29-30 қараша күндері сағат 18.30-да М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрының үлкен залында Асқар Сүлейменовтің Адасқақ (Плач о погибшей песне) драма-диалогының премьерасы өтеді. Адасқақ көрнекті жазушы-драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Асқар Сүлейменовтің прозалық циклы бойынша қойылған драма-диалог. Спектакльдің бас кейіпкері қазақтың атақты әнші-композиторы Біржан сал Қожағұлұлы. Өмірбаяндық емес, өнербаяндық көркем қойылым оқиғалары бір күн ішінде, өң мен түс арасында өтеді. Өмірінің соңында дерт меңдеген Біржан сал. Өмір-өнер елестері. Абаймен, Ақанмен кездесулер, рух түлетер қауышулар, қоштасулар... ...Өтерінде, кетерінде шыр айналды... пәни дүниедегі өксік-өкініштер... Өнер адамының ұстанымы жайындағы көзқарастардың қақтығыстары... Құмсағаты түгесіле бастап, жаны мұрнының ұшына келген Біржан сал ән-зар шығарады. Әнмен мінәжат етеді. Ол ән-зар һәм мінәжат Теміртас. Қазақта теңдесі жоқ музыкалық жоқтау. Реквием... Көркем туындының сахналық нұсқасын жасаған театрымыздың Әдебиет бөлімінің меңгерушісі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Әлия Бөпежанова. XIX ғасырдағы қазақ ән мен сөз өнерінің ірі өкілдерінің бірі Біржан сал Қожағұлұлы өмірінің соңғы күндерінен сыр шертетін қойылымның режиссері ҚР еңбек сіңірген қайраткері Әубәкір Рахимов. Оқиғалары бір күн ішінде, өң мен түс арасында өтетін көркем шығарманың қоюшы-суретшісі Мұрат Сапаров болса, музыкамен көркемдеген Бейбіт Дәлденбаев. Бұл спектакльде Біржанның сахналық бейнесін театр репертуарындағы ұлттық және әлемдік классика, заманауи драматургиялық шығармаларда негізгі кейіпкерлерді сомдап жүрген Бекжан Тұрыс жасайды. Сондай-ақ аталған спектакльге: Күнсұлу Шаяхметова, Айзада Сатыбалдиева, Жалғас Толғанбай, Жасұлан Байсалбеков, Болат Әбділманов, Жоламан Әміров, Асан Қырқабақов, Бауыржан Қаптағай, Жанат Тинбаев, Саят Мерекеұлы, Омар Қиқымов сынды театр әртістері жұмылдырылған.