Көктем шыға салысымен жас театр гастрольдік репертуарын іріктеп, Ресейдің мәдениет қаласы Петербургты бағындыруға аттанды. Халықаралық әйелдер күніне орай, Маринский-2 негізгі залының шымылдығы маэстро Пьер Луиджи Пиццидің қойылымындағы «Аттила» операсымен ашылды. Маэстро Гергиев бастаған дирижерлық тізгін Пьер Луиджи Пиццидің философиясымен жұртты баурап алды. Петерборлықтарға қазаққа жаны жақын – қайратты әрі мейірбан Атилланы жаңа кейіпте ұсынылды. Қойылымның басты кейіпкерлерін итальяндық үштік – Роберто Тальявини (Аттила), Клаудио Сгуро (Эцио), Лучано Ганчи (Форесто) орындады, ал Одабелланың рөлінде – Жұпар Ғабдуллина (Қазақстан) – бұл жас әншінің Мариинский театрының сахнасына алғаш шығуы. Спектакль аяқталғанда көрерменге толы зал ыстық қошеметін аямай көрсетті, сахнаны гүлге жаудырып, «Браво!» деп ілтипаттарын білдірді.
Сыншы, өнертану ғылымдарының кандидаты, А. Я. Ваганова ат. Орыс Балеті Академиясының және Н. А. Римский-Корсаков ат. Санкт-Петерборлық консерваториясы хореография кафедрасының доценті Розанова Ольга Иванқызы спектакльден кейін: «Бүгін біз тамашалаған сапа таң қалдырды. Спектакль жоғары, тіпті еуропалық деңгейде қойылды дер едім, тамаша қойылым, керемет орындалды, оркестр жоғары кәсіби деңгейде ойнады. Жұпар Ғабдуллина Италиядан келген үш әншіден қалысқан жоқ. Ешбір мадақсыз айтарым – әсері керемет. Жас театрда мұндай қойылым тамашалауға болады деп ойламайсың, әйтсе де, несіне таң қаламын, егер маэстро Гергиев «Астана Опера» театрымен серіктестік құрса, ол жақта шынымен соған тұрарлық нәрсенің бар болғаны, әйтпесе мұндай одақ құрылмас еді!», - деп өз әсерімен бөлісті.
Мұндай зор спектакльден кейін кеш тағы бір жағымды жаңалықпен жалғасты. «Астана Операның» құрметіне Мариинский салтанатты қабылдау рәсімін өткізді, сол жерде директор Төлеген Мұхамеджанов Валерий Гергиевке, бүгінде жақын стратегиялық серіктес болып табылатын екі ел – Қазақстан мен Ресей мәдениетін жақындастыруда сіңірген еңбегі үшін естелік сый табыс етті. Кеш маңызды оқиға – екі театр басшысының ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қоюымен аяқталды. Төлеген Мұхамеджанов журналистер мен кеш қонақтарына Мариинский мен «Астана Операның» ынтымақтастығы алдағы күндері – биылғы жылдың күзінде жалғасатынын жариялады, Валерий Гергиев басқарған петерборлық театрдың труппасы жауап ретінде Астанаға Рихард Вагнердің операсымен келмекші.
9 наурызда Мариинский театрының ескі сахнасы «Гала балетті» қабылдады. «Астана Опера» қазақстандық театр сахнасының балеттерінен үзінділерді ұсынды. Жұртшылыққа Әйгерім Бекетаева мен Әсел Шәйкенова, Тайыр Гатауовтың орындауындағы «Ұйқыдағы арудың» II актінен көрінісі, Мәдина Баспаева мен Рүстем Сейітбековтің орындауындағы «Сильфида» балетінен Па де де, Гауһар Усина мен Досжан Табылдының орындауындағы «Корсар» балетінен Па де де ұсынылды. Бірінші бөлімде көрермен ұлттық балеттен көріністер – Әйгерім Бекетаева мен Рүстем Сейітбековтің орындауындағы «Қозы-Көрпеш пен Баян сұлу» балетінен Адажио тамашалады, аталған көрініс петерборлықтар үшін шынымен жаңа дүние еді, себебі көрсетілім ерекше ұлттық рух пен нақышқа ие. Екінші актте батыс еуропалық және ұлттық балетпен араласқан алты нөмір ұсынылды. «Астана Опера» балетінің жетекші солисті Әйгерім Бекетаева қоюшы хореограф Борис Эйфманның «Өліп бара жатқан аққу» қойылымын ұсынды. Л. Минкустың «Дон Кихот» балетінен Па де де мен А. Бородиннің «Қыпшақ биінен» үзінділер «Гала балеттің» бағдарламасын аяқтады.
Балет сыншысы, өнертану ғылымының кандидаты, А. Я. Ваганова ат. орыс балеті Академиясының және Н. А. Римский-Корсаков ат. Санкт-Петерборлық консерваториясы хореография кафедрасының доценті Ольга Розанова кештің өте мәнді болғанын, тамаша әсер алғанын атап өтті.
Гастрольдік сапардың соңғы күні Мұқан Төлебаевтың «Бiржан-Сара» операсымен жалғасты. Басты рөл – Сараны - қазақ опера майталманы Нұржамал Үсенбаева сомдады, ал дирижерлық тізгінді Абзал Мұхитдинов басқарды. Опера қоюшы режиссері Ресейдің Халық әртісі - Юрий Александровтың арқасында «Бiржан-Сара» қойылымының жаңа нұсқасы ұсынылды. Қазақ тілінде орындалғанымен, биік өнердің тілі бір – сезім мен уайым тілі, сахна төрінде өрбіген оқиғаға ортақтасу. Жарқын костюмдер мен декорацияларды суретші Вячеслав Окунев әзірлеген. Бір жағынан: халықтың сауық-сайраны, тойға дайындық, екінші жағынан - өрбіген трагедия, оған қоса Сараның сахнаға тірі атты ерттеп шығуы ресейлік көрермен үшін тың жаңалық болды. Ал Санкт-Петерборда көптен бері тұрып жатқан қазақстандықтардың деншілігі қойылымды тамашалағаннан кейін елге барып қайтқандай болғандарын айтты.
Осылайша Санкт-Петерборлықтар «Астана Операны» жылы қарсы алып, жақсы лебіздері, шапалағы мен гүлін аямай шығарып салды. Келесі аялдама – Сarnegie Hall, «Астана Опера» театрын енді құрлықтың арғы жағында танымал ететін гастрольдер!
Сурет: "Астана Опера" баспасөз қызметі
Дайындаған: Анар Мұстафина