Бүгін – халықаралық театр күні. Бұл мерекені кез келген елдің мәдениеті көрініс тауып, тарихынан сыр шертілетін киелі сахнаның арғы жағы мен бергі жағындағы қызметкерлер ерекше ықыласпен атап өтеді.
Осыдан 53 жыл бұрын, яғни, 1961 жылы Халықаралық Театр институты Вена қаласында өткен IX конгресінде 27 наурызды «Халықаралық театр күні» (World Theatre Day) деп бекітті.
Халықаралық Театр институтының басты мақсаты – әлемдегі барлық театр қауымдастықтары мен өнер қайраткерлерінің шығармашылық жолындағы татулығы мен байланысын нығайту мен дамыту болып табылады. Халықаралық театр күніне орай, алғашқы жолдауды француз жазушысы мен суретшісі Жан Кокто (Jean Cocteau, 1889—1963) жазған болатын.
Айта кетейік, қазіргі қазақ кәсіби театрының тарихы ХІХ ғасырдың 2-жартысынан басталады. 1859 жылы Оралда, 1869 жылы Орынборда, 1875 жылы Омбыда орыс драма театрларының негізі қаланып, жұмыс істей бастады. 1890 жылы Семей қаласында “Музыка мен драмалық өнер әуесқойларының қоғамы” ұйымдастырылды. Алғашқы драмалық шығармаларда Г.Д.Гребенщиков “Жақсы жігіт” пьесасының (1907) сюжетін қазақ тұрмысына құрса, Н.П.Анненкова-Бернар ұлттық дастан негізінде 1908 жылы “Бекет” атты драма жазып, кейін оны сахнаға шығарды. 1911–12 жылдары Шымкент, Ақмешіт (Қызылорда), Ақмола (Астана), Қостанай, Петропавл, Орал мен Семей қалаларында ойын-сауық үйірмелері ұйымдаса бастады.
1917 жылы маусым айында Ойқұдық жайлауында (қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы) М.О.Әуезовтің “Еңлік – Кебек” трагедиясы алғаш рет қойылып, оған автордың өзі жетекшілік етті. Осы қойылымда өнер көрсеткен А.Аймағамбетовты, онан басқа А.Төлеубекті, Н.Атахановты, Е.Өмірзақовты, С.Қожамқұловты, Қ.Бадыровты, Қ.Қуанышбаевты, Қ.Жандарбековты, Ә.Қашаубаевты, И.Байзақовты, З.Атабаеваны ең алғашқы театрлардың белді өкілдері, қазақ театр өнерінің аталары деп айтуымызға болады.
Қазақ театр өнерінің қалыптасу жолында Әуезов драматургиясы мен Шаниннің режиссерлік қызметінің мәні зор болды. Әуезовтың қуатты қаламынан туған “Қарагөз”, “Қара қыпшақ Қобыланды”, “Абай”, “Айман – Шолпан”, “Түнгі сарын” драмалық шығармалары театр репертуарын жандандыра түсті.
Халықаралық театр күні қарсаңында елімізде "Театр көктемі", "Еңлікгүл" сынды байқаулар өтіп тұрады.
Бүгін, яғни 27 наурыз күні Қазақстан Театр қайраткерлері Одағының ұйымдастыруымен М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры ғимаратында Халықаралық театр күніне арналған «ЕҢЛІКГҮЛ-2014» Театр өнерінің Кәсіби Сыйлығымен марапаттау рәсімі өтеді.
Бірнеше жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан мерекелік іс-шараға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің және Алматы қаласының әкімшілігі, аталмыш салтанаттың бас демеушісі «ҚазМұнайГаз» ҰК-ның өкілдері мен республикалық театрлардың көркемдік жетекшілері мен директорлары, Қазақстан Театр қайраткерлері Одағының мүшелері арнайы шақырылып отыр деп хабарлайды М.Әуезов театрының баспасөз қызметі. Кеште қазақ эстрада жұлдыздары өнер көрсетеді.
Биылғы жылы «ЕҢЛІКГҮЛ-2014» Театр өнерінің Кәсіби Сыйлығы мына аталымдар бойынша анықталады:
1. «Жыл актері»
2. «Жыл актрисасы»
3. «Жыл режиссері»
4. «Театр өнерін дамытуға қосқан үлесі үшін»
5. «Жылдың опералық (оперетта), балеттік партиясы»
6. «Балаларға арналған спектакльдегі жылдың шығармашылық жұмысы» (қуыршақ, балалар және жасөспірімдерге арналған қойылымдар)
7. «Жыл театр суретшісі».
Және жеті ынталандыру сыйлығы: «Жыл драматургы», «Жылдың театртанушылық мақаласы», «Жылдың театр менеджері», «Жылдың музыкалық көркемдеушісі», «Театр оркестрінің жыл артисі», «Жылдың суретші-гримері», «Спектакльді жарықпен көркемдеу». Сағат 17.00-де жылдың ең үздіктерінің есімдері жарияланады. Қапы қалмаңыз!
Бүгін театр қайраткерлерінің кәсіби мерекесі ғана емес, күллі өнерсүйер қауымның төл мерекесі, әсемдікке құштарлық күні десе де болады. Бұлай дейтініміз, ұлтымыздың нағыз бейнесі көрініс табатын, мәдениет пен әдебиетті, сұлулық пен көркемдікті бір арнада ұштастыра білетін таза өнер - театр өнері саналады. Ендеше, барша театрсүйер қауымды, театрдың жанына айналған театр әртістерін төл мерекелірімен құттықтаймыз! Ұлтымыздың саф өнерін жандандыру жолында ешқашан шаршамаңыздар!
Мерекені театрмен бірге атап өткіңіз келсе, Ғ. Мүсірепов театрынан М.Әуезовтың "Ай-Қарагөз" қойылымын тамашалай аласыздар.
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
Сурет: vk.com, alashainasy.kz