- Негізгі бет
- Театр
- Астанада «Аққу көлі»...
Астанада «Аққу көлі» тербеледі
Одетта-Одиллияның партиясы балерина үшін шеберліктің биік шыңы саналады. 6 ақпанда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мәдина Баспаева жаңа белесті еңсергелі тұр. «Астана Опера» жетекші солисінің дебюті П. Чайковскийдің «Аққу көлі» балетінде Үлкен зал сахнасында өтеді.
Қоюшы балетмейстерлер — Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Тұрсынбек Нұрқалиев, Ғалия Бөрібаева. Қоюшы дирижер — Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айдар Әбжаханов. 6 ақпанда Зигфридтің рөлін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тайыр Гатауов сомдайды. 7 ақпанда Одетта-Одиллия партиясын Әйгерім Бекетаева, ханзада партиясын Еркін Рахметоллаев орындайды. Ротбарт — Бауыржан Боранбаев.
Мәдина Баспаева — бүгінгі күнгі қазақстандық жарқыраған балериналардың бірі, өзінің асқан шеберлігін ол «Ұйқыдағы ару», «Ромео мен Джульетта», «Спартак», «Жаңғақ шаққыш», «Бақшасарай бұрқағы», «Баядерка» және т.б. қойылымдардағы басты партияларда паш етті.
Жетілген техникасы мен актерлік шеберлігінің арқасында қайталанбас стилі қалыптасқан Мәдина Баспаева, бүгінде балет өнерінің көптеген жанкүйерінің сүйіктісіне айналды.
— Жасыратыны жоқ, балерина нәзік Одеттаны да, қызу қанды Одиллияны да жақсы ойнайды. Мен соңғысын қатты ұнатамын, себебі бұл образ құштарлыққа толы, мұнда ойнақылық басым: ханзаданың басын айналдыру, оны сезімге бөлеп, жақындатып, қайтадан алшақтату дегендей. Ал Одеттада сен өте ұстамды, төзімді, нәзік болуың керек. Мұндай Аққудың деңгейіне кез келген биші жете бермейді. Бұл партияны билеу үшін ғажап фактура: әсерлі келбет, икемді дене бітімі, қанаттарының қаққанын көрсететін майысқан қолдар, әдемі аяқ болуы қажет. Бұл екі образды қатар жеткізуге маған балеттің көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратова көмектеседі, ол әрбір балеринамен жеке жұмыс жасайды, — дейді Мадина Баспаева.
Аталған кеште М.Баспаеваның сахнадағы серігі — Зигфридтің партиясын орындайтын «Астана Опера» балетінің жетекші солисі Тайыр Гатауов. Балерина өнер жолын осы әртіспен бастағанын айтты. Жетекші солист Тайырмен билеген ыңғайлы екенін, оған толық сенетінін жасырмайды, бұған театрға дейін училищеде бірге оқығандары да себеп болса керек.
«Аққу көлінің» негізінде, теріс дуаның күшінен құсқа айналып кететін қыз жайлы халық ауыз әдебиеті ертегісінде кең тараған әңгіме жатыр. Чайковский балетінде Зигфрид ханзада Одеттаны құтқарады, бірақ ол жазмыштан аса алмай, опасыздыққа барып, қайғылы күнәға себепкер болады. Ханзада сарайына балға Одеттадан айнымайтын, бірақ Одеттадай нәзік те, жасық емес, жымысқы да, еліктіретін Одиллия келеді. Адалдық антын бұзған Зигфрид шын мәнінде Одеттаға берік еді. Дегенмен қателескенін ұғынған ол зұлым данышпан Ротбардтың көзін жойып, махаббатына адал екенін дәлелдейді.
Г. Берік