- Негізгі бет
- Театр
- Ежелгі гректердің театры...
Ежелгі гректердің театры
Театр мәдениеттің шыңына жетіп, театр болып қалыптасқанша қаншама уақытты оздырды. Оған заман мен дала куә. Ежелгі гректердің кезеңінде беті ашылған театрлардың бүгіндері де шымылдығы ашылған күйі ашулы тұр. Өйткені ертеден келген өлмес өнер сахнаны дүберлетпей тұра алмайды. Сіздер алғаш театр пайда болған тұста әйелдерге сахнаға шығу бақыты мүлде бұйырмағандығынан хабардарсыздар ма? Шығармадағы барлық әйелдердің рөлі ер актерлердің еншісіне тиген. Біз білмейтін жайт бұл ғана емес. Ежелгі театрдың ерекшелігі жайлы төменнен біле аласыздар.
Театр
Біздің заманымызға дейінгі бесінші ғасырда Афинада сахналық қойылымдарға арналған алаңдар пайда бола бастады. Дөңгелек пішінде салынған театрдың жартысы көрермендерге тиесілі. Олар сахнаны айнала төменнен жоғарыға дейін жайғасып отырады. Театрон деп аталатын орындар тепшек тәріздес етіп салынған.
Трагедия және комедия
Театр пайда болысымен, грек пьесасының екі түрі пайда болды: трагедия және комедия. Трагедияда грек аңыздары мен мифтерінің қаһармандарының жауларымен айқасуы баяндалды. Трагедия көбіне бақытсыздықпен аяқталды. Ал комедияда қарапайым адамдар туралы айтылды. Ондағы кейіпкерлер – қаһармандық деңгейге көтерілмеген, ешкімге белгісіз адамдар.
Театр костюмдері
Ежелгі Грекиядағы дала театрының актерлері сахнаға шыққанда үнемі жасанды шаштармен, қалың туникаларымен және үлкен кебістермен ойнаған. Осы киім үлгілері арқылы олар сымбатты, әрі өзгелерден ерекше көрінген. Жарқын түсті киімдер актердің жағымды қаһармандарды сомдайтындығын білдірсе, сұр және көк түсті киінгендер бақытсыз кейіпкердің образын білдірген. Ал қара түс қазаның белгісі болып табылатын. Комедияларда актерлердің кеуде тұсы мен ішіне жастық тығып қоятын болған. Ал хористердің бетінде бетперде де, аяқ киім де болмаған. Олар тек үстілеріне қарапайым туника мен гиматий киген. Тіпті кейбірі құстар не аңдарға ұқсап жасанып киініп алатын болған. Дала театрының залы өте үлкен болған. Оның үлкендігі сонша, артта отырған адамдар сахнадан өте алыста орналасады. Сондықтан олар сахнада болып жатқан көріністі ойдағыдай көре алмаған.
Бүкіл рөлді ерлер ойнайтын болғандықтан, өздерінің қандай образда (ер адам немесе әйел адам) жүргендігін көрсету үшін бастарына үлкен бетперделер киіп жүрген. Бетпердеде кейіпкердің жан күйзелісі мен қуаныш-қайғысы да көрініп тұратын болған. Кейбір бетперделер екі жақты болған: бір жағында кейіпкердің қалыпты келбеті болса, екі жағында оның ашулы бейнесі салынған. Ойнап жатып актер бір қолымен бетпердесінің екінші жағын ауыстырып жіберіп, бірден басқа көңіл-күйге түсе қалады.
Бетперделердің жасалуы
Ол заманда актерлерге арналған сахнаның бетперделері ағаштың қабықтарынан және сурет салынған қалың маталардан жасалды. Актердің даусы еркін шықсын деген оймен бетперденің аузын үлкен тесік еткен. Көрермендер әр айтылған сөзді нақты естіп отыру үшін актерге ауыздың маңызы ерекше. Сонымен қатар, бетперделерге образға сай түрлі суреттер салынып, сәнделген. Сахна жақта актерлер мәтінді көркемдеп оқуға арналған арнайы орын болған. Уақыт өте келе бұл театрлар көпке үлгі болып, жер-жерлерде салына бастады.
Дайындаған: Ақерке Әбілхан
Суреттер: ug.ru, 900igr.net
А. Әбілхан