- Негізгі бет
- Театр
- Бағыбек Құндақбайұлы –...
Бағыбек Құндақбайұлы – қазақ театр тарихын зерттеуші
Қазақтың көрнекті театртанушы-ғалымы, театр сыншысы Бағыбек Құндақбайұлы тірі болса бүгінгі күні 90 жасқа толар еді. Осы мамандық бойынша қазақ топырағында тұңғыш кандидаттық кейін докторлық диссертацияларын қорғаған, Ұлттық ғылым академиясының М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бөлім меңгерушісі, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының профессоры Бағыбек ағайдың аңқылдап жүрген бейнесі әлі көз алдымызда, саңқылдаған дауысы – құлағымызда...
Б.Құндақбайұлы 1926 жылы дүниеге келген. Ташкенттегі театр және көркемсурет өнері институтының театртану факультетінде (профессорлар М.С.Григорьев, М.М.Морозов, А.М.Эфрос, және Я.С.Фельдманның жетекшілігімен) 1950-1955 жылдары оқып, 1955 жылы қазіргі Ғ.Мүсірепов атындағы академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында әдебиет бөлімінің меңгерушісі қызметіне орналасады. 1956-1958 жылдары Жамбылдағы (қазіргі Тараз) республикалық Мәдени-ағарту училищесінде өнер тарихынан сабақ береді. 1958 жылдың мамырынан бастап, өмірінің соңғы күніне дейін Ұлттық ғылым академиясының М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер интитутында кіші, сосын аға ғылыми қызметкер, соңғы 25 жыл бойы бөлім меңгерушісі міндетін атқарды. 1961-1963 жылдар аралығында Б.Құндақбайұлы А.Луначарский атындағы Мемлекеттік театр өнері институтының (қазіргі Ресей театр өнері академиясы) аспирантурасын бітірді (профессор Г.И.Гоян мен Н.И.Львовтың жетекшілігімен).
Б.Құндақбайұлы «Семей қазақ театрының тууы мен дамуы, қалыптасуы» (1964) тақырыбында кандидаттық, «Қазақ театрының негізгі даму кезеңдері» (1996) атты докторлық диссертация қорғаған. Ұзақ жылғы ғылыми және педагогикалық еңбегі үшін Б.Құндақбайұлы 1995 жылы Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткері құрметті атағымен, 2007 жылы «Құрмет» орденімен, 2006 жылы «Ұлы Отан соғысы кезіндегі қажырлы еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Ал 2005 жылы өнертану ғылымында, соның ішінде театртану саласында тынымсыз еңбек етіп, қазақ театрының тарихы жөнінде іргелі де құнды зерттеулері үшін Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықтың иегері атанды. Б.Құндақбайұлы өнертану саласында академик А.Жұбановтан кейінгі бұл сыйлықтың екінші иегері.
Б.Құндақбайұлының сценарийі бойынша академиялық драма театрының жарты ғасырлық тарихы, Серке Қожамқұлов туралы деректі (документтік) фильмдер түсірілді. Ол ғылыми-сыни еңбектерімен бірге, педагогика саласында да мұратына жеткен ұстаз. 1988 жылдан соңғы күндеріне дейін Бағыбек аға Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының «Театр өнерінің тарихы мен теориясы» кафедрасының доценті, профессоры, сонымен бірге 1993-1999 жылдары кафедра меңгерушісі болды. Көптеген актерлер, режиссерлер, театр суретшілері профессор Б.Құндақбайұлынан лекция тыңдаса, 1990 жылдан бері Қазақ Ұлттық өнер академиясында өзі ғылыми жетекші болып театртанушыларға білім берді. Оның жетекшілігімен 18 театртанушы кандидаттық диссертация қорғап шықты. 1983 жылы Болгарияның Софья қаласында өткен «Театр нации – 83» әлемдік театр фестиваліне халықаралық театр сыншылары ассосациясы атынан қатысып, бірнеше мақалалар жариялады. 1991 жылы ол Нью-Йорктегі Колумбия университетінің Азия орталығының шақыруымен бір ай ұлттық өнеріміз жайында лекция оқып қайтты.
