Асқан шебер пианиношы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Ызмайылов және дарынды пианиношы Карина Ызмайылова 13 ақпанда «Астана Опера» театрының Камералық залында «Фортепианоға арналған музыка кеші» атты концерт береді.
Көптеген орасан зор концертті қоржынына жинаған профессор Нұрлан Ызмайылов – еліміздегі ең танымал әрі сұранысқа ие аспапшыларының бірі. Музыкант кеште жалғыз өнер көрсетпейді: аты аңызға айналған қазақстандық композитор Ғ.А.Жұбанованың немересі Карина Ызмайылова Роберт Шуманның, Сергей Рахманиновтың және Ғазиза Жұбанованың шығармаларын орындап, өзінің аспапты өнердегі шеберлігін паш етеді.
Бір сөзбен, П.И.Чайковский атындағы Мәскеу консерваториясының студенті Карина Ызмайылова концертте ұсынылатын музыкалық жауһарларды: Р. Шуманның g-moll №2 сонатасын, op.22, С.Рахманиновтың ор.42 Корелли тақырыбындағы вариациясын және Ғ. Жұбанованың 4 кіріспесін орындап, жақында ғана Мария Юдина атындағы XVII халықаралық байқауда (Санкт-Петербор, 2016 жыл, ІІ сыйлық иегері) жеңіске жетті. Бұл пианиношының қоржынындағы бірінші жетістігі емес.
Бағдарламада Петр Ильич Чайковскийдің музыкасы да орындалады.
– П.И.Чайковский С.В.Рахманиновқа ақ батасын беріп, оқу бітіргенде алған бағасы – бесті жан-жағынан плюспен белгілеп тастағаны баршаға аян. Шуманның туындылары біртіндеп бізді Чайковскийдің шығармаларына жетелейді. Петр Ильичтің вариацияларында «а-ля Шуман» сияқты ремаркалар бар, яғни оның Симфониялық этюдтарымен қандай да бір байланыс бары, бір шығарманың екіншісіне әсері сезіледі. Осы тұрғыда бағдарлама тұтас, үйлесімді болатынын сенімді түрде айтуға болады, - дейді Нұрлан Ызмайылов.
— Мен көрермен музыкадан ләззат алып, біздің өнеріміз арқылы композитордың әлемге не айтқысы келгенінің шамалы бөлігін болса да сезсе деймін, — деді Карина. Біз оның орындауында Шуманның сонатасын тыңдаймыз, аспапшы оны асып-тасыған ашық эмоцияға балайды. Оның екінші бөлігін жабық, терең деп санау үрдісі қалыптасқан, лирикалық эпизодтары махаббат әуендері ретінде орындалады. Сонатаның қалған бөлімдерінде үмітсіздік: адамдардың «өмірлік апаттардан» қашып құтылуға деген ұмтылысы байқалады. Корелли тақырыбындағы вариациялар қатаң, «орта ғасырлық» ұстамдылыққа толы С.В.Рахманиновтың фортепианоға арналған соңғы шығармалары екені белгілі. Бұл мәңгілік туралы, өмірдің тез өтетіні және өлімнен қашып құтылмайтыны туралы қатал толғау. Көңілсіз толғаныс ішінде нәзік әрі адам жаны айтып жеткізе алмайтын екі әуезді вариация кездеседі.
Карина Ызмайылова не туралы армандайды деген сұраққа ол күліп қана жауап қатты:
— Жақсы музыкант болғым келеді. Менің арғы атам, әжем мен атам және менің ата-анам бар өмірін арнаған өнерді ары қарай жалғастыру – менің алдымда тұрған үлкен жауапкершілік деп ойлаймын.