"Бал-Маскарад" - өзгеріске ұшыраған қойылым

«Бал-маскарад» - оқиға желісі Америка Құрама Штаттарында өтетін Джузеппе Вердидің жалғыз операсы. Опера сюжетіне француз драматургы Эжен Скрибтің пьесасы арқау болды.

1857 жылы кезекті операсының либреттосын іздеу барысында Верди француз драматургы Эжен Скрибтің (1791-1861) «Шведтің III Густавы» пьесасына кезігеді. Бұл пьесасының түпкі тамырында шынайы тарихи деректер болған еді.

1772 жылы III Густавты маскарад балында ақсүйек оппозициясының өкілі, гвардия басшысы граф Анкарстрем өлтіреді. Ульрика сиқыршы әйелдің болжамы бойынша, бұл іс-әрекетке іштарлық, көре алмаушылық сияқты қасиеттер себеп болды.


1858 жылы 14 қаңтарда Швеция королі III Густавтың өлімінің негізінде құралған шығарманы Верди Неапольге әкеледі. Оның басты мақсаты бұл операны Сан-Карло неаполитан театрының сахнасына шығару болатын.  Алайда, 1858 жылы премьера қарсаңында III Наполеонға қарсы итальяндық саяси эмигрант тарапынан шабуыл әрекеттері жасалады. Осы ретте Неаполь басшылығы опера тұсаукесерінен кейін жергілікті халық көтеріліске шығуы мүмкін деп қауіптенеді. Нәтижесінде, басшылық Вердиден сюжетке өзгеріс енгізуді талап етеді.

Өзгерістер енгізілгеннен кейін, оқиға желісі Швецияда емес, Солтүстік Америкада өтетін болды. Басты кейіпкер Густав Бостон губернаторы Ричар Варвик болып өзгерді. Ал оны өлтірген Анкарстрем хатшы Ренато болды. Сонымен қатар, опера желісіндегі саяси жағдайлар мен кейіпкерлердің жеке өмірлері де өзгертілді.

«Бал-маскарад» операсының тұсаукесері Неапольде емес, 1859 жылдың 17 ақпанында Римдегі «Аполло» театрының сахнасында өткен болатын. Вердидің біртума талантының арқасында бұл шығарма көпшіліктің көңілінен шығып, әлемнің басқа да театрларының репертуарына ене бастады.


1940 жылы Нью-Йорк қаласындағы «Метрополитен-опера» театры бұл қойылымды жаңартқанымен, 1950 жылы опера сюжеті әу бастағы Швециядағы оқиғаға қайта оралған.

2011 жылдың қараша айында Абай атындағы Қазақ Мемлекеттік Опера және Балет театрының сахнасында «Бал-маскарад» операсының тұсаукесері үлкен аншлагпен өтті.  

Суреттер: planeta-imen.narod.ru, tengrinews.kz