- Негізгі бет
- Театр
- "Біржан-Сара" Алматыны риза...
"Біржан-Сара" Алматыны риза етті
Оқырмандарымызға "Астана Опера" театрының алғашқы гастролі Алматы қаласындағы Абай атындағы МАОБТ сахнасында өтетінін айтқан болатынбыз. Кеше театр сахнасында елордалық өнерпаздардың алғашқы қойылымы көрсетілді. Шымылдықты түрген Ресейдің халық әртісі Юрий Александровтың қойылымындағы қазақ операсының маржаны – «Бiржан-Сара» алматылық тұрғындарды дән риза етті.
"Астана Опера" театрының әртістерінің басым бөлігі алматылық оқу орындарының түлегі болып табылады. Бұл гастрольдік сапарды алматылық классикалық музыканы сүйетін көрерменге деген шығармашылық есебі десе де болады. Театр ұжымы әлемдік турнеге шықпас бұрын, мәдениет ақсақалдарының ақ батасын алмақ ниеттері бар екендігін ашық айтты. Талантты өнерпаздар оңстүстік астанадан кейін Санкт-Петербургтегі Марин театрына, Нью-Йорк, Лондон, Париж театрларына гастрольға баруды жоспарлап отыр.
Алғашқы кештің құрметті қонағы ретінде қала әкімі Ахметжан Есімов, Есмұхан Обаев, Талғат Теменов сынды өнер және мәдениет қайраткерлері қатысты. Сәні мен салтанаты жарасқан театр залы лық толы болды.
Қойылымда Мария театрының (Санкт-Петербург) үздік теноры Ахмет Ағади Біржан болып ән салса, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Ниязова ақын Сараны қайта жандандырды.
Ал Ресейдің халық суретшісі Вячеслав Окуневтің сахналық декорациясы тіптен керемет. Маэстро Абзал Мұхитдиновтің жаңа музыкалық редакциясы мен дарынды топқа бас иген болдық.
Қойылым Қоянды жәрмеңкесіндегі думанды жиыннан басталады. Елін әнмен әлдилеген сал Біржанды көрген жұрттың бәрі де мәз, бар қошеметін көрсетіп жатыр. Біржан Көкшетау сұлулығы мен Күміскөлдің табиғатын әнге қосады. Кенет жиынға Жетісудың бұлбұлына айналған ақын Сара шыға келеді. Жұрт бірін айға, екіншісін күнге теңеп бар құрметін көрсетумен әлек. Айтыс басталып кетеді. Екі талант бір-бірін жеңе алмай ұзақ уақыт бойы сайысқа түседі. Мұның бәрін сырттан бақылап жүрген Жанбота көңілді жиынның шырқын бұзып, Біржанды айыптайды. Я домбыра, я өмірді таңдауға ерік береді. Жанбота ашумен қазақтың домбырасын көрермен алдында сындырған сәтте дір етпеген көрермен болмады.
Мұнан кейінгі көріністерде Біржан Жанботаның мүгедек ұлы Жиенқұлға төртінші әйел болып ұзатылады. Оған кедергі болмақшы болған Біржан тұтқынға алынып, Сібірге итжеккенге айдалу қаупі төнеді. Қойылым соңында махаббат жеңіп, екі жас қауышады.
Жалпы қойылымда мәңгі өлмейтін ән құдіреті мен әншінің атағы, туған жерге деген махаббат, сағыныш, ұлдан қасиет, қыздан ұят кеткен заманға деген өкпе-наз, жауапсыз махаббат пен жауыздық тақырыптары қозғалады. Бұл қай уақытта болмасын өзектілігін жоғалтпайтын мәселелер деуге болады.
Көрерменнің ұлттық нақыш пен әуезді әуенге сусындап, жан сарайын байытатын рухани азық жинап қайтқандығына бек сенімдіміз.
Алматы қаласыны әкімі мен Абай тетарының әкімшілігінің атынан гүл шоғы тарту етілді.
Алдағы уақытта Алматы қаласының тұрғындары мен қонақтары алты күн бойы "Астана Опера" театрының ең үздік деген қойылымдарын тамашалай алады.
Автор: Айгерім Сматуллаева
Сурет: Айгерім Сматуллаева
Р. Роза