14 сәуір күні Астана қаласының "Жастар" театры Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттерімен кездесті. Естеріңізге сала кетсек, театрдың 10 жылдық мерейтойы мен ұстаз, әрі көркемдік жетекшісі Нұрқанат Жақыпбайдың 70 жасқа толуына орай, аталмыш өнер ордасының ұжымы Алматылық көрермендерге гастролдік сапарын бастаған болатын. Кездесу еркін форматта, ашық сұхбат түрінде жүргізілді. Театр қоржынынындағы репертуарлар , жетістіктер мен алдағы жоспарлар жайлы сұрақтар қойылып тиісінше жауап та алынды.
Кездесу барысында алғаш сөз кезегін Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері , бас режиссер Нұрқанат Жақыпбай мырза алды.
Нұрқанат Жақыпбай: "Театрдың мақсаты-ақыл айтып ағынан жарылу емес, ой салу, өз келбетіңді табуға, болмысыңды ашуға үндеу. Қазақ қоғамындағы өзекті мәселелерді түрлі образдармен, тартыcы мол шиеленіcкен оқиғалармен, замананың шынайы келбетін көрcететін көркемдігін сақтай отыра жеткізу. Театр-рухани мәдениетіміз бен тарихи қуаттылығымыздың бейнеcі болғандықтан эcтетикалық талапқа cай, сұлу да, шебер қойылым әзірлеу негізгі қағидамыз,- дейді.
Талайлардың тілін сындырып, тізгінін түзеткен театр өнері қайталанбас келбетімен бір-біріне ұқсамайтын элементтерімен ерекше. Театр директоры Ернар Жұматаев театрдың қоғамдағы рөлі мен қойылымның көркемдік өміршеңдігі турасында пікір білдірді. Сахна саңлақтары Ербол Тілеукенов, Дәурен Серғазин, Мейірғат Амангелдин кино мен театр саласындағы болашақ жоспарларымен бүкпесіз бөлісіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Жастар театры гастролдік сапардың ұзақтығы жағынан рекорд жаңартқан, көне жауһарларымыздан фольклорлы мюзикл жасап, заманауи негізге бейімдеген бірден-бір театр.
Кеш барысында ұлттық университетіміздің тарапынан іс-шараның өткізілуіне мұрындық болған Механика-математика факультетінің деканы Бектемесов Мақтағали Әбдімәжитұлы, Әл-Фараби атындағы кітапхананың ақпараттық қызмет көрсету басқармасының басшысы ДЖаманкозева Ақмарал Аманкелдіқызы сөз алды. Механика-математика факультетінің оқытушысы Әбенов Болат мырза театр тарихы төңірегінде көрермен көңіліне ой салар сауалдар қойып, үздік танылған студенттерге театр билетін табыстады.
Кездесу соңында "Жастар" театрының актерлеріне қолқа салынып, ән шырқалды.
Сонымен қатар театр ұжымына қара шаңырақ ҚазҰУ-дың атынан кәдесыйлар ұсынылды. Студент жастар мен театр актерлері естелік суретке түсіп, ҚазҰУ қалашығына өз қолтаңбаларын қалдырды.
Сондай ақ көзі қарақты көрермен театрының қойылымдарын Сәуір айының 16-сы "Алғашқы махаббат" (Ғ.Мүсірепов театры) және 20-26 аралығында М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрынан тамашалай аласыздар. Гастрольдік сапар барысында театр репертуарындағы Ә.Кекілбаевтің "Нартәуекел'', Н.Гогольдің ''Ревизор'', Б.Соқпақбаевтың ''Көзіме бір көрінсең бала ғашық'', С.Қасымбектің ''Лифт'', Т..Миңнуллиннің ''Іздеп аптым сені...'' , У.Шекспирдің ''Асауға тұсау'' қойылымдары сахналанады. Ендеше, жастар театрының жаңашыл спектаклдерін жіберіп алмаңыздар.
Сәуле Нысанбек