- Негізгі бет
- Театр
- "Астана Опера" театрында...
"Астана Опера" театрында Барсег Туманянның концерті өтеді
16 қаңтар күні "Астана Операның" камералық залында жетекші солист, Армения Республикасының Халық әртісі, халықаралық байқаулардың лауреаты Барсег Туманянның жеке концерті өтеді. Әлемге әйгілі бас дауысты әнші вокал өнерін сүйетін қазақстандық қауымға түрлі концерттік бағдарлама ұсынады.
"Барсег Туманян шақырады" концерті әлемнің көптеген қалаларының сахнасында жеке концерті өткен әйгілі әртісті барлық қырынан аша алады. Классикалық опера музыкасын бағалаушыларға вокалдық музыканың түрлі жанрлары мен бағыттарынан тұратын туындылардың кең ауқымы паш етіледі.
"Бұл концерт – Г.Ф. Гендель, Ф. Шуберт, В.А. Моцарт, Дж. Верди, С.В. Рахманинов, П.И. Чайковский сияқты әлемдік классиктердің, сондай-ақ бүгінгі америкалық композиторлардың туындыларының жиынтығынан тұратын өзінше бір музыкалық "топтама/шоғыр", - дейді "Астана Опера" театрының жетекші солисті Барсег Туманян.
Барсег Туманян елордалық театр жұмысынан алған әсері туралы: "Бұл менің Қазақстанда алғаш жұмыс істеуім. Бұған дейін әлем елдерінің көптеген әйгілі, соншалықты аты шықпаған театрларында да өнер көрсеттім. "Астана Операның" күш-қуаты мен жұмысқа деген ынтасы зор тамаша жас хоры, ғажап ойнайтын оркестрі бар. Мұнда шығармашылықпен айналысуға жақсы жағдай жасалған. Қазақстандық музыка сүйер қауымға өзімнің бірінші жеке концертімді ұсыну мен үшін үлкен құрмет және жоғары жауапкершілік", - дейді.
Барсег Туманян Ереванда дүниеге келген. 1982 жылы Комитас атындағы Еревандық консерваторияны (профессор А. Карапетянның класы) тәмамдаған. 1982-83 жылдары Миландағы Ла Скала театрында тәжірибеден өткен. Сондай-ақ профессор Е.E. Нестеренконың басшылығымен Мәскеулік консерваторияның аспирантурасын аяқтаған (1985). 1980-13 жылдары аралығында Спендиаров атындағы Еревандық академиялық опера және балет театрының солисті болған. Ол ойнаған көптеген рөлдердің ішінде Ковент-Гардендегі Аттила, Париждегі Мефистофель ("Фауст" Ш. Гуно), Мюнхендегі Борис Годунов, Венада Гамбургтегі Эскамильо, Лондондағы Ковент-Гарденде, Париждің "Бастилия Операсы", Бостондағы Рамфис ("Аида" Дж. Верди), Лос Анджелестегі Филипп II ("Дон Карлос" Дж. Верди) және Метрополитен Операдағы (Нью-Йорк) Ассур("Семирамида" Дж. Россини) бар, сонымен қатар АҚШ пен Австралияның өзге қалаларында өнер көрсетіп, Мефистофель партиясын орындағаны үшін "Үздік ерлер рөлі" аталымының иегері атанған.
Ол 2003 жылы халықаралық рыцарь атағын иеленген. Халықаралық Рыцарлар Одағының мүшесі, Халықаралық ғылым академиясының академигі.
Фортепиано партиясын "Астана Опера" театрының концертмейстері, халықаралық конкурстардың дипломанты Долорес Үмбетәлиева орындайды.
Сондай-ақ, осы күні Венециядағы қазіргі өнердің Биеннале медалінің иегері, суретші Наира Туманянның жұмыстарының көрмесі өтеді. Топтама "Астана" деп аталады.
Концерттің басталуы 19.00-де. Билеттің бағасы 1500 теңге.
Cурет: astanaopera.kz
Ф. Абилова