Б.Құндақбайұлы Қазақстан Жазушылар, Театр Қайраткерлері одақтарының, ҚР Мәдениет министрлігі мен театрлардың репертуарлық, көркемдік кеңестерінің мүшесі ретінде де үлкен жұмыстар атқарған. Білім және ғылым Министрлігі Ғылым комитеті М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты жанынан құрылған өнертану ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін беру жөніндегі К 53.40.03 Диссертациялық кеңестің төрағасы болып, тәуелсіз Қазақстан тарихында өнертану саласы бойынша ұсынылған көптеген зерттеу жұмыстардың қорғалуына, олардың жоғары деңгейде өтуін жіті қадағалаған.
Б.Құндақбайұлы театр туралы жазуды студент кезінен бастап, республика баспасөзінде ғылыми һәм сыни мақалалары үзіліссіз жарияланып келді. Оның қаламынан көптеген ғылыми еңбектер туды. «Режиссер және спектакль» (1971), «Путь театра» (1974), «Уақыт және театр» (1981) кітаптары және «Облыстық театрлар» (1964), екі томдық «Қазақ театрының тарихы» (1975, 1978, көлемі 40 б.т), Мәскеуде шыққан 6 томдық «История советского драматического театра» (1966-1971), «История театроведения народов СССР» (1987) сынды күрделі зерттеулерде қазақ театрына байланысты монографиялық тараулары жазылды. Ғалым «Мұхтар Әуезов және театр» (1997), «Заман және театр өнері» (2001), «Театр туралы толғаныстар» (2006) атты монографияларын жариялады. Оның Жамбыл, Қызылорда, Семей, Торғай, Атырау, Талдықорған, Павлодар, Шымкент, т.б. облыстық қазақ театрлары жайында да ғылыми зерттеулері әр жылдары жарық көрді.
Сонымен қатар Б.Құндақбайұлы Қазақтың мемлекеттік М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының 40, 50, 60 жылдық тарихы белестеріне арнап кітаптар жазды. Оның қаламынан 300 б.т. астам ғылыми еңбектер мен 700-ге тарта алуан түрлі мақалалар туды. Ұлттық театр туралы сыншының ғылыми очеркі ағылшын, неміс, француз тілдеріне аударылды. Ол театрдың фотошежіресін жасап, 1976 жылы «Восхождение» деген атпен жариялады. Мәскеуде шыққан еңбектерін «Театр», «Литературная Россия», «Литературная газета» басылымдары жоғары бағалаған.
Осы зерттеулерінде Б.Құндақбайұлы драматургия, режиссура, актерлік өнер мен қойылымдардағы жетістіктер мен кемістіктерді сыни көзқараспен тұжырымдап, қазақ театрының тарихына жаңаша келіп, өткен жолын жинақтаған. Театрдың репертуар ауыртпалығын көтеріп, келбетін айқындауда мол еңбек сіңірген Н.Жантөрин, Ы.Ноғайбаев, Б.Қалтаев, Ш.Сәкиев, Ғ.Сүлейменов, т.б. актерлерге жеке дара шығармалық портреттер арнап, шеберліктерінің ерекшелігін ашқан. Мұнда қазақ театрының іргетасын қалаушыларға ғана тоқталмай, әр жылдары труппаға қосылған актерлер жұмыстарына жекелеген спектакльді талдау үстінде тоқталып, олардың сахна өнерін көркейтудегі, шеберлік дәстүрді жалғастырып дамытудағы, жылдар талабына сай өркендеуіндегі ерекшеліктерін жан-жақты талдаған. Сонымен қатар Б.