Жуырда М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театры тағы бір жаңа қойылымның тұсауын кеспек. Бұл туралы театрдың баспасөз қызметі хабарлады.
Жаңа қойылым француз драматургтері Ф.Дюмануар мен А.Д`Эннеридің "Дон Сезар де Базан" ("Испандық ақсүйек") комедиясы болмақ. Комедияны Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі режиссер Әубәкір Рахимов сахналайды. Режиссерге Алена Қабдешова көмекшілік етеді. Туындының қоюшы-суретші Ерлан Тұяқов болса, композиторы - Шырын Базарқұлова, балетмейстер - Гузель Мұхамеджанова. Қойлымның премьерасы 19, 20 желтоқсан күндері өтеді.
"Дон Сезар де Базан" комедиясы 1843 жылы Парижде қойылған. Спектальде сыған қызы, көше бишісі Маритана әдемілігімен Испан королінің көзіне түседі. Алайда корольдің әйеліне ғашық екі жүзді, сатқын әрі зұлым сарай министрі ғашықтардың махаббатын өз пайдасына шешпек болады. Ақыры сыған қыз өлім жазасына кесілген граф Дон Сезар де Базанға күйеуге тиеді. Шытырман оқиғалы комедия көрерменін бейжай қалдырмайды.
"Дон Сезар" рөлін Ғалым Оспанов, Еркебұлан Дайыров сомдаса, "Корольді" Жандарбек Садырбаев, Бауыржан Қаптағай ойнайды. Ботагөз Жақыпбекова мен Ләйлә Тілеуова "Маритана" рөлінде өнер көрсетсе, "Дон Хосе " рөлін Бақтияр Қожа мен Азат Сейтметов сахналайды. Сондай-ақ, өзге де рөлдер реті мынадай: "Маркиз " - Жоламан Әміров, Бекжан Тұрыс; "Маркиза" - Гүлнар Жақыпова, Наз Жекенова; "Ласарилио" Елжан Тұрыс; "Капитан" - Дархан Мұсаев, Талғат Сағынтаев; "Перез" - Үсіпхан Сейтімбет, Руслан Сенкебаев; "Арликинолар" - Мерей Мұқтарұлы, Қайрат Нәбиолла.
Сурет: auezov-teatr.kz