Атақты скрипкашы Ержан Күлібаев 13 қазанда «Астана Опера» төрінде Испанияның Ұлттық күніне арналған «Астанада Испания аккорды ойнайды» концертімен өнер көрсетеді.
Лиссабонда, Берлинде, Новосибирскіде, Екатеринбургте, Буэнос-Айресте өткен скрипкашылардың халықаралық конкурстарында бес мәрте бірінші сыйлықты, Познаньдегі Генрих Венявский ат. беделді халықаралық конкурстың жеңімпазы Ержан Күлібаев (Испания) және ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдиновтің басқаруымен «Астана Опера» камералық оркестрімен бірге мазмұнды концерттік бағдарламасын ұсынады. Көрермен тамашалай алатын Қазақстанда сирек орындалатын испандық мелодиялар: «Тореадордың дұғасы», «Испандық симфония», «Карменнің қиялы», сондай-ақ «Туған жер» және «Сыған әндері» шығармалары.
«Испанияда тұрғаныма біраз жыл болды, бұл мерекені қалай атап өтетінін талай көрдім. Бұл күні Мадрид тұрғындары Испания королінің басқаруымен өтетін әскери шеруді тамашалау мақсатымен көшеге шығады. Мені «Астана Операға» концертте өнер көрсетуге шақырды, бұл кеш жалынды әуен мен испандық ырғақтың арқасында тыңдарманға жақсы көңіл-күй сыйлары сөзсіз», - дейді Ержан Күлібаев.
Сізге испандық музыка қаншалықты жақын деген сұраққа Ержан, испандық болсын, мейлі қазақ немесе ағылшын сазы болсын, ол ойнаған кезде әуенге бар жан-тәнімен беріліп, музыканы көрермен сынағына ұсынатынын айтады. Саусағынан өнер тамған аспапшы барша қауымды аталған концертке шақырып, әрқайсысына тыңдаған музыкадан шабыттанып қайтуды тіледі.
Дайындаған: Шаттық Қали
Сурет: «Астана Опера» театрының баспасөз қызметі