Құндақбайұлы қазақ сахналық өнерін дамытудағы еңбегі сіңген, әр кезеңде өзіне тиісті жүкті көтерген, әр бетбұрысқа, жаңа ізденіске тиек болған, тақырып қамту жағынан да бір-біріне ұқсамайтын негізгі драматургиялық шығармаларға тоқталған. Және ол шығармалардың сахналық қалыптасқан түрін ғана алмай, оның жазылу, қойылу тарихына салыстырмалы түрде талдау жасауы тек драматургияның ғана емес, актерлік өнердің, режиссураның жетілу, өсу кезеңдерін де айқындап ашуға септігін тигізген. Көрермендер, сыншылар арасында айтыс, әр түрлі пікір қайшылықтарын тудыратын кейбір даулы спектакльдерді талдау үстінде Бағыбек ағай оқушы қауымға өз ойын, жеке көзқарасын, түсінігін ғана ұсынбай, ол туралы айтылған, жазылған белгілі театр сыншылары мен ғалымдарының пікірін ортаға салып, салыстырып, ортақ пікір қорытындысына келуі де сахна өнерін талдауға ғылыми тұрғыдан қарауының айғағы. Сондай-ақ, театртанушы-ғалым әрдайым жеке спектакльдерді сөз қылғанда, әсіресе ұлттық драматургиямыздың асыл мұрасына енген «Еңлік – Кебек», «Абай», «Қаракөз», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Ақан сері – Ақтоқты» пьесаларының бертіндегі қойылымдарымен алдыңғы жылдарда қойылған нұсқаларын салыстырып зерттеуі, тек академиялық театр тарихының шеңберінде қалмай облыстық театр сахналарында жүрген спектакльдердің көркемдік деңгейін де саралап өтеді.
Ұлттық театрымыздың дүниеге келуінен бастап, күні бүгінге дейінгі шығармалық жолын тұтас қамтып, кезеңдік қойылымдарын жан-жақты талдаған. Театр тарихына бүгінгі эстетикалық талап биігінен жаңаша келіп, бұрын айтылмаған, кейде қисық жазылған тұстарын ғылыми парасаттылықпен қайта зерделеген. Әсіресе, 1920-1930 жылдардағы сахна өнерінің көркемдік болмысын автор кезінде М.Әуезовпен кездесу үстіндегі ақыл-кеңесін ескеріп, қайта қарастырып, оның даму бағыт-бағдарын айқындаған. Ол М.Әуезов, Б.Майлин, Ғ.Мүсірепов, С.Мұқанов, Ә.Тәжібаев, т.б пьесаларының негізінде қойылған спектакльдерге ерекше тоқталып, бұларды тек қана қазақ театрының ғана емес, тұтас көпұлттық кеңес сахна өнерінің тетігі ретінде қарастыруы – өзінің ұлттық құндылығына деген жауапкер азаматтық сезімін, ой-тұжырымының мазмұндылығын көрсететін құбылыс. Көп авторлардың театр тарихын жазудағы бір жерде тоқталуы – ғылыми бәсеке ғой. Сол бәсекеде алдыңғылардың қатарынан көрінуі Б.Құндақбайұлы жазған тарауларға орталық баспасөзде мамандар тарапынан жоғары бағалануы дәлел.
Театртанушы-ғалымның зерттеулерінде кезінде идеологияның қудалауына ұшырап, жазықсыз жапа шеккен алаш ұлыларының драматургия мен театрға байланысты жазғандары мен ой-толғамдары да кеңінен сөз болады. Шығармалары ұзақ уақыт жабулы болған Ж.Аймауытов, М.Дулатов, Қ.Кемеңгеров, С.Садуақасовтардың ұлттық өнер тарихындағы ерекше орны Б.Құндақбайұлының зерттеулерінде әділ де ғылыми пайымдаулар тапты. Әсіресе, Ж. Аймауытовтың драмалық шығармалары мен аударма пьесаларын бұрыннан жинастырып жүрген сыншы 1990 жылы «Шернияз» деген атпен үлкен кіріспе жазып жариялады.
