі тағылды.
Азамат Сатыбалды, жылдың үздік актері:
– Рақмет! Бұл менің жеңісім емес, бұл сахнада маған қашанда қолдау білдіретін әріптестерімнің жеңісі, М. Әуезов театрының жеңісі. Бұл сынға ең үздіктер түскен, менімен бірге үміткер болған Қуандық Қыстықбаевтың өнерін мойындап, басымды иемін. Көріп отырғандарыңыздай, бұл жерде бап шаба ма, бақ шаба ма дегенге сай келіп отыр. Ал менің ойымша, бақ еңбекқорға, шын лайықтыға қонады. Мен үмітті ақтауға тырысамын. Жасасын, театр!
Сондай-ақ, осы сәні мен салтанаты жарасқан кеште Корей, Ұйғыр театрының өнерпаздары, "Арлан" тобы, "Інжу-Маржан" тобы өнер көрсетті.
Арнайы Massaget.kz үшін: Айгерім Сматуллаева