- Негізгі бет
- Театр
- Балалар мерекесі: «Қуыршақ...
Балалар мерекесі: «Қуыршақ думан» қойылымы
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесі. Ұрпақтың бақытты өмірін қалыптастырып, мейірімділік нәрін сіңіруді мақсат тұтатын бұл мереке 1955 жылдың қазан айында Женевадағы «Балалардың әл-ауқаты халықаралық бірлігі» ұйымының ықпалымен әлем бойынша аталып өтті. Сол уақыттан бері дүние жүзі көлемінде тойланып келеді.
Бауыр еті бөбегінің қалаған қажетін алып беруге тырысып, сүйреңдеген тілден, сұқтанған көзден аулақ ұстап, жат қылықтан алыс ететін, сүріне қалса елпелектеп жүгіре кететін балажан халықпыз ғой. Реті келсе туған күннен бастап, кішігірім мерекелерге дейін қалт жібергіміз келмейді. Бәрі де бөбектердің шат күлкісі мен шадыман өмірі үшін. Осы бүлдіршіндердің өмірін соғыстан қорғау, денсаулығын сақтау, болашақ ұрпаққа білім мен тәрбие беру жөніндегі барша әлемдік пікірлердің тоғысқан арнасы «Балаларды қорғау күні» мейрамы десек, артық айтқандық емес. Бұл айтулы күн барлық әлемдегі балалардың жағдайына назар аударуды мақсат етіп, әртүрлі іс-шаралар өткізуімен атап өтіледі.
Дегенмен, бұл мереке қарсаңында ата-аналардың көпшілігі балаларын демалыс орындары мен аттракциондардан тұратын саябақтарға апарып, тәттілер мен балмұздақтар әперумен шектеледі. Осы орайда барлық әке-аналарды балдырғандардың жалығуына мүмкіндік бермей, жан-жақты дамытуға әрекет ететін, кез-келген адамға ізгіліктің нәрін құйып, мейрамнан қуаныш алуға мүмкіндік беретін қуыршақ театрына бағыттар едім.
83 жылдық тарихы бар өнер ордасы балғын бөбектерге арналған маңызды мейрам қарсаңында «Мен бақытты баламын!» атты мерекелік бағдарлама ұсынбақ. Шараға мүмкіндігі шектеулі, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балаларына арналып қайырымдылық акциясын ұйымдастыру көзделіп отыр. Сонымен қатар, бағдарлама барысында әр елдің жұлдыздары қуыршақ кейіпінде өнер көрсететін «Қуыршақ думан» (реж.: С.Шүкіров, Қ.Ешмұратова), көрермендерімен бірге Африка елінің орман аймағына сапар шегетін «Арыстанның үрейін қалай емдейміз?» (реж.: Э.Тотева-Андотова) қойылымдары сахналанбақ. Бүлдіршіндердің бала көңілдерін ескере келе, қойылым соңын тарихы тереңде жатқан қуыршақтардан тұратын көрмеге ұласып, ұлттық ойындар ойнатылып, серіктестерден түрлі сыйлықтар үлестірілмек.
Осы ретте Алматы қаласы тұрғындары мен қонақтарын Мемлекеттік қуыршақ театры қуыршақтардың қоржын толы қуанышынан құр қалмауға шақырады!
Бөбектердің таным-түйсігін кеңейтіп, шаттыққа бөлеп, балалық шақтарын бақытты сәттермен өрнектеуге ықпал етейік!
А. Оралқызы