- Негізгі бет
- Театр
- Чайковский әуенінде қалықтаған...
Чайковский әуенінде қалықтаған Алматы
Қазақстанның мақтанышына айналып үлгерген "Астана Опера" театрының Алматыдағы гастрольдік сапары жалғасуда. Театр ұжымы жексенбінің кешінде оңтүстік астаналықтарға тағы да бір тамаша сыйын тарту етті.
Камералық оркестрдің концертіне жиналған қауымның қатары көз қуантады. Олардың жасы, жынысы, ұлты әр түрлі болғанымен, іздеп келгендері ортақ – бәрі де классикалық музыканы ұнатады. Өнерпаздар ешкімнің көңілін қалдырмады, құлақтың құрышы қанатын әсем әуенді бабына келтіріп орындады. Бір жарым сағат уақытқа созылған концерт рухани азық сыйлап, жан сарайымызды әуезді әуенмен әлдиледі.
Аталған кештің жүргізушісі Маржан Жәкенова қонақтармен жылы сәлемдесіп, Алматыны мәдениет пен өнердің ошағы ретінде мойындайтындықтарын, оған сапар барысында куә болғандарын жеткізді. Оркестр дирижері әрі жетекшісі, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, "Құрмет" орденінің иегері Абзал Мұхитдинов та ризашылығын жасырмады.
Концерттің алғашқы бөлімінде П. Чайковскийдің ішекті аспаптар оркестріне арналған бірнеше шығармасы орындалса, екінші бөлімінде Бизе - Щедринаның "Кармен-Сюитасы" ұсынылды. Бұл – Қазақстанда өте сирек орындалатын, әлемнің ең керемет туындыларының қатарындағы шығарма. Мұны "Астана Опера" театрының камералық оркестрі мен ұрмалы аспаптар ансамблі орындады.
Кереметтей кештің соңында сөз алған Абзал Мұхитдинов тағы да бір тосын сыйы – ұрмалы аспаптар оркестрінің орындауындағы "Астана шеруі" шығармасын ұсынды. Осыдан кейін тыңдармандар шын ризашылық білдірумен болып, рухани кешті қимай тарасты.
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
Сурет: Айгерім Сматуллаева