Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы "Астана Опера" театрының ұжымына театрдың жаңа директоры Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ахмедьяров Ғалым Алғиұлын таныстырды.
Министр Төлеубек Әлпиевке "Астана Опера" театрының директоры қызметіндегі қажырлы да үздіксіз еңбегіне алғыс білдірді. Төлеубек Нығметұлының мәдениет саласына сіңірген шығармашылық еңбегін атап өткен Арыстанбек Мұхамедиұлы театр ұжымына Т.Әлпиев бұдан былай "Астана Опера" театры директорының бірінші орынбасары қызметін атқаратынын хабарлады.
– Бірде-бір республикалық немесе халықаралық деңгейдегі мәдени шаралар Төлеубек Нығметұлының қатысуынсыз өтпейді, өйткені оның тәжірибесі зор, жан-жақты эрудициясы терең адам. "Астана Опера" театрына басшылық еткен тұсында әлемдік деңгейдегі керемет спектакльдердің қойылымы болды. Әсіресе А.Жұбанов пен Л.Хамидидің "Абай" операсының қойылымын ерекше атап өткім келеді, – деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Министр театрдың еңбек ұжымына Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2016 жылғы 28 қыркүйектегі қаулысын оқып беріп, соған сәйкес жаңа директор болып тағайындалған Ахмедьяров Ғалым Алғиұлын таныстырды.
– Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевқа маған сенім артып, осы лауазымға тағайындағанына алғысымды айтқым келеді, – деді Ғалым Ахмедьяров.
Жаңа басшыны театр ұжымы жылы қарсы алды.
– Біз көптеген жылдар бойы бірге жұмыс істеп келеміз. Театр репертуарын толықтыруды жалғастырып, жаңа опера және балет спектакльдерін қоямыз. Вице-министрдің лауазымында басқарушы ретінде жинаған барлық тәжірибемді мен театрда қолдануға дайынмын, – дейді Ғалым Ахмедьяров.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Төлеубек Әлпиев 2014 жылғы 13 қарашада "Астана Опера" МОБТ директоры лауазымына тағайындалды. "Астана Опера" театрының алғашқы директоры Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Төлеген Мұхамеджанов болды, ол бұл қызметті 2012 жылғы 31 қазаннан 2014 жылғы 13 қарашаға дейін атқарды.