Автор сонау Барнауылдан Мәскеуге дейінгі аралықта Ж.Аймауытов ізі қалған жерінің бәрін аралап, тірнектеп материал жинастырған. Бұл арада кезінде жойып жіберген Ж.Аймауытовтың драматургиялық шығармаларының біздің елімізде жоқтарын Мәскеудегі Ленин атындағы кітапхананың Шығыс бөлімшесінен қарастырып, солардың көшірмелерін түсіріп алып бір кітапқа топтастыруы да үлкен жұмыстың нәтижесі. Басқасын айтпағанның өзінде Ж.Аймауытовтың ұлттық драматургия мен театрдың негізін қалағанын автор нақты шығармаларды талдау арқылы берген. 1915 жылдың 13 ақпанында Семейдегі приказщиктер клубында Ж.Аймауытов сахналаған «Біржан – Сара» қазақ топырағындағы тұңғыш спектакльден ұлттық театрдың туғанын автор келісті талдап, дәлелдеген. Танымға қаршадайынан зерек Ж.Аймауытов Пушкин, Гоголь пьесаларын аударып, әрі Островскиймен бірге олардың театрлық-эстетикалық шығармаларынан көркемдік нәр алып, өзінің режиссурадағы ізденісін қысқа да нұсқасын қағазға түсіргенін зерттеуші ғылыми тұрғыдан дәлелдеп шыққан. Ж.Аймауытов ұлттық драматургия мен театрдың негізін қалаған қызметін ашып көрсету Б.Құндақбайұлының зеректігі мен батылдығын танытатын құбылыс. Алаш тарландарының ерен шығармашылық еңбектері жайында автор олар ақталмай тұрғанда-ақ қалам тартқан.
Б.Құндақбайұлы театртанумен қатар әдебиеттануға да өз үлесін драматургия саласын зерттеуімен де қосты. Ол театр тарихын құрайтын драматургия, режиссура, актерлік өнерді байланыстырып, қазақ театр өнерін зерттеген. Пьесалардың жазылу, қойылу тарихына тоқталып талдаулар жасаған. «Мұхтар Әуезов және театр» монографиясында Б.Құндақбайұлы ұлттық мәдениетіміздің ұлы қайраткері Мұхтар Әуезовтің қазақ драматургиясының негізін қалап, оны ары қарай дамытуға ерекше көңіл бөлгендігін зерттеген. Мұнда автор драматургтің классикалық үлгіге айналған «Еңлік – Кебек», «Қаракөз», «Айман – Шолпан», «Абай», «Түнгі сарын», «Қарақыпшақ Қобыланды» пьесаларының барлық театрлардағы қойылымдарын ғана қарастырмай, мәтіннің өзіне де әдебиеттану тұрғысынан талдау жасап шыққан. Осы пьесалардың әр кезеңдік өзгерістерге қарай қайта жазылғандығы, ондағы кейіпкерлердің характер ерекшеліктері сыншының назарынан тыс қалмаған. Мәселен: «Еңлік – Кебектің» 1917, 1922, 1943, 1957, «Қаракөздің» 1925, 1959 жылдардағы енгізілген өзгерістері тарихи дәлділікпен берілген. Әсіресе, ұлы драматург ұлт театрының балаң шағынан кәсіби бағыт алу үрдісіне ерекше көңіл бөлген. Әлемдік классика мен орыс драматургиясының озық үлгілерінің күрделілерін өзі қазақшалап, кейбіреулерін басқаларға аудартып, әрі олардың сахналануларындағы режиссерлік жұмыстарына әдеби талдауларымен, жүйелі ой-тұжырымдарымен тікелей араласып отырған. Сонымен бірге М.Әуезовтің театрлық, эстетикалық көзқарасы, әлемдік классиканы қазақшаға аудару жайы, әр жылдары театр мен драматургия туралы және театр сыны төңірегінде жазғандары да бұл еңбекте жан-жақты айтылып кеткен.
