«Астана Опера» театрының үшінші маусымы II «Жібек Жолы» халықаралық музыка фестивалімен ашылады. Аталған классикалық өнер мерекесіне Америка, Алмания, Польша, Жапония, Корея, Ресей және Қазақстан әртістері қатысады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Астана Опера театрының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Фестивальдің тұсауы 25 және 26 қыркүйекте кесіледі. Фестиваль А. Жұбанов пен Л. Хамидидің «Абай» операсынан бастау алады. Қазақтың аса көрнекті ақыны, ағартушысы және философы Абай Құнанбайұлының (1845-1904) тұлғасы - қойылымдағы идеяның өзегі. Сонымен қатар, бұл адамның жақсы мен жаман жақтарын сүзгіден өткізетін ескішілдік пен жаңашылдықтың бітпес күресі, Айдар мен Ажардың романтикалық және трагедиялық махаббатының тарихы. Ескі дәстүрге Абай мен оның шәкірті Айдар қарсы шығады. Тамаша музыка кейіпкерлердің сүйіспеншілігін де, сот көрінісіндегі үрейді де, той-думан кезіндегі шаттықты да, қазаның шерін де жеткізеді. Бұл операны көрермен 8 қазан күні қайталап көре алады.
Қыркүйек айының соңғы жұлдызында көрерменге аса көрнекті хореограф Б. Эйфманның «Роден» балеті ұсынылады. «Өшпенділік – бұл ренішпен жараланған махаббат», - деген екен ақын. Өзінің махаббаты және өнерімен шабыттандырған ұлы Огюст Роденнің жас музасы, атақ пен табыстың дәмін татпай-ақ ақылынан адасады. Роден болса жаны қарс айырылып, азаматтық некедегі қамқоршы жұбайы мен ашынасының (сүйіктісінің) ортасында азап шегеді.
Әлемдегі музыкалық театрлардың жарқыраған жауһарларының бірі – «Аида» опералық спектаклі. Ол «Астана Опера» сахнасында 4 қазанда шырқалады. Аталған операда тыңдарманды еліктіретіннің бәрі – махаббат пен бақталастық, соғыс пен құмарлық, экзотикалық билер мен салтанатты шерулер бар.
Келесі күні, 5 қазанда тамаша скрипкашы, беделді халықаралық конкурстардың жеңімпазы Ержан Күлібаев қатысатын концерт өтеді.
11 қазанда және 2 қарашада елорда тұрғындары мен қонақтары классиканың жауһары – П.И. Чайковскийдің эксклюзивті 3D нұсқадағы «Аққулы көл» балетін тамашалай алады. Өмірде де, өнерде де жұбы жазылмаған атақты итальяндықтар – Эцио Фриджерио мен Франка Скуарчапино әзірлеген декорациялар мен костюмдер күні бүгінге дейін бірде-бір көрерменді бей-жай қалдырған емес.
Дж. Пуччинидің «Богема» операсын 13 және 14 қазанда «Астана Опера» театрының жарқыраған жас солисттері ұсынады. Бұл махаббат жайлы, арман мен өмір күйбеңі арасындағы қайшылықтар трагедиясы жайлы көңілді де, көңілсіз оқиға.
16 қазанда еліміздің мәдениеті мен өнерін дүние жүзіндегі биік алаңдарда паш етіп жүрген аса көрнекті қазақстандық пианиношы – Жәния Әубәкірова «Астана Опера» симфониялық оркестрімен бірге С. Рахманиновтің № 3 концертін орындайды. Сонымен қатар орыс және батысеуропалық композиторлардың шығармалары орындалады. Дирижер – ірі халықаралық конкурстардың лауреаты, атақты дирижер Леонард Бернстайнның шәкірті Дориан Уилсон (АҚШ).
18 қазанда «Астана Опера» Үлкен залында танымал тенор Михаил Векуаның (Мариинский театры, Ресей), сондай-ақ елордалық театр жетекші солисттерінің, хорының және оркестрінің қатысуымен Дж. Вердидің «Реквиемі» орындалады.
Биік өнерді сүйер қауым арасында кеңінен танымал әртіс, қазақстандық сахнада алғаш рет өнер көрсеткелі тұрған жоқ. Бір жыл бұрын ол «Нибелунг сақинасы» тетралогиясының «Рейн алтыны» операсында Логе (от құдайы) партиясын шырқаған. Солист ретінде Михаил Векуа Италияда, Испанияда, Австрияда, Норвегия және басқа елде өнер көрсетті. Салмақты марапаттары қатарында М.И. Глинка ат. Халықаралық конкурстың дипломанты (2001), «Шабыт-2003» IV Шығармашыл жастар фестивалінің бас жүлде және Президент кубогінің иегері және т.б.бар.
20 қазанда Б. Асафьевтің «Бақшасарай бұрқағы» балетін «Астана Опера» әртістері көрермен назарына ұсынады. Балетке А.С. Пушкиннің "Бақшасарай бұрқағы" жайлы көне аңыздың негізінде жазған аттас поэмасы әдеби негіз болған.
Батыс пен Шығыс ұлттық дәстүрлерінің қарама-қайшылығы, махаббат үшбұрышы һәм адамдардың қайғылы тағдыры – Александр Пушкиннің польшалық князь қызы Мария, татар ханы Герей және оның сүйікті әйелі Зарема жайлы поэмасының сюжеті балетке негіз болды.
22 қазанда Дж. Вердидің «Травиата» операсы қойылады. Әсем саз бен мол вокалдық партиялар тоғысқан шығарма тыңдарманның ой-санасын билеп, бірнеше сағат бойы өзге әлемге әкетеді.
24 қазанда Балет сарапшылары мен сыншыларының жоғары бағасын иеленген, Вакиль Османовтың (Австрия) қойылымындағы «Қарагөз» ұлттық балеті өтеді.
Мұхтар Әуезовтің «Қарагөз» пьесасының желісі шекспирлік «Ромео мен Джульетта» трагедиясына ұқсас келеді, неге десеңіз, мұнда да туысқандар ғашықтардың тағдырын шешіп, ақыр аяғы қайғыға әкеп соғады.
30 қазанда тыңдарман қазақ операсының маржаны Мұқан Төлебаевтің «Біржан-Сара» операсын тамашалай алады. Халық әншісі, айтыстың шебері, ақын Біржан сал мен дарынды ақын Сара арасындағы сүйіспеншілік пен рухтың күші жайлы оқиғасы лиро-драмалық шығарманың негізі болып келеді.
7 қарашада тыңдарманды әлем театрларының репертуарынан түспейтін спектакльдердің бірі – Дж. Пуччинидің «Тоска» операсы күтеді.
Бұл – аты жер жарған Ла Скала театрының түпнұсқадағы қойылымы. Онда саяси оқиғаларға ілігіп, озбырлықтың, азаптың, өлім жазасының құрбанына айналып, тағдыр тәлкегіне түскен ғашықтар - суретші Каварадосси мен әнші Тоска жайлы баяндалады.
Фестиваль 8 қарашада опера және балет сахнасындағы қазақстандық жұлдыздардың қатысуымен өтетін Гала концертпен аяқталады.