- Негізгі бет
- Театр
- "Астана Операда" "Венециялық...
"Астана Операда" "Венециялық сайыс" концерті өтеді
Қайықта отырғандай тербейтін, гондольердің епті ескегінен шапшыған судың сылдыры, жалындатқан италиялық әндер – осы және көптеген басқа да әсерге бөлейтін кеш тыңдарман назарына 13 наурызда «Елдер мен құрлықтарға саяхат» атты абонемент аясында өтетін «Венециялық сайыс» концертінде ұсынылады.
Аталған кеште өнер көрсететін «Астана Опера» театрының опера солистері мен симфониялық оркестрінің әртістері: ҚР еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Ниязова (сопрано), Салтанат Мұратбекова (меццо-сопрано), «Астана Опера» симфониялық оркестрінің концертмейстері Қаламқас Жұмабаева, ішекті квинтет құрамындағылар: Валерий Моисеенко, Эльвира Мұхамбетова (скрипка), Жанар Ахатова (альт), Құрбанжан Ахатов (виолончель), Анатолий Якушкин (контрабас), сондай-ақ Станислав Омаров (кларнет) және Жібек Сапарғалиева (флейта), Жәнібек Сапаров (гитара).
Бағдарламаға танымал камералық-вокалдық шығармалар, италиялық композиторлар – Джоаккино Россини, Винченцо Беллини, Антонио Вивальдидің операларынан ариялар мен дуэттер енгізілді.
Айгүл Ниязова Беллинидің «Он бес ариеттасы» вокалдық миниатюрасын шырқайды. Әнші шығармашылық адамдарының, соның ішінде композиторлардың да, Венецияға шабыттану үшін баратынын, нәтижесінде тамаша туындылар дүниеге келетінін атап өтті.
Фортепиано партиясы – халықаралық конкурстардың лауреаты Раушан Бескемпірова.
Концерт «Астана Опера» театрының Камералық залында 19:00-де басталады, билет бағасы 1 500 теңге.
Сурет: turpogoda.ru
Ф. Абилова