«Астана Опера» гастрольден оралды. Бір апта бұрын италиялық Генуя қаласы өзін не күтіп тұрғанын білген де жоқ. Екі жүз ғасырлық тарихы бар «Карло Феличе» театрының күнделікті өмірінің тынышын бұзған таңғажайып қойылымдар, генуялық басылым беттерінде әлі ұзақ талқыланады.
Mentelocale басылымына пікірін жазып тұратын балет сыншысы Линда Кайзердің ойынша, спектакльдер үлкен қошеметке ие болды. «Бақтияр Адамжан – Спартакты үздік орындаушы. Ол асқан жеңілдікпен, мүлтіксіз биледі. Әртістер өз кейіпкерлері – Римге қарсы көтерілісті ұйымдастырған фракиялық гладиатор Спартактың (Бақтияр Адамжан) және оның ғашығы, күң Фригияның (Мәдина Баспаева) кейіпіне толығымен енді. Оларға қарсы тұратын жұп – Фракия жеңімпазы, рим қолбасшысы Красты тамаша сомдаған тәкаппар Тайыр Гатауовпен оның ашынасы, куртизанка Эгинаны билеген еліктіргіш Гауһар Усина», - делінген мақалада.
«Астана Опера» театры солисттерінің галабалетте көрсеткен өнеріне балет сарапшылары, соның ішінде «Ла Скала» сахнасында билеген Фабиола Де Блази де бағасын берді. «Труппаның техникалық қарымының мықтылығы соншалықты, біз олардың өнеріне тәнті болдық. Әртістер өздерімен бірге бізді де, сахнадағы оқиғаны бастан кешуімізге мәжбүрледі. Труппа әлі тым жас, алайда олар мінсіз десе болады. Оларға алғысымыз зор. Біздің Астанадағы театрға барғымыз келеді», - дейді ол.
Италиялықтар әлеуметтік желілерді белсенді түрде қолданатынын айта кеткен маңызды. Әртістеріміз өнер көрсеткен бойда олардың көпшілігі блогтарда өз пікірлерін білдіріп жатты. Анжела Галенің жазғаны: «Бүгін біз көрген труппаның биі өзінше ерекше болды, техникалары жоғары деңгейде, хореография өте икемді, ырғақты. Кордебалет жақсы. Маған «Аққу көлі» көрінісіндегі төрт кішкентай аққу, Одетта мен Принц ұнады. Тағы па-де-де орындаған Мәдина Баспаева ұнады, менің ойымша, ол тек классикалық балет әртісі емес, өте жақсы заманауи биші де бола алады», - делінген блогта.
«Карло Феличе» театрының фойесінде Expo-2017-ге арналған фото-экспозиция ұсынылғанын естеріңізге сала кетейік. Маңызы жоғары бұл шараға орай «Астана Опера» театры Ла Скала мен Метрополитен-опера сияқты әлемдік опера және балет театрларының шеруін өткізуді жоспарлап отыр. «Карло Феличе» де өз келісімін берді. Көрермендер ұсынылған фотоларды үлкен қызығушылықпен тамашалап, көпшілігі Қазақстанға келгілері келетінін айтып қалды.
Гастроль барысында жүрген келіссөздер нәтижесінде италиялықтардың «Астана Опера» труппасымен өз сахнасында 2015 жылдың желтоқсанында, Юрий Григоровичтің қойылымындағы жаңажылдық «Жаңғақ шаққыш» спектаклінде қайта қауышатыны белгілі болды. Бұдан бөлек «Карло Феличе» театрының әкімшілігі елордалық труппаның 2016 жылы, қазақстандық хореографтар, ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Тұрсынбек Нұрқалиев пен Ғалия Бөрібаеваның қойылымындағы «Аққу көлі» балетімен келетінін талқылады.
Бес мың жеті жүз шақырым мен италиялық сахнада бес күн қызу жүрген жұмыстар артта қалды. Енді, олар үйде. Балет әртістері ұшақтан туған жерге түсе салысымен, әсерлерін бөлісті.
Ал, біз «Астана Опера» театрының жас балеттік труппасын табысты гастролімен құттықтап, жаңа жетістікке жетер жолда сәттілік тілейміз!
Сурет: Астана Опера баспасөз қызметі