- Негізгі бет
- Театр
- «Біржан-Сара» операсы жастар...
«Біржан-Сара» операсы жастар арасында кеңінен таныла бастады
Мұқан Төлебаевтің «Біржан-Сара» операсы жастар арасында кеңінен таныла бастады. «Астана Опера» жүргізген маркетингтік зерттеуге сүйенсек, театрдың бірінші маусымында аталған спектакльде болып, сауалнамаға қатысқандардың жартысынан астамының жасы 18 бен 30 арасын құраған. Көпшілік ұлттық операға, онда көтерілетін тақырыптың маңыздылығы мен өзектілігіне деген қызығушылықты атап өтті.
Театрдың жаңа маусымында, бірінші «Жібек Жолы» Халықаралық фестивалі шеңберінде 20 қыркүйекте «Біржан-Сара» операсы қойылады. Біржан партиясын бүгінгі күннің көрнекті теноры, осы партияны үздік орындаушылардың бірі – Ахмет Ағади ұсынады. Ресейдің Еңбек сіңірген әртісі, Татарстанның Халық әртісі, Сараның рөлін сомдайтын Республикамыздың Еңбек сіңірген қайраткері, белгілі опера әншісі Айгүл Ниязовамен бірге шырқайды.
Аналықтың партиясын Дина Хамзина орындаса, қызғаншақ Алтынайды Жаннат Бақтай ойнайды, Естай партиясында – Бейімбет Таңарықов.
Қазақтың композиторы Мұқан Төлебаевтің ұмытылмас туындысы - «Біржан-Сара», Абзал Мұхитдиновтың жаңа музыкалық редакциясынан өтіп, Юрий Александровтың қойылымында 2013 жылдың 21 маусымында «Астана Операда» тұсауы кесілген болатын. Режиссердің ақын, композитор Біржан мен айтыскер ақын Сараның арасындағы қиын да тереңге бойлаған қарым-қатынасына жаңа көзбен қарағандығы Ресей Халық әртісінің соны қойылымына атақ әкелді. Ю. Александров операны өскелең ұрпақтың қабылдауына жақын етіп қана қоймай, көрерменге бірінші кезекте тұлғаның қайғысы мен мәңгілік махаббатты жеткізді.
«Біржан-Сара» операсы тек Қазақстан театрларында ғана емес, сондай-ақ, Алмания, Түркия, Ресей, Өзбекстан және басқа елдерде жоғары жетістікпен орындалады. Туынды алғаш рет Алматыда Абай атындағы МАОБТ 1946 жылдың 7 қарашасында қойылған еді. Алғашқы орындағандар: Біржан – Әнуар Үмбетпаев, Сара – Күләш Байсейітова. Ресейлік тұсаукесер 1948 жылы мәскеулік шығармашылық күштердің байқауынан өтті.
Терең ой тастап, жан-жақты ашылған операда даналық музыкалық шығармаға қайталанбас рең беріп, елең еткізбей қоймайтын музыкалық-ақындық дәстүр – айтыс бейнеленген. Дүниеге келгеніне 70 жылға жуықтаса да, ұлттық және жалпы адамзаттық мәдени-поэзиялық тәжірибенің синтезінде туындаған «Біржан-Сара» бүгін де үлгі боларлық сарқылмас көркем күш болып қалуда.
Костюмдер мен декорацияларды әзірлеген Ресейдің Халық суретшісі – Вячеслав Окунев.
Спектакль бір антрактіден тұрады. Ұзақтығы – 2 сағат 30 минут.
Қойылымның билетін BiletiAstana.kz, biletbar.kz сайттарынан және «Астана Опера» театры мен «Қазақстан» ОКЗ кассаларынан алуға болады.
Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова
Сурет: «Астана Опера» театрының баспасөз қызметі
Р. Роза