Драмалық эпос жанрындағы «Сүйінбай» қойылымы сахналанды

Драмалық эпос жанрындағы «Сүйінбай» қойылымы сахналанды
Фото: auezov-theatre.kz

Маусым айының 1-2 күндері М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында Иран-Ғайыптың «Сүйінбай» драмалық эпос жанрындағы қойылымның премьерасы болды.

Тарихи драманың бас кейіпкері – қазақ айтыс өнерінің атасы, атақты жырау, үлкен тарихи тұлға Сүйінбай Аронұлы. Оқиғалары негізінен ХІХ ғасырдың орта тұсында қырғыздың әйгілі ақыны Қатағанмен айтысы төңірегінде өрбитін қойылымда Жырау нағыз толысқан, үлкен қайраткер деңгейіне көтерілген кезінде көрінеді.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры Асхат Маемиров Максимұлы театрымыздағы драмалық эпос жанрындағы жаңа қойылымға былайша өз ойын білдірді.

- Тәуелсіз мемлекет атанғаннан бергі жиырма жеті жылдың ширегінде қоғамның рухани келбеті мен мәдени кеңістігіміз өзгерістер мен даму жолында екендігі анық. Елбасымыз Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында: «Мемлекет пен ұлт құрыштан құйылып, қатып қалған дүние емес, үнемі дамып отыратын тірі ағза іспетті. Барша қазақстандықтар, әсіресе, жас ұрпақ жаңғыру жөніндегі ұсыныстардың маңызын терең түсінеді» деп зор сенім жүктей отырып рухани құндылықтар – ұлттың генетикалық коды» екендігін нақты атап өтті.

Жалпы қоғамның дамуына, жасампаздық идеясымен қаруланған ұлағатты ұрпақты қалыптастыруда, тұлғалардың атқаратын ролі ерекше. Тәуелсіздік алған кезеңдегі рухани әлеміміздегі ұлы тұлғалардың өз халқымен қауышуымен бірге, қазақ театр өнерінің өткен тарихқа деген бетбұрысы айқындалып, күрделі аспектілерге ұласты. Әсіресе, халқымыздың тарихы мен ұлтымыздың мақтанышына айналған ұлы тұлғаларымыз туралы жазылған драмалық шығармаларды сахнаға  шығаруға ерекше мән берілді. Себебі халқымыздың шежіре-деректерінің патшалық ресейдің империялық саясаты ықпалымен, кейiн коммунистiк идеология қағидаларының ұстанымдарымен, мүлде жазылып, терiс бағаланғандықтан бірнеше буын ұрпақ тарихи шындықтан ажырап қалды.

Сондықтан, ақтаңдақ жылдарды шаң басқан архивтерден жарыққа шығарып, тарихи деректерді драматургия тіліне айналдырып, көркем туынды жасау үрдісі туды. Белгілі драматург Иран-Ғайыптың да «Сүйінбай» драмалық эпосын таңдаған сәтте де, қазақтың рухани әлеміндегі ұлы тұлға Сүйінбай бабамыздың отты жырларымен, оның біртуар бейнесімен, әсіресе жас ұрпақты тілдестіргіміз келді. Себебі, Сүйінбай Аронұлы – халқымыздың рухани кеңістігіндегі ұлы тұлғалардың бірі, ақиық ақын, қайраткер, дала кемеңгері. Сүйінбай бабамыздың жырларында біздің ұлтымыздың болмыс-бітімі жатыр. Өміршең өлеңдерінде ұлтымыздың «рухани коды» жатыр. Сондықтан Сүйінбай біртуар болмысымен бүгінгі ұрпаққа не береді десеңіз, әрине, ең бірінші кезекте ұлттық рухтың биіктігін көрсетеді. Намыстың жарқылдаған наркескені іспеттес жампоз жырларымен жас ұрпақты елдік пен бірлікті ту етуге бастайды.

Сондықтан, осындай бейненің өмірі мен шығармашылық жолын арқау еткен туындының сахналық нұсқасын жасар кезде, сол Сүйінбай бабамыз өмір сүрген кезең, орта, біздің халқымыздың сол кезеңдегі қилы тағдыры қандай болды деген сұрақтарға жауап іздедік. Ақынның күрескерлік болмысы, халықшыл келбеті, осының барлығы суреттеліп, көрерменге тарихи тағылым мен таным, тәрбие мен өнеге, рухани эстетикалық әсер сыйлайды. Біздің халқымыздың болмыс-бітімін айтыс өнерінсіз елестету қиын. Қазақ ауыз әдебиетіндегі шоқтығы биік айтыстың бірі – Сүйінбай бабамыз бен Қатағанның арасындағы жыр сайысы. Ғасырдан ғасырға, бабадан балаға мирас болып келе жатқан осы айтыстың сахналық нұсқасы көрермендерге керемет көркемдік эстетикалық әсер сыйлады.