Б.Құндақбайұлының «Заман және театр өнері» монографиясы ұлттық сахнамыздың кейінгі 10-15 жылдың көркемдік ізденістерін саралауға арналған. Кітаптың бірінші «Таланттар тобынан» бөліміндегі «Жүсіпбек Аймауытов және театр өнері» тарауында ұлы жазушының драматургиясы мен сахналық ізденістері жүйелі түрде талданған. Автор Ж.Аймауытовтың пьесалары жөнінде, бұған қоса Смағұл Сәдуақасовтың жеке шығармашылық қызметтері жайлы олар ақталмай тұрғанда-ақ қазақша, орысша шыққан зерттеулерінде жариялаған болатын. Осы үшін Б.Құндақбайұлы «Алашорда идеясын театр өнерінде насихаттады» деген жаламен Орталық комитеттен есеп карточкасына жазылып, сөгіс алған еді. 1915 жылы 13 ақпанда Ж.Аймауытов қойған спектакльден ұлт театрының тарихының, соған қажет репертуар мен режиссураның дүниеге келгенін автор нақты архив деректерімен дәлелдеп отыр. Демек, біздің театрымыздың үкімет қаулысымен бекітілген 1926 жылғы 13 қаңтар емес, одан әлдеқайда ерте туғаны белгілі болды. Содан бері қарай қалыптасу процесі үзілмей, Қызылордада ашылған мемлекет театры сонау баста Семейден бастау алған театр труппасының жалғасы деген тұжырымға келеді. Автор кешегі тоталитарлық жүйенің құрбаны болған Ж.Аймауытовтың алуан қырлы, әмбебап шығармашылығын ұлт өнері шежіресімен тығыз байланыстыруды әрі өмірі мен өнерін архивтік деректерге сүйене отырып, дәйектілікпен саралауы да осы мақаланың ғылыми құндылығын арттыра түседі. Сонымен бірге зерттеуші қазақ халқының асыл ұлдарының бірі Ж.Аймауытовтың драматург-жазушы ғана емес, оған қоса ол қазақшалаған дүниежүзілік драмалық әрі өзі жазған шығармаларды қазақ топырағында алғаш сахналаған режиссерлік еңбегін кітапта елеусіз қалдырмай ашып көрсетеді. Шынында да бұл бұрын қазақ театрының тарихында сөз болмаған тың жаңалық болды.
Монографияда осыдан кейінгі мақала қазақ сахна өнерінің қарлығаштарының бірі Жұмат Шанин шығармалығына арналған. Бұл зерттеуінде автор Ж.Шаниннің сахналық-шығармалық еңбек жолын қазіргі М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының алғашқы маусымдарымен байланысты қарастырып талдаумен оның сол кезеңге аса қажетті ұйымдастырушылық қызметін жоғары бағалайды. Режиссер шығармалығы спектакль қоюмен шектелмейтіні анық, ол ең әділ ұстаз, ұйымдастырушы һәм қоюшы екені театр әліппесінен белгілі ғой. Осыған орай еңбекте Ж.Шаниннің өз уақытында дөп келген көп қырлы суреткерлік шығармалық ерекшеліктерін ашып, оның қазақ театр тарихында орны бар өнер иесі екенін атап көрсетеді.
