Astana Opera төрінде La Scala жұлдыздары!

Astana Opera төрінде La Scala жұлдыздары!

Қазақстанның мәдени өмірінде елеулі оқиға! «Астана Опера» театрына алғашқы гастролер келе жатыр. Алғашқы қонақ  – аты аңызға айналған  италиялық La Scala театры.

Желдей ұйтқыған құштарлық, тізгінсіз тасыған күш-қуат пен әзіл-сықақтың жарқыраған еуропалық нұсқасымен баршаны шаттандыратын ласкалалық құрамда:  Николетта Манни (Китри/Дульсинея) және жас, талантты солист Карло Ди Ланно (Базиль), Джузеппе Конте (Дон Кихот), Джанлука Скьявони (Санчо Панса), Алессандра Вассало (көше бишісі), Мик Зени (Эспада), Вирна Топпи (Дриадалар  Королевасы), Серена Сарнатаро (Амур), Федерико Фреси (сыған), Мэтью Эндикотт (Лоренцо) және Рикардо Массими (Гамаш) бар.  

Миландық театр көрермен сотына балеттің жауһарына айналған Рудольф Нуриевтің редакциясындағы Людвиг Минкустың «Дон Кихотын» Астана күніне орай 2014 жылдың 30 маусымы, 1, 2, 3, 4 шілде күндері ұсынады. 


Испан халқының нақышымен әзірлеген декорациялары мен костюмдері күні кеше Италия көрерменін шаттыққа бөлесе, енді оларды қазақстандықтар тамашалай алады.

Италиялық театрдың бес күндік гастролі жоғары өнерсүйер қауым үшін нағыз мерекеге айналғалы тұр. Рудольф Нуриев жасаған атақты редакциядағы күрделі болып саналатын «Дон Кихот» балеті бүгінде Испания, Мексика, Жапония елдерінде қойылды және күні бүгінге дейін әлемдік театрлардың репертуарында ең көп орындалатыны болып табылады. Аталған спектакльмен La Scala бірнеше рет өзінің театрлық маусымын да ашқан. «Дон Кихот» балетінің мерейі үстем болуының құпиясы мен өміршеңдігі – оның ең талғампаз деген көрерменнің өзін бей-жай қалдырмайтын асып-тасыған шабытты биінде. Спектакльге «Астана Опера» театрының симфониялық оркестрі қатысады. Дирижерлық тізгін маэстро Марчелло Спакаротеллада болады.   


Рудольф Нуриевтің жанды баурап алатын хореографиясының басқа да көптеген нұсқадан айырмашылығы, шебердің еркек партиясын жақсартып, жалпы ерлер биін кеңейткендігінде. Нуриев басты назарды күлкілі көріністерге аударған. Асқақтаған сығандар биін паш ететін және Дон Кихоттың түсіне кірген әсем дриадалар жайлы көріністер өзгеріссіз қалды. Дегенмен, кейбір өзгерістерге қарамастан, арасында қиял мен арманға ұласып кететін махаббат басты назарда қалатыны сөзсіз. Дон Кихот пен оның құлай сүйген ғашығы Дульсинея (Китри) билейтін дуэтте кейіпкерлер бейнесі драматикалық мәнер мен сипатқа қанық. 

Китридің айбынды па-де-десі ерекше көңіл аудартады, оның бұл балеттегі ролінің мағыналық тұрғыдағы маңызы жеке-дара. Жеңіл, ұшқалақ, оптимист қыз қайғылы кейіпкер, ержүрек рыцарь Дон Кихоттың қиялынан туған әлемге қарағанда шынайы өмірдің бейнесіне айналады.

Бағасы 500 теңгеден басталатын билеттерден құр қалмаңыз!

Сурет: «Астана Опера» баспасөз қызметі

Дайындаған: Анар Мұстафина

A. Mustafina