- Негізгі бет
- Театр
- Астанада ағылшын сонатасы...
Астанада ағылшын сонатасы шырқалады
Атақты британдық пианиношы Джеймс Керби мен дарынды қазақстандық скрипкашы Ғалия Бейсенғалиева астаналық тыңдарманға естен кетпес музыкалық кеш сыйлайды. Концерт 17 мамырда «Астана Опера» театрының камералық залында өтеді.
Халықаралық конкурстардың лауреаты, «Болашақ» президенттік бағдарламасының стипендиаты, «Жаңа есімдер» сыйлығының иегері (Буэнос Айрес, 2015), Лондондағы Корольдіктің Музыка Академиясының түлегі, Жамбыл атындағы Қазақтың мемлекеттік филармониясының солисті, сондай-ақ лондондық қазіргі музыка оркестрінің (London Contemporary Orchestra) солисті және концертмейстері Ғалия Бейсенғалиева британдық асқан шебер пианиношы Джеймс Кербимен – Чайковский атындағы мәскеулік консерваторияның түлегі, Кардиффтегі корольдік колледждің және лондондық университеттің ұстазы, Ресейдегі С. Рахманинов атындағы институттың құрметті профессорымен бірге өнер көрсетеді.
Әйгілі ағылшындық пианиношы Джеймс Керби ағымдағы жылы өзінің елу жасқа толуына орай мерейтойын Ұлыбританияда, Қазақстанда, Малайзияда және Шотландияда концерттермен атап өтуде.
Бұған дейін Ғалия Бейсенғалиева елордалық театрда өнер көрсетсе, Джеймс Керби үшін бұл дебют. «Астана Опера» тыңдарманына жылы лебіздерін жеткізген белгілі музыкант, Қазақстанда достары өте көп екенін атап өтті.
Кештің ажарын қос тұсаукесер ашады, олар – Р. Воан-Уильямстің скрипка мен оркестрге арналған «Бозторғайдың шарықтауы» романсы және П. Лоусонның «Орхидеяның әні» атты фортепианолық пьесасы. Автор бұл туындыны әлемнің жетекші пианиношыларының бірі Джеймс Кербидің мерейтойына және мерейтой иесінің дала гүлдеріне деген асқан сүйіспеншілігіне арнайы жазған.
Ұлыбританиядан келген асқан шебер музыканттар өнерлерін екі қырынан паш етеді. Бірінші бөлімдегі қызықтырып әкететін музыкалық тілдесуде олар орындаушы, камералық-аспаптық музыканы жеткізуші болса, екінші бөлімде солист ретінде «Астана Операның» шағын симфониялық оркестрімен бірге өнер көрсетеді. Дирижерлық тізгінде – ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов.
2015 жылдың 5 мамырында мәшһүр скрипкашы әрі лондондық қазіргі музыка оркестрінің солисті және концертмейстері Ғалия Бейсенғалиеваның марапаттар қоржыны Корольдіктің филармониялық музыкалық қауымдастығының жоғары марапатымен толыққанын атап өтейік. Аспапты музыканың дамуын және өрлеуін қолдау мақсатымен құрылған әлемнің көне музыкалық қоғамдастықтарының бірінің бұл құрметті сыйлығы Ұлыбританияда классикалық музыканы орындаушыларға берілетін ең жоғарғы марапат.
Концерт Британдық кеңестің қолдауымен өтеді.
Концерт екі бөлімнен тұрады, 19:00-де басталады. Билет бағасы 2 000 теңге.
Ф. Абилова