- Негізгі бет
- Театр
- Әуезов театрында премьера....
Әуезов театрында премьера. «Ақан сері-Ақтоқты»
Уақыт – көшкен керуен. Сол керуеннің көшін бастап келе жатқан қазақ өнерінің қара шаңырағы атанған М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры десек артық айтқандық болмас. Бүгінде 90-шы маусымның жабылуына санаулы ғана күндер қалғанда, театр ұжымы Ғабит Мүсіреповтің «Ақан сері-Ақтоқты» трагедиясының тұсаукесеріне дайындалуда.
Ұлттық драматургиямыздың жауһары «Ақан сері-Ақтоқты» трагедиясы қай кезең үшін де өміршең туынды.
Халық сүйіктісі, еркін де бекзат, сері Ақан! Ақанның сүйіктісі – ару Ақтоқты және олардың трагедиялы махаббаты. Бұл – зұлымдық пен ғаділеттің, жақсылық пен жамандықтың, ақ пенен қараның дүниенің өзіндей кәрі майданы. Қойылымға өзек болған идея – ақын мен биліктің, жаңа мен кертартпалықтың тартысы. Қарабайыр тұрмыс шеңберіне сыймаған Ақан көрермен алдындағы қысқа, бірақ мән мен мағынаға толы жалынды ғұмырын кешіп шықпақ. Безбүйрек, әккі қоғам ғашықтарды бір-бірінен ажыратып тынады. Бірақ олардың махаббаты мәңгілік дастанға айналады. Бәлкім, ең басты жеңісі де осы шығар...
Қоюшы-режиссер – Қуанышбек Адылов
Қоюшы-суретші – Әнуар Буркітбаев
Композитор – Ғалымжан Берекешов
Режиссер ассистенті – Нұржан Бексұлтанова
Режиссер көмекшісі – Батырбек Әбдіков
Сөз зергері Ғабит Мүсіреповтің қаламынан туған «Ақан сері-Ақтоқты» трагедиясының премьерасы 28, 29 маусым күндері болады. Махаббаттары мәңгілік дастанға айналған қос ғашықтың трагедиялық оқиғасының куәгері болғыңыз келсе, театрға асығыңыз!
Г. Берік