- Негізгі бет
- Театр
- Астана Операда маңызды...
Астана Операда маңызды рөлдер, жаңа орындаушылар
Пуччини шығармашылығының ең үздік туындысы – «Мадам Баттерфляй» операсы 10 және 12 маусымда тыңдарман назарына ұсынылады. 10 маусымда «Астана Опера» театрының Үлкен залы сахнасында сицилиялық тенор Анджело Виллари Пинкертонның партиясын орындаса, екі күннен кейін бұл рөлді операның жетекші солисі Мейір Бәйнешов алғаш рет шырқайды. Бас партияны 12 маусым күні бірінші рет Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бибігүл Жанұзақ сомдамақшы.
«Simone Alaimo, Bel Canto» Халықаралық вокалшылар байқауының бірінші сыйлық лауреаты Анджело Виллари бірнеше мәрте музыка сыншыларының жоғары бағасына ие болған. Opera News журналының тілшісі айтқандай, тенор музыкалық қабілетімен, дауысы барлық диапазонда еркін шығуымен, сонымен қатар ойлы әуенінің саздылығымен көрерменді баурап алады. Таяуда вокалшы Алманияның Opera of Lübeck сахнасында «Мадам Баттерфляй» операсын (Пинкертон) құлақтың құрышын қандыра орындады.
Афишада көрсетілгендей, аталған операны тек 10 жастан асқандар тамашалай алады. «Астана Опера» театрының жетекші солисі, мадам Баттерфляй партиясының орындаушысы Айгүл Ниязова бұл спектакльді әрбір адам, әсіресе, өсіп келе жатқан жас буын көруге тиісті деп есептейді. Өйткені, олар есейген шақта өзін қалай ұстау керегінің негізгі бағыттарын жастайынан қалыптастырады. Осылайша жағымсыз кейіпкердің әрекеті арқылы ер азамат жасамауға тиісті қылықтары айқын көрсетіледі. Әншінің айтуынша, қойылымның үлкендер үшін де берері мол.
– Қазір, тәжірибелі әнші болғандықтан, жылдар бойы сахнада ән салғанымды ескерсек, Баттерфляй партиясын орындаудың уақыты жеткенін түсінемін. Кез келген әнші үшін тұсаукесер күні өнер көрсету – үлкен жауапкершілік деп есептеймін, әйтсе де мен ойдағыдай сомдап шықтым. Бірінші нотадан бастап, ең соңғы нотаға дейін күшіңді, эмоциялық динамикаңды сақтауың керек. Операда кейіпкерлер арасында өзара психологиялық, терең эмоциялық байланыстар шиеленісіп кетеді. Көрермен спектакльді анық әрі айқын қабылдауы үшін орындаушы әртістік шеберлікті жақсы меңгеріп, сомдайтын образына еніп кетуі керек,– дейді әнші.
Айгүл Ниязова аталған бейнені сезініп, орындап болса, Бибігүл Жанұзақ оны алғаш рет шырқайды. Бұл жерде сынаққа төзімділік таныту керек. Неге десеңіз, бұл моноопера болғандықтан, әншіге спектакль бойы сахнада болуға тура келеді.
– Бұл жалпы опералық репертуардағы ең қиын партиялардың бірі болғандықтан, қобалжып жүрмін. Чио-Чио-санның бояуы қанық сезімге толы тұстарын, арман қуған жас қыздың әйел-ана болғанға дейінгі өсу жолын жеткізу оңай емес,– дейді Бибігүл Жанұзақ.
Спектакльде алғаш өнер көрсететіндердің бірі – опера труппасының жетекші солисі Мейір Бәйнешов, әнші Пинкертон партиясын орындауға дайындалып жатыр. Жағымсыз кейіпкердің бейнесін сомдау – әрдайым қиын. Сюжет желісі бойынша барлық қайғылы оқиға лейтенанттың кесірінен туындайды...
Г. Берік