Кеше М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрында «Экспо –2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында көрермен назарына ұсынылатын спектакльдер жөнінде БАҚ өкілдерінің қатысуымен баспасөз маслихаты өтті.
Театр директоры Ерлан Біләл осы шараға қатысты мақсат-міндеттермен бөліссе, театр директорының кеңесшісі, Қазақстанның халық артисі Есмұхан Обаев Астана қаласына сапар шегетін қойылымдардың мазмұндық ерекшеліктерін айтып, не себепті бұл қойылымдардың таңдалып алынғаны туралы кеңінен әңгімелеп берді. Сонымен қатар, театрдың «Әдебиет бөлімінің» меңгерушісі Әлия Бөпежанова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театрдың қоюшы-режиссері Алма Кәкішева «Экспо-2017» көрмесінде сахналанатын 7 спектакльге кеңінен тоқталып, дайындық жұмыстарымен, ұжымда болып жатқан жаңалықтармен бөлісті.
Маусым айының 18-26 күндері Астана опера және балет, Астана Жастар театрының сахнасында театр ұжымы төмендегі спектакльдермен өнер көрсетеді: Ғ.Мүсірепов «Махаббат дастаны» (реж.Қ.Сүгірбеков), Р.Отарбаев «Сұлтан Бейбарыс» (реж. Ю.Ханинго-Бекназар), М.Әуезов «Абай» (реж. Е.Обаев), М.Омарова «Көмбе нан» (реж.А.Кәкішева), Ғ.Есім «Таңсұлу» (реж.А.Кәкішева), Ғ.Мүсірепов «Қыз Жібек» (реж.Е.Нұрсұлтан), Иран-Ғайып «Қорқыттың көрі» (реж. Й.Вайткус).
Ел тарихындағы ауқымды шараның жоғары деңгейде өтуі үшін театр ұжымы қызу дайындық үстінде.