Иран-Ғайып – Қазақстанның сахна өнері кеңістігінде поэтикалық театрдың дамуына зор үлес қосқан реформатор драматург. Иран-Ғайып драматургиясы ақ өлеңге, бейнелі ойлау мен керемет бір поэтикалық шиеленістерге толы. Поэтикалық заңдылықтарға негізделіп жазылған драматургия. Қазақстанда сол драматург шығармаларының кілтін тапқан үш-төрт режиссеріміз бар. Солардың бірі – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Мұрат Ахманов. Басты айта кететін нәрсе, драматург пен режиссердің ортасында шығармашылық тандем туындаған.

Бабаларымыздан бүгінгі күнге дейін жеткен халық даналығы бар – «Қазақ-қырғыз бір туған». Драматург пен режиссер қойылым арқылы осы ұғымның астарын ашып, халық даналығын ту еткен. Ең бірінші кезекте сол екі халық арасындағы тамыры тереңде жатқан достық пен бірлікті дәріптеуді өздерінің басты мақсатына айналдырып және оған жете білген. «Сүйінбай» қойылымы арқылы біз көрермендерге «Ұлы Дала театрының» заңдылықтарына негізделген, рухани құндылықтарды дәріптейтін ұлттық қойылымды ұсына аламыз деген сенімдемін, - дейді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры Асхат Маемиров.

Спектакльді қоюшы режиссері – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Мұрат Ахманов. Ал, қойылымдағы бас кейіпкер Сүйінбайдың рөлін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бекжан Тұрыс ойнады.

– Бүгін Иран-Ғайыптың «Сүйінбай» спектакліне келіп, керемет әсер алдық. Осыдан бұрын Атырау театрының «Сүйінбайды» келіп қойғанын көріп едім. Ол өзінше басқа болатын. Әрине, ол да жақсы. Бүгінгі Әуезов театрының әртістері қойған қойылым ғажап болды. Бізге өте қатты ұнады. Нағыз Сүйінбайды бүгін көргендей болдық. Бұрын біз Сүйінбай ақын туралы естуіміз, оқығанымыз бар. Ал бүгін мына спектакль арқылы қазақ халқы менен қырғыз халқының арасындағы шиеленісті, содан кейінгі достықты көре білдік. Сүйінбайдың ақындығын актер өте жақсы ойнаған. Қазақ елінің, тәуелсіздігіміздің арқасында дүниеге келіп жатқан осындай жақсы спектакльдер көбейе берсе екен дейміз. Қойылымда ойнаған әртістерге барлық көрермен атынан ризашылығымды білдіремін. Еңбектері жана берсін, - дейді зейнеткер Райхан Төлегенқызы, қазақ радиосының ардагер журналисі.

Бұл қойылымды тамашалауға арнайы Сүйінбайдың шәкірті Жамбыл атындағы облыстан келген көрермендер де кездесті.

– Сүйінбайдың шәкірті Жамбыл бабамыздың атындағы облыстан «Сүйінбай» премьерасын тамашалауға арнайы келдік. Біздің Жамбыл жеріндегі Талас өзені бар. Сол Таласты қырғыз елі де, қазақ елі де емеді. Сол екі елдің арасындағы бейбітшілікті орнатқан Сүйінбай ақын мен Тезек төреміздің Бөлтірік Әлменұлының болашақ ұрпақ үшін жасаған істерін тамашалап, қайтып барамыз. Өзім сол Талас ауданынанмын, енді ауылыма барғанда, өзіміздің келешек ұрпағымызға жасаған, қазақ пен қырғыздың болашағы үшін жасаған істерін паш етіп айтатын боламын,– дейді Жамбыл облысы Талас ауданынан арнайы келген зейнеткер Әділбек Әлмен Әліпбайұлы.

Қойылымда сол кезеңдегі тарихи оқиғалармен астасып, Кенесары ханның өлімінен кейін екі ел арасында орын алған қырғи-қабақ сәттегі татуласудың жөні баяндалады. Қырғыздың бай-шонжар манабы Орманханның шешесіне ас беріп, қазақтың игі-жақсыларын қонақ ретінде шақыратын сәт суреттеледі. Дәл осы жиын үстінде қазақ ақыны Сүйінбай мен қырғыз ақыны Қатағанның кездесіп, Сүйінбайдың жеңіске жеткені тарихтан белгілі.

- Жамбыл «Сүйінбай – менің пірім!» дейді. Сонда Сүйінбай пір! Жамбыл дүр! Ал, Дүрдің атында облыс бар. Дүрдің атында қалалар бар. Дүрдің атында ауылдар бар. Ал, қазақ халқының пірі Сүйінбайдың атында даңғылдан басқа ештеңе болмай келді. Енді бәрі болатын шығар. Халқымызға да, өзімізге де, сахнамызға да, сіздерге де береке берсін, – деп Қырғыз елі мен Қазақ елі арасындағы татуласуды және Сүйінбайды жырау ғана емес, халық елшісі деңгейінде бейненелей білген пьеса авторы Иран-Ғайып театр ұжымына, әртістерге қойылым соңында алғысын білдірді.

Әділғазы Бақытұлы

Massaget.kz