18 қаңтар күні «Астана Опера» театрының Ұлттық Галерея сахнасында меццо-сопрано ханшайымы Елена Образцованың рухына бағышталған концерт өтеді. Бұл туралы «Астана Опера» театрының баспасөз қызметі хабарлады.
«Астана Опера» театрының солисттері - Дина Хамзина, Салтанат Мұратбекова, Гүлжанат Сапақова, Татьяна Вицинская ұлы опера әншісінің репертуарынан туындылар орындайды. Сондай-ақ кештің ажарын сопрано дауысты Салтанат Ахметова мен Айгүл Ниязова ашады.
Концерт «Астана Опера» театрының музыкалық жетекшісі Абзал Мұхитдиновтің бастамасымен ұйымдастырылуда. «Аталған жоба – күні кеше дүниеден озған заманымыздың ұлы әншісі Елена Василийқызы Образцованың рухына бағышталады. Аса көрнекті опера жұлдызы, тамаша ұстаз, КСРО Халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері, Ленин сыйлығының иегері, көңілі сондай ашық-жарқын адамның мезгілсіз қайтыс болуына барлығымыздың қабырғамыз қайысты», - дейді маэстро.
Жақында ресейлік «Үлкен опера» жобасында жеңіске жеткен «Астана Опера» солисті Салтанат Ахметова: «Елена Василийқызы сияқты адамдар – саусақпен санарлық. Оның өзін-өзі ұстай алатындығына үлкен құрметпен қарайсың. Конкурс барысында күн сайын бірнеше сағат бойы отырып, бізді тыңдау өте қиын. Соңғы сәтке дейін ол мазасы болмай тұрғанын қарасымен де, қимылымен де білдірмеген ұлы әртіс болып қала берді. Осындай қасиетті сіңіріп, бойыңа сондай қажырлық жинағың келеді. Ол сайысқа түскендердің барлығына шуағын төкті. Ал конкурсқа қатысушыларды сынаған кезде, тағы махаббаты мен құрметін білдіріп, қолдап отырды», - дейді.
Елена Образцова Астана қаласында бірнеше рет болды. Опера әншілерінің ішінде ол ең әйгілі, ең танымал және сұранысы ең жоғарысы еді. 2013 жылдың қазанында ол «Астана Опера» театрының әлемдік тұсаукесеріне орай өткен гала концертте де шырқаған болатын.
Концертке Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдиновтің жетекшілік етуімен «Астана Опера» театрының Симфониялық оркестрі және хоры қатысады.
Концерт 17.00-де басталады. Кіру тегін.
Сурет: Карла Нур