Бұдан басқа «Актер және ұлттық классика» (Қ.Қуанышбаев), «Сахна жұлдызы» (Е.Өмірзақов), «Елу жыл өнер өрінде» (С.Қожамқұлов), тағы басқа мақалаларында өнер адамының шығармашылық өмір жолы мен дарын табиғатын ашып көрсетуге әрі олардың театр тарихында алатын орнын нақтылай белгілеуге ерекше ден қоюымен құнды. Мұнда сонымен бірге біртуар актерлер Ы.Ноғайбаев, Е.Жайсаңбаев, бүгінде түрлі ой-шешімдерімен танылып жүрген ұстаз-режиссерлер М.Байсеркенов, Р.Сейтметовтердің шығармашылық портреттері берілген. Автор бұлардың даралықтарын ғылыми-теориялық негізге сүйене отырып, образ жасау тәсілдерін актерлік өнерін кәсіби тұрғыдан талдаған. Б.Құндақбайұлы бұл мақалаларында актер мен режиссер өнерін, ұлттық классика мен осы заманғы драматургиялық туындылардың қойылуымен тығыз байланыста қарастыру арқылы сахна саңлақтарының ізденіс ерекшелігі мен өнерде ұстанған суреткерлік позициясын айқындайды. Олар сомдаған сахналық бейнелер мен режиссерлік қойылымдардың қазақ сахнасындағы тарихи орнын анықтап тұжырымдайды. Бұл мақалалар сахналық өнерге қатысы жоқ жалаң, қызыл сөз бен артық әңгімелерден тыс, қайта әрбір актер немесе режиссер өнерін ұлттық классикалық туындыларды қою мен орындаушылық өнерді өзара қалыптастыра сахналық өнердің өзекті мәселелерін көтеруімен де ғылыми талдау жағынан аса сапалы болғанын атап өту парыз.
Екінші бөлімде соңғы он жыл ішінде Орта Азия мен Қазақстанда (Ташкент, Ашғабад, Бішкек, Алматы) өткізілген Халықаралық театр фестивальдары, Республика және М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының Ұлыстың Ұлы күні Наурыз бен Халықаралық театр күні мерекесі қарсаңында 1994 жылдан бастап «Театр көктемі» деген атпен жыл сайын өткізілген сайыстардың қойылымдары сараланған. Мұнда көршілес елдердің сахналық шығармалары мен қазақ театрының қойылымдары жан-жақты талданып, репертуар саясаты, актер мен режиссура өнерінің ерекшеліктері кеңінен сөз болып, бүгінгі даму бағыт-бағдары мен үрдістері айқындалады. Мұндағы қойылымдарға әлемдік тұрғыдан баға беруге ұмтылу – критерийдің ұлттық шеңберде қалып қоймауының кепілі.
Сонымен қатар «Заман және театр өнері» кітабында Б.Құндақбайұлы соңғы жылдардағы драматургияға тоқталып, ондағы жаңа бағыт, жаңа мазмұн, жаңа бейнелер жасаудағы драматургтердің қазіргі шығармаларын талдап, олардың сахналық шешімдерін айтып кеткен. Бүгінгі тақырыпқа жазылған драматургиялық шығармаларды ұжымдардың меңгеру деңгейі зерттелген. Мұнда театрдың соңғы жылдардағы қойылымдарына ерекше көңіл бөлген. Әсіресе, М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының Абылай хан өміріне байланысты жазылған Ә.Кекілбаевтың «Абылай хан» (реж. Б.Атабаев) және М.Байсеркеновтың «Абылай ханның ақырғы күндері» (М.Байсеркенов) атты спектакльдеріне ерекше көңіл аударылып, драматургиялық, актерлік, режиссерлік жұмыстары тұрғысынан жан-жақты талданған. Мұнда еліміз егемендік алғаннан кейінгі кезеңдегі театрдың тарихи тақырыпты меңгеру ерекшеліктері мен ізденістері кеңінен сөз болған. Ұлы мемлекет қайраткеріне арналған пьесаның екеуі де өткен күннің тарихи болмысын суреттеп қана қоймай, мұндағы авторлық идеялар бүгінгі егемендік мәселелерімен астасып жатқанын Б.Құндақбайұлы терең зерттеген.
