- Негізгі бет
- Театр
- "Астана Опера" театрының...
"Астана Опера" театрының жаңа маусымының ашылуы
Бұл – "Астана Опера" театрының кезекті IV маусымы. Жазғы үзілістен кейін көрерменді ендігі театр маусымы несімен таң қалдыратыны, қай гастрольші өзінің шығармашылығымен қуантатыны және күзгі маусымның қашан ашылатыны жайлы сұрақтар мазалайды.
Аз ғана уақыттан кейін театрдың Үлкен зал сахнасы ашылады. 22 қыркүйекте III Халықаралық «Жібек жолы» музыка фестивалі басталып, 15 қарашаға дейін жалғасады. Гастрольшілер жолға жиналуда, ал бізге Аустрия, Италия, Жапония, Корея, Ресей, Беларусь, Украина және тағы басқа елдерден әйгілі қонақтар келеді.
Фестивальдің мазмұнды бағдарламасында бірінші қойылым ретінде Қазақстандағы музыка өнерінің жауһары – "Абай" операсы тұрғандығы белгілі. "Баттерфляй ханым", "Богема" опералары мен "Бақшасарай бұрқағы" балетінде Беларусь әртістері өнер көрсетеді. Олардың украиналық көршілес-әріптестері "Травиата" спектакліне дайындалуда. Италиядан келетін маэстро Джузеппе Акуавива Үлкен зал сахнасында өтетін итальялық опералардың біріне дирижерлық етеді.
Жапониялық шебер пианист Миюджи Канеко және Больцанодағы Бузони атындағы халықаралық пианиношылар конкурсының Алтын медаль иегері Оңтүстік Кореядан келген Пэк Кон У өздерінің шеберліктерін көрсетпек.
Борис Эйфман балет театрының труппасы келеді деп күтілуде. Әртістер П. И.Чайковский мен А. Ситковецкийдің музыкасына жазылған "Онегин" балеттік спектаклін ұсынады.
Фестиваль бағдарламасында тұсаукесерлер де бар: Бүкіләлемдік рухани мәдениет форумының аясында Карл Орфтың ең танымал шығармасы "Кармина Бурана" орындалады. Спектакльдермен бірге бірқатар гала-балеттер мен гала-концерттерде қойылып, "Астана Опера" театрының дирижерлары, әншілері, хор және симфониялық оркестрі, сонымен қатар, Италиядан келген әртістерөнер көрсетеді. Аты аңызға айналған әнші, КСРО-ның халық әртісі Ермек Серкебаевтың 90-жылдығына арналған "Төбемдегі көк аспан" концерті ерекше маңызға ие.
Сонымен қатар, "Жібек жолы" фестивалі күндері театр қонақтарды Камералық зал сахнасында да қабылдайды, мұнда Италия, Аустрия және Ресей аспапшыларының қатысуымен концерттер өтеді. Астаналық тыңдармандарды белгілі австриялық пианист Штефан Матиас Ладеманмен кездесу мүмкіндігі күтіп тұр.
Танымал музыкант, "Мәскеу шеберлері" камералық оркестрінің әншісі әрі бірінші скрипкасы, Ресейдің еңбек сіңірген әртісі Алексей Лундин және Миландағы атақты Ла Скала опера театрының, Турин Корольдік театры және Рим операсының бірінші гобойы болған итальялық гобойшы – Джанфранко Бортолато өз орындауларындағы қызықты музыкалық жобаларды дайындау үстінде.
III Халықаралық «Жібек жолы» музыка фестивалі аясында барлығы 22 қойылым көрермендер назарына ұсынылады. Бір-бірімен жақын танысып, тәжірибе алмасуға, өздерінің шеберліктерін көрсетуге мүмкіндік беретіндіктен әртістер фестиваль уақытын асыға күтуде. Барлық қатысушылар шығармашылық шаттыққа кенеліп, көрермендердің жоғары өнерден жарқын әсер алатыны сөзсіз.
Г. Берік