Өткен жұма және сенбі күндері Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында У.Шекспир «Бір сен үшін тудым...» («Ромео мен Джульетта») трагедиясының премьерасы өтті.
Әбіш Кекілбаевтың аудармасы желісімен қойылған трагедия келген әрбір көрерменнің жүрегіне жол тапты. Қойылым «Бір сен үшін тудым...» деп бекер аталмаған екен. Ең ерекше тұсы – музыкалық фон. Музыкалық фон халық әні «Дударайды» жаңа әуенге салып, дәл сол кеңістік пен уақытты сыйлай алды.
Көшедегі балалардың ойыны Монтекки және Капулетти атты екі үлкен әулеттің «шағын шайқасына» себеп бола алады. Олар бұрыннан текетіресіп келеді. Бұл жанжалдың соңы қан төгіліп, жан алумен бітетін білмейді. Себебі, екі әулет арасындағы қырғи-қабақтық – екі ғашықтың сезіміне кедергі.
Ессіз махаббат ғашық жанның көзін байлап тастайды екен. Ол үшін у ішуге де бар қыз-жітіттің тылсым сезімі оның ессіз махаббатын дәлелдейтіндей. Бір-біріне деген ерке әрі лайланбаған тұнық сезім ол үшін, сезім үшін қоғам заңына көз жұма қарауға себеп.
Достар арасындағы адалдық, шыншылдық, демеу көрініс алғашында өте көңілді бейнеленеді. Ал соңында зор трагедияға алмасады. Көріністің шарықтау шегі осы жерден бастау алады.
Екі жастың трагедиясы екі әулетке де соққы боп тиеді. Біреуі аялап өсіріп отырған гүлінен, бірі атқа мінер баһадүрінен айрылды. Дәулеттің астамшылығынан ба Капулетти (Джульеттаның әкесі) «қызыма алтыннан ескерткіш орнатамын» десе, Монтекки (Ромеоның әкесі) «ұлыма мен де орнатамын» дейді.
Қойылымның аудармасы керемет жасалған. Идея авторының ойы, аударма авторының сөз саптауы, музыкалық сүйемелдеу, киімдердің үйлестірілуі – бір-бірімен үндесті, ал әртістердің шеберлігі бір төбе. Әсіресе, Ромеоның достары Бенволио мен Меркуционың әзіл-қалжыңы аралас ойындары көрермендерге күлкі сыйлады.