- Негізгі бет
- Театр
- Әуезов театрында тұсауы...
Әуезов театрында тұсауы кесілетін "Медея" туралы
Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында 7, 22 маусым күндері Еврипидтің "Медея" трагедиясының тұсауы кесілмек. Билік үшін ештеңеден тартынбайтын Ясон және махаббаты көзсіз кекке айналған Медеяның рөлін ойнау – әр өнер адамының армандаған биігі. Әйел адамның табиғатына қайшы қатігездік пен тақ үшін отбасын тәрк еткен азаматтың жан-дүниесіне үңілудің қиындығы неде?
Өнер шыңына шыққысы келетін әр әртіс армандайтын рөлдердің мәртебесі мен машақаты қандай? Сұрауы не болмақ? Адам санасын сан саққа жүгірткен осы сауалдардың жауабын іздеп, шығармашылық топпен тілдескен едік.
Алена Қабдешова, режиссер:
"Медея" трагедиясын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәрия Жүсіпке арнап сахналамақпын. Оған себеп Т.Уильямстың "Шыны хайуанат" спектаклінде актрисамен тез тіл табысып, селбесіп жұмыс істегенім деп айта аламын. Спектакльге келсек, бұл – көрермен қауымның қабылдауына ауырлау, психологиялық салмақ салатын қойылым. Медея – өз сүйгені үшін бәрін тәрк еткен әйел, махаббаттың жолында әке-шешесін аттап, ағасын өлтірген, жоқшылықтың тауқіметіне төзген жан. "Атаңа істегенің алдыңнан шығады" демекші, ата-анасының батасынсыз, туған бауырын өлімге қиған Медеяны да сүйген жары өзге әйелге айырбастайды. Яғни тақты аңсаған күйеуі Ясон патша қызының өзіне көңілі жығылғанын пайдаланып, Медея мен екі баласын тастап, билікке ұмтылады. Ясон ролін жас та болса бойындағы жалынды, құлшынысты сезіп Қайрат Нәбиоллаға тапсырдым. Жалпы, қозғайтын мәселесі өзекті қойылым көрерменнің көңілінен шығып, оң бағасын алады деп үміттенемін.
Дәрия Жүсіп, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
Медея – әлем театрларында көп сахналанған танымал әрі күрделі шығарма. Оны ойнайтын әрбір актриса өзінің шығармашылық қарымы мен шеберлігіне баға беріп, жан-дүниесіне үңіледі деп ойлаймын. Себебі, бұл бейнені сахнаға алып шығуға кез келген өнер адамының шама-шарқы келе бермейді. Сондықтан "Медеяны толық зерттеп білу мүмкін емес, ол актрисамен бірге өсетін рөл" дегім келеді. Пьесаға үңілсек, ананың тас емшегін жібітіп, тар құрсағын кеңіткен бауыр еті балаларын өз қолымен өлтіруі – бір қарағанда жан түршігерліктей жай көрінгенмен, бүгінгі қоғамда орын алып отырған оқиға. Соған қарамастан "осындай қатігездікке баруға әйелді кім итермеледі?", "қандай жағдай әсер етті?", "оның психологиясында ауытқулар бар ма?" деген жағдайларды қарастырғымыз келмейді, оның орнына қорқақтап, ат тонымызды ала қашамыз. Бұл біздің табиғатымызға жат дүние сияқты. Міне, спектакльде осы сауалдарға жауап іздей отырып, мәселенің себебіне көрермен қауыммен бірге үңілеміз.
Қайрат Нәбиолла, актер:
"Медея" трагедиясында Ясон рөлін ойнау – әр актердің арманы. Бұл – үлкен жауапкершілік пен актерлік шеберлікті талап ететін бейне. Ясонның басына түскен тауқыметті сезіну мен үшін өте қиын болды. Осы күнге дейін жаным түршігеді, кейде жиіркене қараймын. Соған қарамастан спектакльдің премьерасына дайындалып жатырмыз. Басты рөлді ойнайтын Д.Жүсіппен әріптес болу – мен үшін бір бақыт. Ал режиссеріміз А.Қабдешовамен басында түсінісе алмай, біріміздің ойымызды екіншіміз іліп әкетіп, өрбіте алмай жатқан тұстарымыз болды. Қазір керісінше ойымыз да, ойнымыз да бір жерден шығады. Ясонға келсек, әр актер өз кейіпкерін ақтап алуға тырысатыны хақ. Бір қарағанда кейіпкерім адамгершілікке жат істерге баратын, тақ пен мансаптың соңына түскен адам ретінде көрінеді. Шын мәнінде өмірі кедейшіліктің қамытында өткен, жастайынан қуғын-сүргін көрген адам бала-шағасының болашағы үшін өзінің өмірін басқа арнаға түсірмекке мәжбүр болады. Оны жары Медеяға да түсіндіруге тырысып бағады. Ал Ясонсыз өмір сүре алмайтын Медея адам айтқысыз зұлымдыққа барады. Негізінен ойнымыз толық пісіп-жетілді деп айта алмаймын, әлі де ізденіс үстіндеміз.
Мөлдір Бекжан
Г. Берік