Жұма күні Орал қаласында Батыс Қазақстан облысы маслихатының кезекті сессиясында Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрына есім берілу жөнінде мәселе қаралды.
Театр ұжымының ұсынысымен жергілікті Мәдениет, архитектура және құжаттама басқармасының қолдауымен облыс әкімдігі мен облыстық мәслихаттың бірлескен қаулысының шешімімен облыстық Қазақ драма театрына КСРО халық артисі, Қазақстанның халық артисі Хадиша Бөкееваның есімін беру туралы мәселе қаралды. Бұл шешім Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы ономастикалық коммиссияның қарауына жолданатын болады.
Батыс Қазақстан Облыстық Қазақ Драма Театры - 1992 жылы маусымда қалалық, 1993 жылы желтоқсанда облыстық қазақ драма театры болып құрылған. Театр шымылдығын Мұхтар Әуезовтің “Қарагөз” қойылымымен ашты. Одан кейінгі жылдары Қадыр Мырзалиевтің “Қасқыр қақпан”, Е. Домбаевтың “Айналайын ақ келін”, “Ғашықтық туралы баллада”, С. Балғабаевтың “Ең әдемі келіншек”, “Біз де ғашық болғанбыз”, М. Хасеновтің “Пай, пай, жас жұбайлар-ай”, С. Асылбековтің “Бір түнгі оқиға”, Ә. Оразбековтің “Бір түп алма ағашы”, т.б. шығармаларды қойды. М. Әуезовтің “Абай”, “Еңлік — Кебек”, “Айман — Шолпан” драмаларын сахнаға шығаруы жас өнер ұжымының шеберлігі шыңдалып, күрделі классикалық туындыларды игере бастағанын байқатты.