Ал драматург Шахимарденнің «Томирис» пьесасының оқиғасы ұлтымыздың көне замандағы жаугершілік тақырыбына арналғанымен оның идеясы астарлы ойымен бүгінгі егемендік елдігімізді қорғаумен астасып жатыр. Кітапта қазақ театрының жаңа замандағы тарихи тақырыпты меңгерудегі ізденісі ғылыми тұрғыдан талданып сөз болады.
Бұл бөлімде сонымен бірге қазақ театрларының бүгінгі тірлік-тіршілігімізді суреттейтін пьесалардың сахналық көріністері де әдеби һәм сахналық тұрғыдан талданып, кеңінен сөз болады. Кешегі қайта құру тұсында жазылған көптеген пьесалардың көтерген мәселелері идеологиялық ұстанымға сай келмей, қоғам өміріндегі әлеуметтік қайшылықтардың сырын ашуға бағытталған. Бұлардың негізінде қойылған спектакльдердің билік тарапынан қудалауға ұшырағандары да кітапта ашық айтылған. Жинақтап айтқанда, бұл бөлімде де драматургия мен театрдың аса маңызды тәжірибелік және теориялық мәселелері көтерілген.
Осы бүгінгі тақырыпты меңгеру жолында кейбір драматургтер мен режиссерлердің шығарманың сюжетін ойластыру мен сахналық шешімдерінде ұлттық менталитеттен ауытқып, жаппай батыс өнеріне еліктеуден сахналанған шығармаларды мысалға келтіріп, нақты да тиянақты талдаулар жасалды.
«Облыстық театрлар» деп аталатын соңғы бөлімінде Алматыға келіп өнерлерін көрсеткен немесе автордың өзі барып спектакльдердің негізінде облыстық ұжымдардың шығармашылық даму белестері, репертуар түзу саясаты, актерлік және режиссерлік жұмыстары кеңінен сөз болған. Мұнда негізінен бүгінгі театр өнерінің өзекті мәселелерін тілге тиек ете отырып, жалпы облыстық театрлардағы сахналық ізденістер мен олқылықтарын, олардың даму тенденцияларын, драматургиялық тың шығармалардың идеялық-көркемдік сапасын, режиссерлердің спектакль қоюдағы нақты қолтаңбасын, репертуар саясаты мен актерлік шеберлік мәселелерін, өсіп-өркендеу мен даму барысын, бағыт-бағдарын терең талдаудан туған ойлар тұжырымдалған.
Әрине, академиялық театрлармен қатар, облыстық театрларды да тұтас қамтығандықтан репертуар ұқсастығы жиі кездеседі. Мұндайда автор сахналық қойылым айырмашылығына, салыстырмалы тәсілді жиі қолданады. Негізінен рольдерді орындау мен режиссерлік шешімдерде ұқсастық болмайды, ал мұндай ұқсастық болған жағдайда ол қайталау немесе біріне-бірі еліктеу болып саналады. Облыстық театрларды тұтас алып қарастырғанда, автор олардың әрқайсысына тән даралықтары мен көркемдік ерекшеліктеріне көңіл аударып отырады. Жалпы қай зерттеу еңбегінде болмасын Б.Құндақбайұлы театр өнерімен бірге драматургия мәселесін де міндетті түрде қоса зерттеп отырады.
