- Негізгі бет
- Театр
- «Астана Опера» театрының...
«Астана Опера» театрының II маусымы тамаша концертпен аяқталады
Елордалық труппа жұлдыздарының қатысуымен өтетін гала-концерт «Астана Опера» театрының екінші маусымын аяқтайды. 12 шілдеде Үлкен сахнада өнер ордасының бір жылдық жұмысын аяқтайтын әсерлі бағдарлама ұсынылады.
Екі бөлімнен тұратын концерт балеттік номерлерден әзірленген ғажап көріністерден басталып, сахнада өнерден шашу шашатын жас та, қайратты балеттік труппаның солисттері: Серік Нақыспеков, Елдар Сәрсембаев, Гүлзира Жантемір, Марат Әбдірахманов, Бауыржан Мекембаев. Аталған кештің бояуын астаналық көрермен сүйіп қалған сахна шеберлері Мәдина Баспаева, Әйгерім Бекетаева, Гауһар Усина, Әнел Рүстемова, Тайыр Гатауов, Жандос Әубәкіров, Еркін Рахметоллаев және Арман Оразов көркем ете түсетін. Олар түрлі дуэттерде, триода, па-де-де, гран-па билеп, ең үздік әрі сүйікті балеттерден үзінділер көрсетеді.
Екінші бөлімде көрерменді опера жанрының жауһарлары күтіп тұр. Көптеген беделді марапаттар иесі Жұпар Ғабдуллина «Аттила» операсынан Одабелланың партиясын шырқаса, талант иесі Нарұл Тойкенов қазақтың халық әні «Ақбақайды» орындайды. Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі Жаннат Бақтай А.Томаның «Миньон» операсынан Фелинаның полонезін дайындады. Кешті жарқыраған әртістеріміз Бибігүл Жанұзақ, Жәмиля Жарқымбаева, Артұр Қайыпқұлов, Талғат Ғалеев, Бейімбет Таңарықов, Евгений Чайников, Салтанат Мұратбекова, Гүлжанат Сапақова, Болат Есімханов, Рамзат Балакішиев Чайковскийдің соңғы операсы «Иолантадамен» аяқтайды. Концертте «Астана Опера» театрының көптеген солисттері, хоры және симфониялық оркестрі де өнер көрсетеді. Дирижерлар – Абзал Мұхитдинов, Айдар Әбжаһанов, Арман Оразғалиев.
Гала-концерт театрдың екінші маусымда өткізген жүз бесінші шарасы болмақшы. Аталған маусымда «Астана Опера» театры көрерменіне бес тұсаукесер – үш балеттік спектакль: Ғ.А. Жұбанованың «Қарагөзін», П. Чайковскийдің «Жаңғақ шаққышын», Б. Асафьевтің «Бақшасарай бұрқағын» және екі опералық спектакль – Х. Брогхауздың қойылымындағы Дж. Вердидің «Травиатасын» және аса көрнекті режиссер Ф. Дзеффиреллидің қойылымындағы Дж. Вердидің «Аидасын» ұсынды. Әр тұсаукесер ерекше әрі қайталанбас болып келеді.
Мұнымен қатар, «Астана Опера» бұған дейін қабылданған меморандумдар шеңберінде халықаралық театрлармен белсенді түрде әріптестік құра бастады. Елордалық театрдың балеттік труппасы итальяндық «Карло Феличе» театрының сахнасында тамаша гала-балет бағдарламасын және аты аңызға айналған Ю. Григоровичтің қойылымындағы А. Хачатурянның «Спартак» балеттік спектаклін ұсынды. «Астана Опера» сахнасында Грузияның З. Палиашвили ат. Мемлекеттік опера және балет театры өнер көрсетті, сондай-ақ көне неапольдық Сан-Карло Театрының гастролі орасан зор табыспен өтті. «Астана Опера» театрының жетекші солисттері Дина Хамзина, Талғат Мұсабаев, Салтанат Ахметова мен Медет Шотабаев атақты итальяндық Карло Феличе театры маусымының жабылуында өнер көрсетті. Гастрольдік эстафетаны балет әртістері Әйгерім Бекетаева мен Еркін Рахметоллаев жалғастырып, ағымдағы жылдың қазан айында әлемге аңыз болған итальяндық Ла Скала сахнасында билейді.
«Астана Опера» келесі театрлық маусымын қыркүйекте ашады. Алайда өнер ұжымы демала қоймас, неге десеңіз, тамыз айында үшінші маусымға репетиция мен дайындық жұмыстары басталып кетеді.
Концерт 19:00-де басталады, билет бағасы 500 теңгеден жоғары.
Ф. Абилова