- Негізгі бет
- Театр
- Астанада "Классикадан джазға...
Астанада "Классикадан джазға дейін" атты кеш өтеді
23 маусым күні «Астана Опера» театрында «Классикадан джазға дейін» атты музыкалық кеш өтеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі театр баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Театрдың Камералық залында тыңдарман назарына «Достардың ортасында» атты концерттер тізбегінен классикалық, джаз және бүгінгі заман музыкасының жаңа көрнекті бағдарламасы ұсынылады.
Жер бетіндегі үздік гитарашылар қатарына жататын, Еуропаның аса маңызды джаз музыканттарының бірі Джанго Рейнхардтың «Армандарымның сарайы» атты пьесасы кеш бағдарламасының көркіне айналады. Оның жарқыраған көркем суырып салма өнері неше ұрпақтың орындаушыларын шабыттандырды. Сонымен қатар концерттік «шашуда» орындалатын шығармалар: П. Калвидің «Accarezzame», Э. Хампердинктің «Соңғы вальсі», Г. Манчинидің «Қызғылт бабыры», Д. Гершвин, А. Пьяццолла, Н. Бродский, М. де Понсе және басқалардың туындылары.
Көрермен тамашалайтын ұмытылмас аспапты композицияларды орындайтын дарынды музыкант-аспапшылар: оркестрдің концертмейстерлері, солисттері, бірінші скрипкашылары – ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Бағдат Әбілханов, Айсұлу Бәйкенова; Кирилл Красюков (скрипка), Бақыт Әкебаева (альт), Дилором Тишаева (виолончель), Ермек Сәрсембаев (контрабас), Алексей Косырев (флейта), Рақметәли Бекбабаев (гобой), Александр Малиновский (туба), Любовь Ткаченко (арфа), Мұрат Омаров (соқпалы). Ұлмекен Бектаева мен Шыңғыс Оспанбаев кешке жалынды билерімен сән береді.
Опера және джаз вокалының қоспасымен тыңдарманды ләззатқа бөлейтін «Астана Опера» солисттері: ҚР Еңбек сіңірген әртісі Жаннат Бақтай (сопрано), ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Жан Тәпин (тенор), халықаралық конкурстардың лауреаты Салтанат Ахметова (сопрано), Талғат Ғалеев (баритон), Евгений Чайников (баритон).
Фортепиано партиясында – халықаралық байқаулардың дипломанты, Мәдениет қайраткері Елена Сахно.
Концертті жүргізуші – музыкатанушы Маржан Жәкенова.
Концерт 19:00-де басталады, билет бағасы 1 500 теңге.
Ф. Абилова