Б.Құндақбайұлы М.Әуезов шығармаларының 50 томдық жинағының алғашқы шыққан үш томына ұлы драматургтің пьесаларын талдап, олардың әр түрлі нұсқаларына ғылыми түсініктер жазған. Он томдық «Қазақ әдебиетінің тарихына» енген «20-30 жылдардағы драматургия» тарауында Ж.Аймауытовтың «Рәбиға», «Қанапия – Шәрбану», «Мансапқорлар», «Шернияз», М.Әуезовтың «Еңлік – Кебек», «Бәйбіше – тоқал», «Қаракөз», «Хан Кене», «Түнгі сарын», «Абай», «Айман – Шолпан», С.Сейфуллиннің «Бақыт жолында», «Қызыл сұңқарлар», Қ.Кемеңгеровтің «Алтын сақина», М.Дулатовтың «Балқия», Ж.Тілепбергеновтің «Перизат – Рамазан», Ж.Шаниннің «Арқалық батыр», Б.Майлиннің «Талтаңбайдың тәртібі», І.Жансүгіровтің «Кек», «Түрксіб», «Исатай – Махамбет», Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» пьесаларының жазылу тарихына тоқталып, оларға әдеби талдау жасап кеткен. Ал осы кітаптың келесі томындағы «1941-1956 жылдардағы драматургия» тарауында Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты», Қ.Мұқашевтың «Дала дастаны», С.Мүқановтың «Шоқан Уәлиханов», М.Ақынжановтың «Ыбырай Алтынсарин», М.Әуезовтің «Намыс гвардиясы», «Қарақыпшақ Қобыланды», Ш.Құсайыновтың «Кеше мен бүгін», «Алдар көсе» пьесаларының көркемдік ерекшелерін айтып, жан-жақты әдеби талдау жасаған. «Қазақ әдебиетінің тарихы» кітабының келесі томдарына бұрын-соңды зерттеу нысанасына ілінбеген 1970-1990 жылдардағы қазақ драматургиясы Б.Құндақбайұлының тиянақты қарастыруымен әдебиет тарихының 9-томына ұсынылды. Мұнда осы кезеңдегі жанрдың даму бағыт-бағдарын айқындайтын О.Бөкейдің, Д.Исабековтың, А.Сүлейменовтың, М.Сматаевтың, Ә.Тауасаровтың, Ә.Таразидің, Н.Оразалиннің, Ш.Нұртазаның, т.б. драматургиялық шығармалары талданып, көркемдік ерекшеліктері анықталған. Сол сияқты келесі томға халық жазушысы Қалтай Мұхамеджановтың шығармалық портреті енген. Мұнда да Б.Құндақбайұлы драматургтің «Бөлтірік бөрік астында», «Құдағы келіпті», «Көктөбедегі кездесу», «Жат елде», «Өзіме де сол керек» пьесаларына талдау жасап, олардың қазақ драматургиясы мен театрындағы орны мен көркемдік деңгейін анықтаған.
Б.Құндақбайұлының бүгінгі қазақ театр өнеріндегі басты бағыттар мен үрдістерді дер кезінде көре алатын даралығын жаңа премьераларға қатысты жазған еңбектерінен де көруге болады. Театр сыншысы репертуар таңдау, режиссура мен актерлік өнердегі көзге түсер жаңалықтарды, сол сияқты олардың дамымай жату себептерін нақты айтқан. Сол тығырықтардан шығу жолдарын да көрсетіп берген. Сыншы ойының ұшқырлығы, бүгінгі қазақ театр өнерінің бүкіл өзекті мәселелерін жетік білетіндігі әр мақаласынан терең аңғарылады. Оның сыншылық қарымы өте кең болды. Қандай тақырыпта әңгіме қозғаса да қазақ театрының бүгінгі бет-алысы мен болашақ дамуына алаңдаушылық білдіріп отырды.
Бағыбек Құндақбайұлы артынан ерген шәкірттеріне, өнер сүйер қауымға мол мұра қалдырып кетті. Оның әр мақаласы, әр кітабы тұнып жатқан театр тарихы. Бағыбек ағайдың кетуімен қазақ театртану ғылымы үлкен қазаға душар болды. Еліміздің театртану саласындағы жалғыз докторы Бағыбек ағайдың алда әлі талай істері күтіп тұрып еді. Енді оның жұмысын шәкірттері, ізбасарлары жалғастырады.
Қазақ театртану ғылымында жарқын беттерін қалдырған көрнекті ғалым, театр сыншысы, тамаша ұстаз, аяулы адам ретінде Бағыбек Құндақбайұлының жарқын бейнесі біздің жүрегімізде мәңгі сақталады.
Анар Еркебай
www.oner.kz