Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арнап "Астана Опера" театры "Барлық заманға сай классика" атты қайырымдылық концерттер легін өткізеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі театрдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Музыкалық жобаның алғашқы шарасы – "Астана" ұлттық сурет галереясының залында өтетін мерекелік концерт.
"Барлық заманға сай классика" атты концерт бағдарламасында В.А. Моцарттың шығармаларынан оркестрге, скрипкаға және альтқа арналған ми-бемоль мажор (kv364) концерттік симфониясы, сондай-ақ ариялар, дуэттер, қазақ, орыс және батыс еуропалық композиторлардың операларынан көрініс бар. Мерейтойлық концерттерді өткізу жөнінде ұсынысты "Астана Опера" театрының музыкалық жетекшісі Абзал Мұхитдинов жасады.
– Осы айрықша оқиғаға арнап жыл бойы 12 концерт өткізуді жоспарлап отырмыз. Көздеген басты мақсатымыз – Отанымызды қорғаған Ұлы отан соғысының ардагерлеріне, тылда еңбек еткендерге және басқа да осы қуанышқа бізбен ортақтасатын жандарға классикалық өнердің нәрін сусындауға мүмкіндік беру. Біз әзірлеген бағдарлама әскери тақырыпты қамтымайды, біз биік өнерді насихаттайтын классикалық музыканы орындаймыз. Әйтсе де, тура Жеңіс күні – 9 мамырда театрда ардагерлердің құрметіне мерекелік концерт өтетінін айта кетейін, - деді маэстро.
Кеште өнер көрсететін "Астана Опера" аспапшылары - Кирилл Красюков (скрипка), Игорь Белобородов (альт), сонымен қатар опера солисттері мен "Астана Опера" театрының симфониялық оркестрі.
Дирижер – Арман Оразғалиев.
Концерт 19:00-де басталады, кіру тегін.
Қапы қалмаңыз!
Сурет: "Астана Опера" баспасөз қызметі