- Негізгі бет
- Театр
- Астанада "Симфоника" атты...
Астанада "Симфоника" атты концерт легі өтеді
15 ақпанда «Симфоника» атты жаңа концерттер легі «Астана Опера» театрының Мәрмәр залында «Людвиг ван Бетховен» бағдарламасымен ашылады.
Симфония – (грекше «дыбыстар үндестігі, үйлесімді ұйқасуы») – 18 ғасырдың ортасында қалыптасқан оркестрлік музыканың жетекші жанры. Симфония өзінің классикалық келбетін веналық классиктер мектебінің өкілдері - Й. Гайдн, В.А. Моцарт, Л. Бетховеннен иеленді.
Тыңдарманға ұсынылатын «Симфоника» деген атаумен біріктірілген концерттер легі, келетін қонақтарды симфониялық музыканың жауһарларымен таныстырады.
- Бұл жанр мәңгі жасайды, - дейді музыкатанушы Маржан Жәкенова.– Л. Бетховен – симфонияның жаңа түрін шығарушы. Оның еңбектерінде ерлік салты, лирика, драма тығыз үйлесіп, сюжет желісі қалай өрбісе де, туындының соңы қашанда жеңіспен аяқталады. Композитор шығармашылығының ұраны: «Қараңғылықтан - жарыққа, күрес арқылы - жеңіске». Жеңіс оңайшылықпен келмейтінін қаперде ұстаған абзал, ол күш салып, онымен айқассаң ғана қолжетімді, - дейді концерт жүргізушісі.
Осы кеште астаналық тұрғындар мен қонақтардың назарына №3 ми-бемоль мажор симфониясы, «Батырлық» ор.55 және оркестрмен скрипкаға арналған ре мажор концерті, ор.61 ұсынылады. Симфониялық музыканы орындайтындар: солист – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Бағдат Әбілханов (скрипка), «Астана Опера» симфониялық оркестрі. Дирижерлық тізгінде – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов.
«Оркестр солисттері үшін симфонияны орындау - үлкен бақыт, бұл оркестрдің әнші мен аспапшыдан кейінгі орынды иеленіп, жай ғана сүйемелдеп, шығарманы ойнап қана қоймай, осы бір кештің басты назары болатын музыканы жеткізу», - дейді «Астана Опера» оркестрінің солисттері.
Концерт 18:00-де басталады, билет бағасы 1500 теңгеден жоғары.
Сурет: Театрдың баспасөз қызметі
Ф. Абилова