Әлем сахналарын дүр сілкіндірген саңлақ скрипкашы Ержан Құлыбаев Алматыда өнер көрсетеді.
Халықаралық конкурстардың лауреаты Ержан Құлыбаев «Астана Опера» театрының гастроль аясында 5 ақпан күні «Қазақконцерт» сахнасында «Симфониялық концертке» қатысады.
Талантты отандасымыздың орындауында П. И. Чайковскийдің скрипка концерті өтеді. Бұл туынды композитор жазған шығармалардың шарықтау шегі саналады. Екінші бөлімде Сергей Рахманиновтың жауһарлары, № 2 ми минор симфониясы ұсынылады. Оркестр дирижері – Абзал Мұхитдинов.
«Астана Опера» театрының музыкалық жетекшісі Абзал Мұхитдинов, Ержан Құлыбаев әлемдік мәдениет сахнасында сұранысқа ие аспапшы болғандықтан гастрольдік сапарға шақыртылғанын атап өтті. «Ержан заманымыздың атақты ұстаз-скрипкашыларының бірі, Захар Бронның шәкірті, көптен бері шетелде жаттығып жүр. Ержан Құлыбаев әртіс деңгейінің үлкен көрсеткіші болып табылатын Польшадағы Венявский атындағы күрделі байқаудың лауреаты атанды», – дейді Абзал Мұхитдинов.
Ержан Құлыбаев «Астана Опера» театрымен бірлесіп жұмыс істегеніне қуанышты екенін жеткізді. «Алматыға бағыт ұстаған «Астана Опера» театрымен бірігіп алғашқы гастроль барысында өнер көрсету мен үшін үлкен құрмет. Аталған концерт талғампаз алматылық көрерменді әсерде қалдырады, аспапты музыканы сүйер қауым қызықты әрі мәнді кеш бағдарламасына лайықты бағасын береді деп үміттенемін», – деп атап өтті Ержан Құлыбаев.
Концерттің екінші бөлігінде скрипкамен үндесетін кларнеттің орындауында, симфонияның үшінші бөлімінде анық байқалатын шығыс әуеніне қанық әсем туындылар ұсынылады. Сергей Рахманинов ырғақты туындыны жазғанда оны шығыс өрнегімен әрлендіріп, шығармасына ерекше рең берген. Жоғары жетістікке қол жеткізу үшін от пен судан, жез құбырдан өту керектігін білдіретін туындының финалы қызық әрі өнегелі. «Астана Опера» театрының бас дирижері Абзал Мұхитдинов симфония күрделі, көпқырлы, оркестровкасы голографиялық болғандықтан орындалуы қиын екенін атап өтті. «Біз үшін бірінші міндет – біреуі қалғанын басып тастамас үшін жез, соқпалы, ішекті аспаптар арасындағы балансты сақтау», – дейді Абзал Мұхитдинов.
Дайындаған: Сания Аринова
Сурет: «Астана Опера» театрының баспасөз қызметі