7 мамыр күні М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрында «Лир патша» жаңа қойылымының алғашқы көрсетілімі өтті. Тақталас тақырыбындағы трагедия Шекспирдің атақты «Король Лир» пьесасы негізінде сахналанған.
Трагедияны сахналаған – М.Омарова
Қоюшы режиссер – Е.Нұрсұлтан
Қоюшы суретші – Т.Есімбаев
Музыкамен көркемдеуші – Е.Есенбаев
Режиссердің көмекшісі – С.Гениярова
Басты Лир патша рөлінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дулыға Ақмолда, Кент бейнесінде Ермек Бектесов ойнады. Лир патшаның қыздары ролін театрдың жас әртістері: Әсел Сайлауова (Гонерилья), Жанаргүл Жаныаманова(Регана), Динара Үсенова (Корделия) шебер сомдады.
Трагедияда тәж бен тақ тауқыметі көрініс табады. Қойылым атын естіген адамның көз алдына бірден тақта тапжылмай отырып, халыққа қаһарын төгіп, бұйрығын орындататын патша елестеуі мүмкін. Алайда бұл қойылым сіз бен біз күткеннен өзгерек.
Қойылым желісі әкенің үш қызын аялап, гүлдей мәпелеп, су құйып өсіруімен басталып, өлген гүлдерін қанша су құйса да тірілте алмауымен аяқталады. Әке мен бала арасындағы қарым-қатынас, қарттық, билік, тәрбие, махаббат – барлық мәселе осы көріністе қылаң береді.
Кенже де ерке қыздың апалары әкесін қалай жақсы көретінін айтып, алып жерге иелік етіп, патшалық құрады. Ал кіші қызы әкесіне деген махаббатын сөзбен жеткізе алмайды әрі "Екеуі де тек сізді түйеді екен, Ендеше неге басқа күйеуге тиеді екен" деп апаларының махаббаты шынайы емес екенін білдіріп, ақиқатшыл асау қыз әкесінің шамына тиеді. Оның тағдыры қалай болады?
Жат жұрттық болса да ата-анаға қашан да қарайласып, жағдайын ойлап тұратын қыз баланың бәрі бірдей қамқоршы ма? Балаларды бөліп-жарып, бірін өзгелерден артығырақ жақсы көру соңы неге апарып соғады? Ақылды мен ақымақтың айырмашылығы қандай?
Соңғы сұраққа Кент "Ақылды таз басын бас киім киіп жасырады" деп жауап береді. Ал басқа сұрақтарға әртістер оқырмандармен бірге жауап іздейді.
Санасында саңылауы бар жанды терең ойға қалдыратын жаңаша қойылымнан құр қалмаңыз. Келесі көрсетілімі 17 мамыр күні болады.