М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры 4-6 сәуір аралығында Орал қаласына гострольдік сапарға аттанады.
Театрымыздың директоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Біләл бастаған театр ұжымы ҚР халық әртісі, Орал өңірінің тумасы Гүлнар Жақыпованың қатысуымен қойылатын 3 спектакльді Батыс Қазақстан облыстық драма театрында сахналайды. 4 сәуір Серік Асылбекұлының «Империядағы кеш» драмасы, 5 сәуір Түнжер Жүженоғлының «Көшкін» әфсанасы (ауд. О.Қыйқымов), 6 сәуір Ғарифолла Есімнің «Таңсұлу» драмасы. Аталған спектакльдердің режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алма Кәкішева.
«Империядағы кеш» – С.Асылбекұлының бүгінгі күн шындығын бүкпесіз баяндаған шығармасы. 2013 жылы Ақтөбе қаласында Т.Ахтановтың 90 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының ХХІ Республикалық фестивалінде «Бүгінгі заман тақырыбын сәтті игергені үшін» аталымымен марапатталып, лауреат аталған қойылым. Спектакльде Айдар есімді кәсіпкер арқылы билік пен мансаптың, көкала қағаздың соңына түсіп, бұл өмірдегі гуманистік қасиеттерден алшақтаған жандардың шынайы бет-бейнесі ашылады. Автор С.Асылбекұлы: «Мен халық-ағарту, білім беру саласында істеймін. 2001 жылдан бері жоғары оқу орындары жүйесінде қызмет етіп жүргеніме он төрт жыл болды. Әртүрлі қызмет істедім, аға оқытушы, доцент, профессор болдым. Университеттегі адамдардың, ұстаздардың мінез-құлқын, әдет-салтын, өмірлік ұстанымдарын біраз білетіндей тәжірибем бар, сол негізде жаздым», – дейді.
Ал, «Түріктің Чеховы» атанып кеткен Түнжер Жүженоғлының «Көшкін» қойылымында апатты аймақтағы ауыл адамдарының өмірі суреттеледі. Бұл – жұртқа төнген апат туралы ғана емес, адам санасындағы үрейден арылу қажеттілігін көрсететін пьеса. Үрейлену – үндемеу. Дыбыс шықса, көшкін жүреді деген үреймен жылдың тоғыз айын үнсіздікпен өткізген таулы аймақтағы шағын қыстақта өмір сүретін адамдардың қорқынышы...
«Таңсұлу» – қазақтың қасиет деген сөзінің бір формасы» деп Алма Кәкішева айтқандай, намысы, елі, ұрпағының амандығы үшін сұлулығын тәрк еткен, шамамен Төле би заманында өмір сүрген батыр әйелдің ерлігі Ғ.Есімнің шығармасы арқылы тарих бетіне түссе, А.Кәкішеваның режиссерлігімен қарашаңырақ сахнасында қойылып, сыншылардың жоғары бағасына ие болды және көрермен қауымның көзайымына айналды. Осы орайда, бұрынғы, қазіргі заманды және болашақты тоғыстырған видеожоба, голография қолдануға бейімділігі арқасында қазақ сахнасына тың сценографиялық серпіліс әкелді. Жетіген мен домбыра ойнайтын дарын иесі, қазақ қыздарының қайтпас қайсар рухын, өр мінезділігін жаңғыртқан Таңсұлу бейнесінде – театрымыздың актрисасы Ажарлым Бақытжанова. «Әйел затына сұлулық бақытқа қоса қасірет әкеледі, бәйбіше, баланың жолы күншығысқа да, күнбатысқа да бастап тұр. Анық-қанығын менің құмалақтарым аша алмай, қиналыста отырмын. Байқаймын, балаңыз өзінің алдағы өмірін өңінде көріп, болжағанға ұқсайды. О, ғажап, мұндай да болады екен-ау!» деген ұлтымыздың ұмытылған, тарих қатпарының құпия жадында сақталған бақсының сөзінен-ақ қойылымның бет алар бағыты аңғарылғандай. Осындай жауапкершілігі зор рольді мойнына алған Г.Жақыпова қойылыммен біте қайнасып, сабақтаса өрілгендей.
Құрметті өнер сүйер қауым, 90 жылдық тарихы бар, қазақ театр өнерінің алғаш ірге тасы қаланып, шымылдығы ашылған, КСРО және Қазақстанның халық әртістері, ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері еңбек ететін өнер ордасының Орал қаласындағы Батыс Қазақстан облыстық драма театрында сахналанатын қойылымдарын жіберіп алмаңыздар!
М.Әуезов театрының баспасөз қызметі