21 ақпанда опералық классикалық шығармалар ішіндегі сүйіктілері мен ең танымалдары театрдың Мәрмәр залында өтетін "Сүйікті опералар ізімен" атты концертте көпшілік назарына ұсынылады. Бұл туралы «Астана Опера» театрының баспасөз қызметі хабарлады.
Әр әншінің сүйікті операсы бар. Халықаралық сыншылардың жоғары бағасын иеленген асқан лирикалық-драмалық сопрано дауыс иесі Жұпар Ғабдуллина өзінің операға және осы жанрдың алып шеберлерінің бірі Джузеппе Вердиге деген сүйіспеншілігі жайлы айтып берді: "Мен Дж. Вердидің "Трубадур" операсынан Леонораның ариясын шырқаймын. Әуенінің ерекше мәнерлі және сарқылмас құштарлыққа толы келетіндігінің арқасында "Трубадур" - дүние жүзіндегі ең әйгілі опералардың бірі. Бұл композитордың орасан зор еңбегінің бірі және менің репертуарымдағы оның төртінші операсы. Спектакль барысында кейіпкерді сомдаған кезде әртіс оның бүкіл ғұмырын бастан кешеді. Бақыт құшатын сәттер болады, кейде мұңға батып, қасірет шегесің".
Кеште өнер көрсететін театрдың жетекші солисттері: Армения Республикасының халық әртісі Барсег Туманян (бас), ҚР еңбек сіңірген әртісі Жаннат Бақтай (сопрано), ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Сүндет Байғожин (баритон), Талғат Мұсабаев (баритон), Жәмиля Жарқымбаева (сопрано), халықаралық конкурстардың лауреаты және "Ресей – Мәдениет" телеарнасындағы "Үлкен опера" жобасының жеңімпазы Салтанат Ахметова (сопрано), халықаралық конкурстардың лауреаттары Айзада Қапонова, Маргарита Дворецкая (сопрано) және басқалары. Сонымен қатар концертке маэстро Абзал Мұхитдиновтің жетекшілігіндегі "Астана Опера" театрының симфониялық оркестрі және хоры қатысады.
Тыңдарман назарына ұсынылатын опералық көріністер мен ариялар: А. Жұбанов пен Л. Хамидидің "Абай", М. Төлебаевтің "Біржан-Сара", Е. Рахмадиевтің "Қамар Сұлу", П. Чайковскийдің "Евгений Онегин", Дж. Вердидің "Аида", "Дон Карлос", "Травиата", Дж. Пуччинидің "Богема", "Мадам Баттерфляй", Дж. Россинидің "Севильдік шаштараз", П. Масканьидің "Ауыл абыройы", Ж. Оффенбахтың "Гофман ертегілері" опералары және басқалары.
Веронадағы әйгілі Filarmonico театрында итальяндық көрерменді өнерімен тамсандырған театрымыздың жетекші солисті Сүндет Байғожин былай дейді: "Абай" операсының театрымыздағы тұсаукесері қарсаңында мен Абайдың "Ей, халайық" ариясын орындаймын. Бұл операда композиторлар Абайдың шығармаларын және классикалық музыка тілімен жақсы үйлесетін қазақ халық әндері мен күйлерінен әуендер пайдаланған. Абайдың ариясы қазақтың ұлы ақынының бейнесін толығымен ашады, оның өлең-жырларында кеңінен паш етілетін философиялық ойларының тереңдігін жеткізеді".
Дирижерлер – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов, Руслан Баймұрзин, Арман Оразғалиев.
Концерттің басталуы 19:00-де, билет бағасы - 1 500 теңге.
Cурет: Театрдың баспасөз қызметі