18 қазанда Рухани келісім күніне орай «Астана Опера» театрының Үлкен залында Дж.Вердидің аса көрнекті туындыларының бірі – «Реквием» ұсынылады. Қуатымен қайран қалдыратын мәнерлі де жарқын шығарманы орындауға опера сахнасының белгілі шеберлері қатысады.
Бас партиясын Арменияның Халық әртісі Барсег Туманян шырқайды. Меццо-сопрано партиясында – қазақстандық тыңдармандар сүйіктісі, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Дина Хамзина. «Астана Опера» мен әлемнің өзге сахналарында спектакльдер жетекші партияларын орындайтын Жұпар Ғабдуллина – сопрано партиясында.
Мариинский театрынан шақыртылған тенор Михаил Векуа жоғарыда аталған жұлдыздар тізімін түйіндейді. Оның жанды баурап алар даусын Испания, Франция, Алмания, Норвегия, Нидерланд, Австрия және басқа елдердің опералық театрларының тыңдарманы тамашалаған. Солардың ішінде, әншінің өткен жылы елордалық «Астана Опера» сахнасында Р.Вагнердің «Нибелунг сақинасы» тетралогиясынан «Рейн алтыны» операсында Логе партиясын (от құдайы) шырқағанын атап өтуге болады.
Әлемді мойындатқан «Астана Опера» театрының атақты хоры мен симфониялық оркестрі бас хормейстер, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов пен белгілі дирижер, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдиновтің басқаруымен өнер көрсетеді.
«Реквием» алғаш рет 1874 жылы 22 мамырда тамаша хордың, оркестрдің және итальяндық әншілердің қатысуымен Миланда орындалған. Ол кезде дирижерлік тізгінді Вердидің өзі ұстаған. Артынша санаулы күннен кейін «Реквиемді» миландық «Ла Скала» театрында қайта қойып, сосын туынды Парижде, Венада, Петерборда һәм басқа қалаларда үлкен табысқа жетті. Қайда болмасын тыңдарман «Реквиемді» ыстық ықыласпен қабылдап, жекелеген номерлерін қайталауды талап етті. Вердидің «Реквиемі» В.А. Моцарттың «Реквиемінің» жанында, аталған жанрдағы ең жиі орындалатын шығармалардың бірі.
«Астана Опера» төрінде бұл музыкалық туынды ерекше күнде орындалады. I Дүниежүзілік Рухани келісім конгресінің үндеухатында 18 қазанды Рухани келісім күні, қақтығыстар мен соқтығыстарды тоқтату күні, татуласу жолдарын іздеу, адамдар арасында біріне-бірі түсіністікпен қарауды қалыптастыру күні, жақындарына мейірімділік пен көмек көрсету күні деп жариялау туралы шешім қабылданғанын айта кетейік. Осылайша, жиырма жылдан бері елімізде 18 қазанда Рухани келісім күні атап өтілуде.