Кеше әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің "Біз" студенттер театры Ө.А.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында театр тарихындағы сегізінші қойылымының тұсауын кесті. Есенгелдиев Сәкен режиссерлік ететін труппа драматург, әнші, актер Қанат Жүнісовтің "Ғашықтар хикаясы" атты шығармасы сахналанды.
Шақырылған уақыттан қалмай келген көрермендер саны – бұрынғыдай. Келгендердің бірі студенттік театрдың өнерін тамашалауға, енді бірі өнер көрсететін курстастарының шашбауын көтере келген. Көп ұзамай сахна шымылдығының артынан "Құрметті көрермендер! Ұялы телефондарыңызды өшіріп қоюларыңызды сұраймыз!" деген әдемі әрі жарқын үн әрі-бері жүрген көрермендерді "орындарына" жайғастырды. Адам аяғы басылған соң, сахнаның шымылдығы да көңілді әнмен тербеліп сыдырылып ашылды.
Міне, бұл бұзық – Тұрсынбек. Жатақхананың үш адамдық бөлмесіне төртінші болып кірген "перваш".
Осыған күйінетін Тұрсынбек ағаларына еш ренжімейді, аңқау емес, ақылды. Қулығы да жоқ емес.
Азан шақырып қойған есімін жоғарғы курс студенттері "Тұр-Сын-Бек" деп үшке бөліп, парша-паршасын шығарған. Олар "Тұр!" десе, тұрады, "Сын" десе сына қалады. Ал "бегінің" қадірі кеткен, "сокращениеге" жіберген, аталмайды да.
Бұл екеу екі аруға ғашық. Махаббат үшін бәріне барады, тіпті қыздарға ұнау үшін балгер шақырып, көңілдерінен шықпақ ниетте.
Әртістік шеберлікті бойына сіңіріп өскен жігіттер көрермендерді барлық қылығымен қуанта алды. Еркіндікті сезіне алған олар сол күйді бастан кешіп жүргендей болды.
Айтқандай, қойылымда би де биленді, ән де шырқалды. Әннің көңілдісі көрерменге шаттық сыйлады. Ал мұңдысы бәрін ойландыра алды.
Ал бұл үшеуі қу операцияның қалай өтетінін жоспарлап отыр. Образға кіріп, көрерменді сендіре алды.
Достарының махаббаты үшін тіпті осындай кейіпке енген бұл жігіттің тәуелкелділігіне көпшілік таңғалып отырғаны сөзсіз.
Көптен күткен арулар да нәзік әрі сезімтал екен.
Қу Тұрсынбек бұл жерде айласын асырмақ болып, сәуегей кейпіне енген жігіттің алдына оның ғашығын әкелмесі бар ма? Бар қызық осы жерден басталды десек болады.
Бірақ бұл жігіт "шешінген судан тайынбайдыға" салып, Тұрсынбектің айласынан да құтылып шықты. Бірақ бұл әлі соңы емес.
Себебі, балгердің нақ өзі үйге келіп, қулыққа толы операцияның үстінен түседі.
Актерлердің образды сомдау қабілеттері керемет. Әсіресе, бір күйден екінші күйге алмасу өте қиын ғой. Сол сәттерді өте сәтті орындап шыққан труппа көптің көңілінен шықты. Соңғы әуен шырқалған сәтте барлық көрермен орындарынан түрегеліп, қосыла шырқап, осы қойылымды бірге ойнап шыққандай сезімде болды.