27 маусымда М.Әуезов атындағы Қазақтың Мемлекеттік академиялық драма театрының 89-шы театр маусымындағы алтыншы жаңа спектаклінің тұсауы кесілмек. Театр тарихында сирек қойылған қылмыстық драма жанры қайта жанданып, Игорь Вовнянконың «Қаза мен жаза» спектаклі көрермен назарына ұсынылады. Бұл туралы театрдың баспасөз қызметі хабарлады.
Игорь Вовнянконың бұл шығармасын қазақ тіліне ҚР еңбек сіңірген қайраткері Омар Қыйқымов аударды. Қоюшы-режиссері - КСРО халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Асанәлі Әшімов. Қойылымға Сырым Асқаров режиссерлік етсе, режиссердің көмекшісі қызметін С.Гениярова атқарады. Туындының қоюшы-суретші Ерлан Тұяқов болса, композиторы – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Қ.Шілдебаев. Музыкамен көркемдеген – С.Зубарев, биін қойған – Г.Мұхамеджанова.
Қойылымның сюжеті бойынша, Әсел есімді жас қызға кісі өліміне айыпты деп жала жабылады. Оны даттаушылардың бет пердесі сот процесі барысында ашылады. Адамгершіліктің ала жібін аттаудан дес бермей тұрған бұл топтың мүддесін қорғаушылардың арасында, өкінішке қарай, заң қызметкерлері де бар. Дегенмен де оқиғалары мен психологиялық шым-шытырығы мол спектакльде құқық қорғау органдары қызметкерлерінің адам тағдырына деген үлкен жауапкершілігі мен жоғары кәсібилігі арқасында жас қыз ақталып шығады. Өркениетті де еркін, жауапкершілікті қоғам құрудың басты бір шарты да - осы. Заңның салтанат құруы.
Спектакльдің қоюшы-режиссері Асанәлі Әшімов осыдан он жыл бұрын жазылған И.Вовнянконың пьесасы көркемдік кеңестің шешімімен мақұлданып, өзіне тапсырылғанын айтады. "Дәл қазір артистермен жұмыс істеп жатырмыз. Аталған жұмыс маған да, актерлерге де оңайға соғып жатқан жоқ. Өйткені, криминал жанрында бізде спектакльдер өте сирек қойылған. Енді-енді ізіне түсіп, жастардың ойыны жақсарып келеді. Біздің көрермендеріміз салт-дәстүрді насихаттайтын, тарихи және ән-биі көп қойылымдарға үйреніп кеткен. Бірақ, бұл қойылымды да қабылдап қалар деген сенім бар. Себебі, «Қаза мен жазаның» оқиғалары – әлем халқына етене таныс жалпыхалықтық дүние", - дейді ол.
Бұл спектакль режиссер Сырым Асқаровтың М.Әуезов драма театрындағы «Бейбарыс сұлтанның» ағылшынша нұсқасынан кейінгі екінші жұмысы. Бұл туралы режиссер: "Бұл екеуіне дейін облыстық театрларда он шақты қойылымды сахналадым. Биылғы маусымның спектакльдеріне қарасаңыз, барлығы тарихи қойылымдар. Ал, «Қаза мен жаза» – бүгінгі қоғамның келеңсіз тұстарын көз алдыңызға әкелетін заманауи драма. Асанәлі аға екеуміз дайындық жұмыстарын төрт-бес ай бұрын бастап кеттік. Өзектілігі сол, бүгінгі сот билігінің жағдайы, әділетсіздік кеңінен көрініс тапқан криминалдық драма жақын күндері жарыққа шықпақ. Қазір соңғы дайындық жұмыстарын пысықтап жатқан жайымыз бар. Көрерменнің көңілінен шығуы тиіс деп ойлаймын. Өйткені, бір қыздың басындағы тағдыр залдағы көрерменнің көз алдында өтіп жатыр, әлі де өтуі мүмкін. Қысқаша айтқанда, И.Вовнянконың еңбегі – көрерменнің өздері туралы спектакль", - дейді.
Шәпиға бейнесі сомдаушы актриса Шынар Жанысбекова кейіпкерінің жағымсыз болғынына қарамастан, оны ақтауға тырысқандығын айтты. "Маған берілген рөл Шәпиға бейнесі жағымсыз кейіпкер дегенмен оны ақтаудың да жолын тауып көрдім. Себебі, жаман адамның өзінің бір жақсы тұсы болатыны анық. Ол да ана, баласы үшін сондай үлкен өтірікке барып, жас қыздың тағдырына балта шабады. Баласын құтқару мақсатымен ғана Әселге жала жауып, жанұясының берекесін сақтамақ болады. Кейіпкердің сипатына келсем, автор оны өте жеккөрінішті әйел етіп көрсеткен. Біз оны «жұмсартуға» тырыстық. Сондай-ақ, ерекше бейне деп те айта алмаймын. Көрермен оның алғашқы сөзінен-ақ жағымсыз кейіпкер екенін байқай алады.Шәпиғаның түбіне жеткен «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын…» деген аталы сөз екенін білсе деймін. Спектакльдегі Шәпиға рөлі арқылы көпшілік бар жағдайды жасап алған, бірақ не ұлдың, не қыздың тәрбиесіне көңіл бөлмейтін әйелдің қоғамға қауіп әкелетінін сөзсіз ұғынады деген сенімдемін", - деп көрермендерге сенім білдірді.
Әсел бейннесін сомдаушы Ажарлым Бақытжанова: "Маған ұсынылған рөл – ауылдан келген Әсел деген қыз. Әкесіз өскен, анасы науқас Әселді бір үлкен кісі қалаға жұмысқа шақырады. Сөйтіп, ауырдың астымен, жеңілдің үстімен жүріп үйренген отбасының үйінде қызметші болып жұмыс істейді. Сол үйде жүріп спектакльдің негізгі оқиғасы кісі өліміне кінәлі деп табылады. Осы тұста бай мен кедейдің қоғамдағы орны айқындала бастайды. Яғни, ақша мен таныс кімде болса заң соның ығына жығылатынына Әселдің көзі жетеді. Тергеуден шаршаған оның үміті үзіліп, жазықсыз болса да «кінәлімін» деп сөйлейтін жері бар. Бірақ та, ақырында әділеттің ақ туы желбіреп, қылмыскер табылады. Спектакль барысында Әртістің «Шортандар – еркіндікте, шабақтар – қамауда» деген бір сөзі бар. Осы бір ауыз сөз криминалдық драманың мазмұнын ашып тұрған сияқты", - деп ойын білдірді.
Спектакль премьерасы 27 маусым күні болады. Театрда кездесейік, ағайын!