Балалар әдебиеті секілді балалар драматургиясы да құлдырау үстінде. Балаларға арналған пьесаларды режиссерлердің өзі жазуға мәжбүр. Неліктен?
Оның басты себебі, балалар тақырыбында жазатын драматургтердің азаюында. Өткен аптада Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының ұйымдастыруымен «Алтын сақа» балалар спектакльдерінің фестивалі өткен. Ұйымдастырушылар драматургтердің азайып кеткеніне алаңдаушылық білдірді.
Балаларға арналып жылына үш спектакль қойылады. Бұл бір ғана жастар театрына тән нәрсе. Одан бөлек, мемлекеттік «Қуыршақ» театры бар. Демек, жыл сайын кемінде алты-жеті пьеса сахнаға шығады деген сөз. Егер драматургия саласы ақсап тұрған болса, театрлар өздеріне қажетті дүниені қайдан таппақ?
Жалпы, қазақ драматургиясының тууы, дамуы және қалыптасуы дегенде, қазақ балалар драматургиясын да айтпай кетуге болмайды. Балалар драматургиясының негізінде не жатыр? Қазақтың халық ауыз әдебиеті: мифтер, қиял-ғажайып ертегілер, аңыздар. Балаларға арналған сұрамақ, қаламақ, айтыс ойындары, мақал-мәтелдердің өзі драматургияның қалыптасуына ықпал етті деуімізге негіз бар. Жаңа үрдіс бір күнде пайда болмайды, ол ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрмен рухани игілігімізге айналып келеді. Ұлттық әдебиеттің рухани уызы саналатын ауыз әдебиеті – балалар драматургиясының бастау көзі екені белгілі. Батырлар жыры, ертегілер, мысалдар, шешендік сөздер, өтірік өлеңдер, жұмбақтар, тұрмыс-салт жырлары, айтыс, басқа да ауыз әдебиетінің үлгілері өте көп. Сол өте көп үлгіні өз игілігімізге неге пайдалана алмай отырмыз? Қазақ поэзиясының құлагері Ілияс Жансүгіровты қазақ балалар драматургиясының бастауында тұрған қайраткер ретінде бағалаймыз. Мәселен, қазақ баласы түгел білетін «айдалада ақ отау, аузы мұрны жоқ отау», болмаса «аласа ғана бойы бар, айналдырып киген тоны бар», «белі бүкір, алысқа түкір» деген сияқты жүзге тарта жұмбақтарды алғаш жазып алған, редакциялаған, жеке кітап ретінде басып шығарған Ілияс Жансүгіров екенін қазіргі таңда көп адам біле бермейді. Атақты қырық өтірікті қағазға түсіріп, «Өтірік» деген атпен 1927 жылы кітап шығарған да Ілияс болатын. «Бұл жинақтың түпкі ойы, түпкі орны мен өтірігі – үлкендерден гөрі балалардікі, балалар әдебиетіне жатады» деп баға берген де Ілияс болатын. Өкінішке қарай, бүгінгі балалардың дені Ілияс салған жолмен, яғни қазақтың ауыз әдебиетімен, фольклорымен жете таныс емес. Оның бір себебі, көрермен көзайымы боларлық дүниелер театрда жоқтың қасы.
Бір кездері театртанушы Амангелді Мұқан: «Тәуелсіз ел болған бүгінгі кезең бүлдіршіндерге эстетикалық тәрбие беру ісінде, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуді жас балалар аудиториясынан бастауға белсене атсалысудан біздің бұл театрларымыз неге шет қала бермек? Бұл мәселеге жоғары жақтан, арнайы мекемелер тарапынан қозғау салмаса театрлар өз бетінше ізденгісі жоқ секілді. Ал театрдың балаларға арналған өзіндік тартымды репертуары болса, бір жарым миллионнан астам халқы бар қаладан өздерінің жас көрермендерін айырып алатынына сеніміміз кәміл. Балалар мен жастар театрына жетекші болған режиссерлердің сахнада өздерінің жеке шығармашылық амбициясын көбірек ойлағандықтарынан шығар, балалар театры репертуарлық бағытына түбегейлі өзгерістер енгізіп, өзіндік жолын, өзгелерге ұқсамайтын даралығын жоғалтып алды. Театр балалар әлемі мен ересек көрермендер арасын жалғайтын алтын көпір бола алмады» деп сын айтқан екен. Алайда, Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрына жаңа басшылық келгелі бұл олқылықтың орнын толтыруды қолға алған секілді. «Алтын сақа» фестивалі осының нақты дәлелі.
Балалар драматургиясы дегенде, кесе-көлденең шығатын тағы бір мәселе бар. Ол – балалар қойылымдарының насихатының кемшін түсіп жататындығы. Ата-ананың баласымен спектакльді тамашалайтын уақыты да ескерілмеген сияқты. Театр ұжымы балалар қойылымын табысты өткізу үшін осындай кедергілерді жою қажет.
Расында да, театр ұсынған «Алтын сақа» фестивалі – бұрын-соңды театр тарихында болмаған дүние. Театрдың ішкі фестивалі болғандықтан, жүлде де театр артистері арасында сарапқа салынды. Мәселен, «Көрермендер көзайымы» номинациясын «Маугли» спектакліндегі Табаки рөлі үшін Ербол Ыдырысов алса, «Эпизодтық рөлдегі актерлік шеберлігі үшін» «Алдар көседегі» рөлімен Мөлдір Қонысқызы иемденді. «Ең үздік дебют» Динара Нұрболатқа тиесілі болды. Әмина Өмірзақова атындағы «Ең үздік әйел бейнесі» Нұргүл Мыңғатоваға, Қасым Жәкібаев атындағы «Ең үздік қосалқы рөлдегі ер адам бейнесі» Жомарт Зейнәбілге, Аққағаз Мәмбетова атындағы «Ең үздік әйел бейнесі» Динара Абдуллинаға, Байділда Қалтаев атындағы «Ең үздік ер адам бейнесі» Мерей Әджібековке бұйырды. Театр мерекесіне орай ұйымдастырылған бұл фестивальдің көрермен үшін қажет дүние екендігін мойындауымыз керек.
Алайда, қолда бар мүмкіндікті орнымен пайдалануымыз қажет. Балалар театрының іші бүлдіршіндер үшін пайдалы болуы тиіс. Театр дейтін құтты мекенді балалардың да құлшыныспен келетін құдіретті орнына айналдыра алсақ, ұтарымыз көп. Ел болудың да, бесікті түзеудің де алғышарттары осында. Ол үшін көрерменге қызықты қойылым қажет. Қызықты қойылымды жазатын балалар драматургтері. Қоятын – режиссерлер. Режиссерлерге кінә артпай, балаларға арналған сапалы шығармаларды жазатын кезең жетті. Онсыз біз көңілінің гүлі жоқ қуыс кеуде, арсыз, білімсіз ұрпақтың өсіп-жетілуіне себепкер боламыз. Сондықтан, балалар драматургиясын дамытуды бүгін қолға алмасақ, ертең кеш болады.
Дереккөз: aikyn.kz